Ресми

Айдос БӘДЕЛҰЛЫ: Сайлау жүйесінде сең қозғалғаны рас

Мемлекет басшысы «Жаңару мен жаңғыру жолы» атты былтырғы Жолдауында «Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты», – деген еді. Оның бірі – сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер. Биыл Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы сол өзгерістер негізінде өткелі отыр. Осы орайда, біз саясаттанушы Айдос Бәделұлынан биылғы саяси науқанның ерекшеліктері жайлы сұраған едік…

– Қазір Мәжіліс пен мәслихат сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр, бұрынғы жылдарға қарағанда кандидат саны әлдеқайда көп. Маман ретінде бұл үрдістен нені аңғарасыз?

– Иә, осы жолғы Мәжіліс сайлауының қарқыны бұрынғыдан өзгеше екені байқалады. Салыстырмалы түрде қоғамның саясатқа қызығушылығы да басым. Бұған өз кезегінде Президенттің саяси бастамасы, Парламенттің ұстанымы әсер етті деуге негіз бар. Сондықтан, бұл өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Парламент пәрменді болған кезде мемлекеттік саясатта тұғырлы әрі батыл шешімдер қабылданады. Парламент ұжымдық басқарудың тетігі болғандықтан, одан көптеген батыл ұсыныстар, көзқарастар, идеологиялық ұстанымдар анық көрініп тұрады. Парламентаризм дамыған мемлекеттерде қандай саяси пікірталастар болатынын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Мысалы, Ұлыбританияда, Еуропаның көп мемлекеттерінде, АҚШ-та ашық айқас, табанды тартыс болып жатады.

Бұл сайлауға қызығушылықтың артуына әрі кандидаттардың көп болуына бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша өтетіні едәуір әсер етіп отыр. Ал, партиялық тізімде пәлендей өзгеріс жоқ. Әр партия бұрынғыдай тізім бойынша өздерінің сайлау кампанияларын жүргізіп жатыр. Олардың саяси-қаржылық ресурстары да әрқилы.

Ал, бірмандатты аумақтық сайлау округтеріне байланысты халық тарапынан аракідік шағым айтылып жатыр. Яғни, бірмандатты орынға өзін ұсынған партия мүшелері бар деген деректер бар. Мұндай деректің ашық айтылуы және дер кезінде шағым жасалуы сайлауалды науқанның қызу өтіп жатқанын, адамдардың саяси белсенділігінің арта бастағанын аңғартады. Жалпы, саяси дамудың өзі осындайдан басталады. Әрине, әділетсіздіктерге жол беріледі, бұрыс саяси шешімдер қабылданып жатады. Дегенмен, қызу тартыс пен бәсекенің түбі жақсы болады. Қазақша айтқанда, сең қозғалды. Алдыңғы сайлауларға қарағанда, жақсылық бар. Келесі сайлауда да демократиялық тетіктерге кеңірек жол беруіміз керек деп ойлаймын. Ол – Президент пен сайлау нәтижесінде құрылатын Мәжіліс депутаттарының қолында.

 

– Президент, сонымен қатар, «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», – деген еді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қатар келген соң, бар салмақты Мәжіліс сайлауына беріп, мәслихат сайлауы тасада қалып қоятын секілді. Жалпы жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау өңірдің дамуына қаншалықты әсер етеді?

– Иә, әрине жергілікті өңірлік органдардың саяси маңызы демократиялық елдерде өзгеше. Оларда жергілікті билік демократиялық институт ретінде өңірдегі проблемаларды жан-жақты талқылап, қоғамның тыңдауын ескере отырып, мәселені дербес шеше алады. Сондықтан, жергілікті өкілетті орган өкілдерін сайлау мәселесі біз үшін де өте маңызды болуы керек. Мәслихат сайлауы Мәжіліс сайлауымен қатар келгендіктен, тасада қалып жатыр. Менің ойымша, алдағы уақытта мәслихат сайлауын жеке өткізген жөн болар еді. Жеке өтсе, жергілікті халықтың да саяси сауаты артып, сайлауға кезекті науқан ретінде емес, халық билігіне жол ашатын мүмкіндік ретінде қарай бастайды. Қазір, шыны керек, таңдау көп, ауыл мен аудан тұрғындары бес бюллетень алатыны ресми түрде айтылды. Мұндайда, халық көп нәрсені түсінбей, әйтеуір дауыс беру парыз деп, еш ұстанымсыз дауыс бере салуы мүмкін. Әрине, ол үшін бәсекелі ашық сайлауға мүмкіндік беріп отыру керек. Мәслихатқа жергілікті маңызды орган ретінде көп мүмкіншілік берілсе, оған сайланатын адамдарды халық ешкімнің нұсқауынсыз өзі сайласа, әр аймақтағы қордаланған мәселелер шешілер еді. Сол себепті Мемлекет басшысының бұл сөзін атқарушы билік, жергілікті органдар жүзеге асыруға жұмыла кіріседі деген ойдамын.

 

– Қазіргі сайлау науқанында байқаушы болуға ынталы адамдардың көбейгені байқалады. Бұл ненің нышаны, қарапайым халық сайлау жөнінде қандай маңызды нәрсені білуі керек және дауыс беру барысында нені жіті назарға алуы керек?

– Байқаушылар – о бастан сайлау науқанындағы маңызды институт. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауында «Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады», – деп қадап айтты. Демократияның басты институты осы – бақылаушылар. Өйткені ол – сайлауды сырттан бақылап, қадағалап, кемшілігін көріп тұратын бірден-бір тетік. Мұнда қоғамдық бақылаушылардың маңызы зор. Олар мемлекеттен я болмаса саяси партиядан дербес жұмыс істейтіндіктен, олардың жұмысы заңмен реттелсе, демократияға жасалған қадам болар еді. Елімізде өткен осы уақытқа дейінгі сайлаулардағы қоғамдық бақылаушылардың пікірлеріне сүйенсек, олар кемшіліктерді тауып, деректерді жазып, ұсыныстар айтқанымен ол ұсыныстар мен ескертпелер құжат ретінде тіркеліп қана қояды екен. Заң бұзған сайлау учаскесінің өкіліне еш шара қолданылмай келеді екен.

Биылғы сайлауда бақылаушы болуға бел буып отырған азаматтар бұрынғыдан әлдеқайда көп. Тиісінше, сайлау комиссиясы оларға құлақ асады деген ойдамыз. Бақылаушылардың көп болуына да сайлау жүйесіне мажоритарлы тәртіптің енуі себеп. Яғни, өзін-өзі ұсынған адамдарға берілген дауыстың әділ саналуын байқап, әділетсіздікке жол бермеу ниетінен туындап отыр.

Еліміздің тұрғындары бұл саяси науқанға бейжай қарамай, дербес шешім қабылдап, тек өзі жөн деп тапқан адамға я партияға дауыс берсе екен деген тілек бар. Демократия жоғарыдан емес, төменнен басталады деген сөзді ескерсек, қоғамды ілгерілету – әр адамның қолында.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button