Аймақ басшысы Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен онлайн-кездесу өткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қолда бар бос жұмыс орындары туралы айтып, басым салаларды атап өтті, – деп хабарлайды ortalyq.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біз Қарағанды облысына білімді және әлеуетті қызметкерлерді тартуға мүдделіміз. Сіздердің әрқайсыларыңыз еліміздің игілігі үшін адал еңбек ете алатындарыңызға сенімдімін. Біздің өңірде жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тікелей тәуелді бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылуда. Біз 18 жасқа дейінгі балалардың автобустарда тегін жол жүруін іске асырдық, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз, өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін мамандарды мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша дайындаймыз. Мұның бәрі облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Онлайн-отырысқа 50-ге жуық резервшілер қатысты. Олар кездесудің ақпараттылығы мен пайдалылығын атап өтіп, кадр саясаты мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар айтты.
Кездесуді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының бастамасымен әр өңірде талантты жастар арасынан жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған өңірлік кадрлық резервтерге алғаш рет іріктеу жүргізілді.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.