«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Адал еңбек – ырыс бұлағы

Қазір «кәсіп ашам» десең, еш кедергі жоқ. Керісінше, қолдау мол. Мемлекет тарапынан түрлі деңгейдегі қайтарымсыз гранттар бөлініп, иелеріне табысталуда. Жас болсын, кәрі болсын, осындай мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп жатыр. «Бұдан үкіметке не пайда?» деуіңіз мүмкін. Пайда көп. Біріншіден, кәсіп ашқан жан отбасын асырайды, жақындарына жұмыс береді және қазынаға салық төлейді. Бұдан бөлек, бала-шағасын еңбекке баулиды, олардың болашағына инвестиция құюға мүмкіндік алады. Кейіпкеріміз Айнұр ТАҒЫБАЕВА да осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашқан.

Осы кәсібінің арқасында бүгінде нәпақасын айырып, ешкімге қол жаймай отбасын асырап отыр. Табыстың көзін тапқан ол болашақта бірнеше адамды жұмыспен қамтуды және табысын бірнеше есеге көбейтуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін ғаламтордан қарап, тырнақ пен кірпікті жасауды үйрендім. Таныстарым мен жақындарыма істеп беріп, қолақымды алып жүрдім. Осылай ақырындап, табыстың дәмін тата бастадым. 2-3 жылдан соң табысымды арттыруды ойладым. Басында кәсіп ашу туралы онлайн сабақтарға қатыстым. Бірінші рет болған соң өте қобалжитынмын. Нәтижесінің жақсы екенін көргенде қатты қуандым. Маған жай-жай есіктер ашыла бастады. Білімім – орта арнаулы. Жайлап тапсырыстар қабылдап, елдің алғысын алудамын. Свитшот, худи және спорттық киімдер тігемін. Осы тігіншілікке икемім бар. Сондықтан, бар құжатымды рәсімдеп, мемлекеттен 583 400 теңге көлеміндегі грант алдым. Ол ақшаға тігіншілікке қажетті құрал-жабдық сатып алдым да бизнес-идеямды жүзеге асыра бастадым. Атап айтсам, тігін машинасы, үлкен үстел, оверлок, киім үтіктеуге арналған құрылғы, парогенератор және басқа қажетті дүниелер алдым. Ғаламтор ақтарудан бастаған табыс табуға деген талпыныс осындай шағын кәсіпкерлікке алып келді. Құдайға шүкір! Осындай мүмкіндік жасап, елдің қамын ойлап отырған үкіметке шексіз алғыс айтамын, – дейді Айнұр Тағыбаева.

Кейде сауда үйлеріне барғанда шағын тігін цехының алдында шалбардың балағын қысқартуға немесе басқа да киімдерін тіккізуге келген елдің қарасы қалың екенін көреміз. Ал, кейде адам аз болады. Дегенмен, жылы әрі таза жерде отырып, осындай адал еңбек еткенге не жетсін!? Мүмкіндік бар, ынта-жігер, талап болса, «Адал еңбек – ырыс бұлағы» екені ақиқат

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button