Жаңалықтар

Адалдығымен – абыройлы

«Өмірлік ұстанымым – мемлекетке, халыққа қызмет ету. Сондықтан, бар еңбек жолымды прокуратура саласына арнадым», – дейді Қарағанды облысы прокурорының мемлекеттік құпиялар және құпиялық режимін қамтамасыз ету тобындағы аға көмекшісі Әлқайдар АСҚАРОВ. Иә, әділдікті ту еткен азамат отыз жылға жуық уақыт бойы облыс прокуратурасының құрамында.

Негізінен, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосушы прокуратура органдары заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, әділеттің салтанат құруына жұмылған. Мұндағы басты мақсат – азаматтардың құқығын қорғау, халықтың сенімін ақтау.
Қарағанды облысының прокуратурасы да – осы үдеден шығып келе жатқан бірден-бір құзырлы орган. Облыс прокуроры Марат Сексембаевтың басшылығымен Президент тапсырмаларын орындау, әлеуметтің әлеуетін арттыру жолындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған.
Әлқайдар Тұрайкенұлы да осындай игі шаралардың басы-қасынан табылады. Заңдылық болар. Себебі, Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған бетте-ақ бірден облыстың прокуратурасына қызметке орналасқан. Содан екі жыл бойы бұрынғы Егіндібұлақ аудандық прокуратурасының тәлімгері, тергеушісі болды. Жас маман ретінде шыңдалудың жолынан өтті. Мамандыққа адалдығы, ұйымдастырушылық қабілеті – өзін оң қырынан танытты. «Тамырымыз – ауыл ғой. Қаламен салыстырғанда, ауылдық елді мекенде қызмет атқару сол кездегі мен сияқты жас маманға күрделі соққан жоқ. Халқымен тіл табысып кеттім», – дейді кейіпкеріміз. Осы тұста Әлқайдар Тұрайкенұлы ауылға деген сағынышымен де бөлісті. «Қарашоқы деген бөлімшенің қарасирақ баласы едік. Бір кіндіктен – сегізбіз. Білім іздеп, қалаға ерте кетсек те ауылмен байланысымыз еш үзілген емес. Тіпті, әскерден келген соң туған ауылыма барып, көмекші шопан болдым. «Т-40» тракторын тізгіндеп, шөп те шаптық», – дейді жастық шағына көз жүгірткен Әлқайдар Тұрайкенұлы. Бұрынғы «рабфактың» қатарында жүріп, Қарағандыдағы ғимараттардың құрылысына атсалысқаны да бар.
Ол 6 сыныптан бастап Қарағандыдағы №3 мектеп-интернатында тәлім алған. Еркін күреспен шұғылданып, бозкілемде жаттыққан. «Советский спорт» газетінің қиындыларынан альбом жасағандары да – балалықтың шуақты сәттері болса керек.
Кейін туған ауылындағы білім ошағына оралып, қарашаңырақтан қанат қаққан соң, Отан алдындағы қасиетті борышын атқаруға жол тартқан. Солтүстік әскери топтың Поляк Халық Республикасына.
Заң саласының тәжірибелі маманы Саран қалалық прокурорының орынбасары, Шет ауданы, Шахтинск және Балқаш қалаларының прокуроры сияқты аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Өзінің айтуынша, әр өңір халқының психологиясын ұғыну керек. «Сонда ғана жұмыстың жемісін көресің. Әрине, әрбір шешімді қабылдау барысында біліміңе, тәжірибеңе жүгінесің. Заң қағидаттарын қатаң ұстану қажет», – дейді Әлқайдар Тұрайкенұлы. Ол қай өңірдегі прокуратура органына басшылық жасаса да, ұжыммен тіл табысуды, қызметкерлердің жұмыс жүргізуіне қолайлы жағдай жасауды алға қойған. Мәселен, Шет аудандық прокуратура ғимаратына жөндеу жүргізсе, Балқаш қалалық прокуратурасын жаңа ғимаратқа көшіру ісінде Әлқайдар Тұрайкенұлының елеулі еңбегі бар. Халық жақсы білер.
Полковник өмірін прокуратура саласына арнаған ардагер буынға да құрметпен қарайды. Абай ауданында – Шадрин, бұрынғы Тельман ауданында Д.Динамид сияқты білікті тергеушілер болғанын айтады. «Сондай-ақ, қызметін тергеуші болып бастаған Мұхаметкәрім Бектұрсынов, Әзімжан Қосанов, Сәрсенбай Жаппаров сияқты азаматтардың сыйы бөлек», – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі.
Жалпы, Әлқайдар Тұрайкенұлының өмірін құқық қорғау саласынан бөліп-жарып қарауға болмайтын сияқты. Прокуратура органдарынан өзге қызметке табан аудармағаны – сөзімізге дәлел. Бұған қоса, өмірлік жары Рымбала Жаркешқызымен де осы қызметке келгенде танысқан. Рымбала Жаркешқызы да облыстық прокуратурада көп жылдар бойы абыроймен қызмет атқарған. Соңдарынан ерген ұлдарының үлкені де осы саланың ыстық-суығын татып көруге бекінген. Әке салған соқпақпен…
«Әр мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Бастысы, өз ісіңе адал болсаң, абыройлысың», – дейді Әлқайдар Тұрайкенұлы.
P.S. Кеше Әлқайдар АСҚАРОВ прокуратура органдарының құрметті қызметкері атанды.

Қуаныш Аманқұлов.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button