Басты тақырыпРуханият

«Адырна» Арқаға жеттi

  Кеше «Адырнасы шайы жібек оққа кірісті» Қазтуғанның қайрылмай кеткен Еділінен, «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» Махамбеттің Жайығынан, қайткен күнде ұлан-ғайыр қазақ атырабының Батыс өлкесінен Алаштың азаттығын тілеп бір Адырна ақсұр жебесін жаһанға жалындырып тартар күнді күтіп жүрер едік. Мынау – сол адырна. Әр жебесі жеке-жеке жанрды қамтыған мазмұнды қорамсақ. Мағынаға бай – «Адырна» журналы. Бас редакторы – белгілі ақын Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзі құрылтайшы болып, құлық танытқан сол «Адырна» республикалық әдеби журналы Арқаға да жетті.

Әзірге журнал 2000 данамен, 240 бет болып жарық көрген. Алғашқы нөмірде Дулат Исабеков­тің сұхбаты, Серік Ақсұңқарұлы, Ертай Ашықбаев, Әділ Ботпанов, Жанна Елеусіз сынды белгілі ақын­дардың өлеңдері, Светқали Нұржанның «Хан кегі» атты по­э­масынан үзінді, Құдияр Біләл мен Аягүл Мантайдың әңгімелері, Таласбек Әсемқұловтың, Мақсат Тәж-Мұраттың, Жұбаназар Асанов­тың, Бауыржан Бабажанұлының мақалалары енген. Сонымен бірге, Андрей Вознесенский мен Хуан Рамон Хименестің аударма өлеңдері жарияланды.

Әдеби көркем, көпшілік журналын ашқан бетте бас редактордың бағанынан мына бір сөздерді көзіміз шалды:

«Үзіліп адырнасы тұр сада­ғым…» депті Мұқағали бір налығанда. Ұлттық рухтың садағы да сол халде шығар деген оймен, жұртқа, әсіресе, жас, есті кісілерге, жаңа, өршіл әдебиетке серпін берер деген жасқаншақ үмітпен журналды «Адырна» деп атадық.

Жаңа басылымға жазылып, жанымызды жауһармен жасантайық, мәртебелі оқырман!

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button