Жаңалықтар

Адал еңбекпен – абырой биігіне

    Жуырда Қарағанды қаласы Құрметті азаматтарының қатары толықты. Мұндай атақтар ардагер кенші, танымал қоғам қайраткері Дулат АҚҚОШҚАРОВҚА және Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының басшысы, полиция генерал-майоры Жан КЕНЖЕТАЕВҚА берілді.

Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағын тағайындау мәселесі қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясында қарастырылған. Ұсынылған кандидатураларды депутаттар бірауыздан қолдаған.

Ережеге сай, қазіргі таңда «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағын тағайындау ҚР Конституциясы күні және ҚР Тәуелсіздігі күні сияқты мемлекеттік мерекелерге орайластырылады. Осы уақытқа дейін бұл атаққа 100-ден астам қарағандылық ие болған.

– Қалалық комиссия ұсынылған кандидатураларды мұқият қарап, нәтижесінде, алқалық ұсыныс шығарды. Бұл адамдар қаланың дамуына үлес қосты, олардың еңбектері зор, – деп атап өтті қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Дулат Аққошқаровтың кандидатурасын «Қорғау» көмір саласының кеншілер кәсіподағы ұсынса, Жан Кенжетаевты Қарағанды облысының ІІД ұсынған.

Қалалық мәслихат шешімінде: «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін және азаматтығын қалыптастырғаны үшін Дулат Әмірханұлы Аққошқаровқа заңдылық және тәртіп сақтау бойынша жұмыстарға орасан үлес қосқаны үшін, сондай-ақ, білім сапасын жоғарылатқаны және жетілдіргені үшін Жан Табылдыұлы Кенжетаевқа тағайындалсын»,  деп жазылған.

Дулат Аққошқаров 1938 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы «Карагандауголь» ӨБ Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы шахтада еңбек еткен. Жылдам тау-кен үңгілеу бригадасын құрған. Еңбек ардагері, «Кенші даңқы» медалінің толық кавалері, құрметті кенші. Регрессшілердің құқығы үшін күрескен қоғамдық топты құру бастамашыларының бірі. Түрлі грамоталармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Жан Кенжетаев 1957 жылы дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін тәмамдаған. Ішкі істер органдарында қылмыстық тергеу инспекторынан бас­тап, басқарушы қызметтерге дейін көтерілген. ҚР Қаржы полициясы агенттігі Төрағасының орынбасары болған. Қаржы полициясы академиясын, ҚР ІІМ Алматы академиясын басқарған.

Полиция генерал-майоры, ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, Құрметті заңгер, Құрметті білім қызметкері, Қазақстан ұлттық жа­ратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Даңқ» орденінің кавалері, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Өз тілшімізден.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button