Аймақта есірткіге қатысты 7 мыңнан астам жарнамалық сайт анықталды
Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың төрағалығымен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күрестің нәтижелері мен жаңа шаралары талқыланды.
Қарағанды облысы прокуратурасының мәліметінше облыс прокуратурасы есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасын жүзеге асыру барысында есірткіге қатысты ақпараты бар 7 мыңнан астам жарнамалық сайттар анықталып, бұғатталған. Көшедегі жарнама белгілері мен граффитилерді бояу шаралары қабылданып, дәрілік заттардың жарнамасын орналастыру бойынша 55 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, жастарды ақпараттандыру және профилактикалық жұмыстарға тарту үшін прокуратура студенттерге сот отырыстарын онлайн трансляциялауды ұйымдастырған.
Отырыс қорытындысы бойынша есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту және нашақорлықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар бекітілді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.