Аймақта жол-көлік оқиғаларының саны 62 %-ға өскен
Бұл туралы Қарағанды облысының полиция департаменті мәдімдеді. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдықты шектен тыс асырып, қарсы жолаққа шығып кету салдарынан орын алған.
– Кейбір себептерге аударылып кету, кедергілермен соқтығысу және қарсы қозғалысқа шығып кету жатады. Бізде осындай 33 оқиға болды, 19 адам қаза тауып, 58 адам жарақат алды. Кедергілермен 11 соқтығыс болып, 7 адам қаза тауып, 12 адам жарақат алды. Сонымен қатар, зардаптардың ауыртпалығымен жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Республикалық маңызы бар тас жолдарда 50 адам қаза тауып, 136 адам жарақат алды, – деді Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Республикалық маңызы бар жолдарда болған 65 оқиғаның 49-ы Алматы-Екатеринбург тас жолында орын алып, 43 адам қаза тапқан. Апатты азайту үшін мамыр айынан бастап жол полициясы жасақтарының саны ұлғайтылды. 7 айда 110 700 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Сондай-ақ, полицейлер биылғы жылы «Қарағанды-Балқаш» республикалық тас жолының толықтай пайдалануға берілуі керектігін атап өтті.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.