Жаңалықтар

Адалдық алға бастырады

    Жұма күні Назарбаев университетінің ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жоғары оқу орындары арасында «Академиялық адалдық рухани жаңғыру контексінде» атты телекөпір өткізді.

Шараға қатысушылар қатарында аталған агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, Назарбаев университетінің Провосты, зерттеуші-инженер, профессор Адесида Илеснами, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов, ҚазМЗУ университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев болды, Назарбаев университетінің Академиялық істер жөніндегі вице-провосты, доктор Лоретта О’Доннелл, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зәуреш Батталова болды.

Бұл телекөпірді қарағандылық жастар жоғары оқу орындардың қабырғасында көріп-білді. Біз болсақ, шараға Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде отырып қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Телекөпірді білім ордасында қарағандыдан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Жандос Сәрсенов, осы университет ректоры Ерқара Аймағамбетов, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтық жобалау кеңселерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қарағандылық жоғары оқу орындардың профессорлық-педагогикалық құрамының өкілдері, студенттері тамашалады.

Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдай ма? Жасыратын несі бар, кейбір білім ордаларында «көз қысты, бармақ бастымен» студенттердің сынақ кітапшалары «төрт пен беске» толып келеді. Ал, расында сол жастардың барлығы мұндай бағалауға лайық па? Күн демей, түн демей кітап кеміріп, университет кітапханаларында көз майын тауысып отырған шәкірттер – саусақпен санарлық. Бұл – білім нәрін сепкен ұстаздардың салғырттығынан деген ойдан аулақпыз. Ол – бірінші кезекте тәлім алуға құлықсыз жастардың немқұрайлығы. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп үйренген мұндай болашақ мамандар ел ертеңіне сүбелі үлес қосуы екіталай. Ал, бозбала мен бойжеткен жасынан пара беріп, діттеген мақсатына қиналмай жетуге дағдыланған студенттердің әлгі жоғары оқу орнынан түлеп ұшқаннан кейін де көксейтіні сол болмақ. Дана халқымыз «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаса керек-ті. Бұл ретте, қайтпек керек? Ең алдымен,  оқытушы һәм жастар санасына жемқорлықтың қаншалықты зиянды екенін сіңіру пайымды болар. Жемқорлыққа жұрт болып қарсы тұрмасақ, оның несі күрес? Болашақ ел тізгінін ұстайтын да сол жастарымыз емес пе? Оларға ата-анасынан бастап, күллі туған-туысы, дос-жарандары, қалаберді, барлық отандастары сенім артып келеді. Сенімге селкеу түсірмеу, аманатқа қиянат жасамау – ең басты парыз. Аталған телекөпірдің де көксегені – осы.

– Қайырлы күн, қадірлі ханымдар мен мырзалар, оқытушылар, студенттер! Ең алдымен, осы телекөпірді ұйымдастыруда белсенділік танытқан Назарбаев университетінің басшылығына, профессорлық-педагогикалық құрамына, студенттерге, сондай-ақ, арнайы ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарына, дипломатиялық өкілдерге алғысымды білдіремін. Қазақстан қазіргі таңда жемқорлықсыз, таза, заманауи мемлекет құруда. Оның негізгі басымдылықтары – ақшықтық және транспаренттік, яғни, қоғам алдында есеп берушілік қалыптасқандығы. Екінші басымдығы – кәсіби, автономды және экономикалық мотивацияланған мемлекеттік аппарат орнату ниеті. Үшіншісі – жоғары деңгейде заң үстемдігін қамтамасыз ету және осы кейінгі кезде көп айтылып жүрген халықтың құқықтық сана-сезімін арттыру, азаматтардың ойлау мәдениетін жоғарылату. Ал, мемлекетіміздің және біздің агенттік алдында тұрған ең күрделі мәселе – сыбайлас жемқорлықты жеңу мен халықаралық ынтымақтастықты орнату. Бұл мақсаттарға қол жеткізуімізге сеп болған ең басты фактор – Елбасымыз ұстанған сарабдал саясат пен азаматтық қоғамның танытып жатқан белсенділігі. Кейінгі үш жыл аралығында 60-тан аса заң қабылданды. Бұл қабылданған заңдар сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімділігін арттырды деп сеніммен айтуға болады, – деді  Алик Шпекбаев.

Сөйтіп, телекөпірде жоғары оқу орындарында білім берудегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы бірақатар жобалар тілге тиек етілді. Оның ішінде, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Тәрбие және Білім» жөнінде сөз болды. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен әдістер жастарға түсіндірілді.

Шара соңында сұрақ-жауап жүргізілді. Сондай-ақ, телекөпір жұмысы аясында Назарбаев университетінде «Абыройлы ұстаз» эстафетасы бастау алды. Шара қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары өкілдері бұл эстафетаны қолдап, игі бастама ел көлемінде жалғасын табатын болды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button