БайқауБас тақырып

“Айбын” жалауы желбіреді

Аймақ жасөспірімдері VII Республикалық әскери патриоттық «Айбын» жастар жиынының ашылу салтанатына қатысты. Іс-шара пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан онлайн форматта өтуде. 6 қазан мен 29 қараша аралығында өтетін байқауда облыс атынан 14 жасқа дейінгі 45 жас ұлан бақ сынамақ.

Қорғаныс министрлігі 2015 жылдан бастап жыл сайын «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізіп келеді. Мәселен, 2019 жылы жиынның ашылуына Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірге «Ұлы Дала жас сарбазы – 2050» уақыт капсуласын орнатты. Ал, былтыр жиын алғаш рет онлайн форматта өтіп, 17 команда ішінен V орынды иеленген еді.

– Қатысушылар спорттық, сонымен қатар, тоғызқұмалақ сынды логикалық ойын түрлерінен бақтарын сынайды. Былтыр аталмыш байқауға Абай ауданы, Южный ауылынан «Арлан» әскери-патриоттық клубы қатысқан болатын. Биыл командалардың саны артты. Бұған дейін әскери-патриоттық клубтар арасында облыстық іріктеу турнирін ұйымдастырған едік. Нәтижесінде, оза шапқандар осы байқауға жолдама алды. Былтырғы көрсеткішіміз – жаман емес. Биыл одан да жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын. Әрине, іс-шараның бәрі онлайн өткізілетіндіктен, қатысушыларға оңай соқпайтыны анық. Бірақ, біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Мұхтар Қайшатаев.

Ашылу салтанатына Қарағанды қаласының әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов қатысты. Балқаштық «Жас сарбаз» командасының мүшесі Аяулым Таңатова:

«Бұған дейін түрлі интелектуалдық ойындарға мектеп қабырғасында дайындалдық. Бүгін үлкен байқауда бақ сынағалы тұрмыз. Мақсат – айқын. Қанжығамызға жүлде байлап қайтуға мүмкіндігіміз жоғары», – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button