Агроөнеркәсіпті қолдау – дамуға бастау

61-ші қадам.

ЕТ ӨНДІРІСІ МЕН ӨҢДЕУДІ

ДАМЫТУ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ

ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТАРТУ. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және

өңделген өнімдерді экспорттау

 

     Сейсенбі күні облыс әкімдігінде Агрөнеркәсіп кешеніне субсидия қаржыларын бөлу бойынша комиссияның отырысы өтті. Мұнда үстіміздегі жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан субсидия алуға қатысты түскен өтініштер қаралды.

Комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов төрағалық етті. Аймақтағы аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, қаржылық институттар, несиелік серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшылары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысып отырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сағынжан Апақашев субсидия алу бойынша тіркелген өтініштер тізімін комиссия назарына ұсынды.

Биыл «Несиенің сыйақы мөлшер­лемесін субсидиялау және технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне об­­лыстық бюджеттер, Астана мен Алматы қалаларының бюджетіне мақ­сатты ағымдағы трансферттер» бағдарламасы арқылы Қарағанды облысына жалпы сомасы 869,9 млн. теңге бөлінуде. Комиссияда 20 ақ­панға дейін субсидия алуға ниет білдірген тұлғалардың өтініштері қаралды.

Осы күнге дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы құрамында 494 қарыз алушы бар 13 қаржылық институттан өтініш қабылдап үлгерген.

Бұлардың қатарында «Аграрлық Несиелік Корпорация» АҚ, «Қаз­АгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Цесна Банк» АҚ, «Ағадыр» НС ЖШС, «Жаңаарқа» НС ЖШС, «Қаржыгер» НС ЖШС, «Қарқаралы» НС ЖШС, «Нұра Астық» НС ЖШС, «Сарыбел» НС ЖШС, «Ұлар» НС ЖШС, «Шет Көмек» НС ЖШС, «Бейбарыс» НС ЖШС бар. Институттар тарапынан сұралған субсидия көлемі 406,1 млн. теңгені құрады.

Отырыста «Цесна Банк» АҚ Теміртау филиалы «РЕН-Милк» ЖШС-не берілген несиені субсидия­лау мақсатымен таныстырды. Былтыр аталған сүт фабрикасы банктен айналым көлемін толықтыру мақсатында несие алған екен. Яғни, бұл қаржыға 1,6 мың тонна шикі сүт, 180 тонна құрғақ сүт, 89 тонна өнім қапшығы және 55 тонна жанар-жағармай сатып алынған. Фабрика өкілі несиенің жәрдемі молынан болғанын айтты. Өз кезегінде комиссия мүшелері несиені субсидиялауға бірауыздан келісім берді.

Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы «Бейбарыс» несиелік серіктестігі аудандағы «Бектас» және «Әлихан» шаруа қожалықтарының несиелерін субсидиялауды ұсынды.

«Бектас» қожалығы жеңілдетілген несиемен 8,5 млн. теңгеге 45 сиыр мен 1 асыл тұқымды бұқа сатып алыпты. Ал, «Әлихан» шаруашылығы жалпы сомасы 19 млн. теңгеге 61 бас бие мен 5 асыл тұқымды айғыр алған.

Бүгінде қос шаруашылық та осы малдың арқасында фермерліктердің өндірістік қуатын арттыруда. Несиелердің тиімді бағыттарда жұмсалғанын ескерген комиссия мүшелері «Бейбарыс» несиелік серіктестігінің ұсынысын қанағаттандырды.

Комиссия отырысында барлық өтініштер қаралып, мүшелер тарапынан қолдау тапты. Жиынды қорытындылай келе Шагурашид Қалиұлы саладағы барлық мамандарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, жергілікті атқарушы билік органдарына қызметті ширата түсуді тапсырды.

– Ауыл шаруашылығын өркендету – Елбасы алға қойып отырған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер агро­өнеркәсіп кешенін дамыту жолында белсене еңбек етіп, қағазбастылық­тан арылып, ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерге дер кезінде қолдау көрсетуге тырысуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.