Қадір түнін құрметпен өткізейік, қадірлі ағайын!

     Пайғамбарымызға өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих (жақсы) амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойланған кезінде, Алла та’ала Оған мың айдан қадірлі болған Қадір түнін тарту етті. Алла та’ала «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп, ардақты елшіміздің көңілін жайландырды.

Нығметке толы Қадір түні маусым айының 21-нен 22-не қараған кеште болады.

Оның ізін ала мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен.

Ханафия мазхабының ғұламалары «Кәусар» сүресіндегі «Фасалли ли Раббикені…» (Сондықтан, айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай, біздің мазхабымызда Ораза айтының намазын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде мешіттерде оқылады. Ораза айты – отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осы илаһи жаңа леппен қауышуына орай, Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.

Мұхаммед (с.а.у-ның) үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауыр­малдығын күшейте түседі. Олай болса, отыз күнгі оразамен халқымыз тақуалыққа бой ұрып, тектілік тұғырына көтерілсін! Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша

өкіл имамы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.