Руханият

«Адал болсаң, аштан өлесің…»

Атау кере – адамның өмірден өтеріндегі соңғы сусыны. Ал, өлшеп берілген өмірді қалай сүру өз қолыңда. Өкінбестей жақсылыққа толы ғұмыр кешсең, соңғы сусының да балдай болары һақ. Әйтпеген күнде керісінше… Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесінің негізгі идеясы осыған саяды. Дәл осы шығарма Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында сахналанды. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан. Композиторы – Серікжан Айтқалиев, қоюшы-суретші – Құралай Кагенова, жарнама дизайнері – Ұлпан Жолтай.

Сурет:автордан

Ерік ролін – Бауыржан Нұрмағанбетов, Тағанды – Айдос Нұрмағамбетов, Нюра апайды – Нұржібек Жансүгірова, Айна бейнесін – Әнелі Сағындықова, Бекзатты – Дина Заитова, ұста шал ролін – Қайрат Кемалов, Марфа кәсіпкер – Динара Айғазинова, Захарды – Мадияр Қойшығарин сомдады.

Қойылым бісмілләсінан-ақ, тартымды басталды. Десе де, біраз уақытқа дейін спектакльдегі ой арнасына түсе алмадық. Ерік пен Бекзаттың арасындағы жақын қарым-қатынас та аса таң қалдырмады. Бірақ, сахнаға Таған шыққанда жүрек солқ ете қалды. Өйткені, Еріктің жағымсыз бейнесін көргенде іштей аңқылдақ Тағанды іздедік. Иә. Дұрыс түсіндіңіз. Ерік – өзінен басқаны ойламайтын дүниеқоңыз. Дүние күйіп жатса да, пысқырмайды. Аңшы, омарташы. Балдың қоспасынан жасырын ішімдік жасап сатады. Ал, Таған – талант. Тектінің тұяғы. Дарынды ғалым. Ерік сияқты тасжүректердің кесірінен ащы суды жанына серік еткен…

Бекзат – Еріктің көңілдесі. Тағанды Бекзаттың үйінің маңынан көріп, қызғанады. Өз сыныптасын әзер таниды. Және осы әлсіз күйін пайдаланып, ішімдік беріп, жұмысқа жегеді.

Еріктің анасы Нюра жақсы адам. Тағанның әке-шешесін біледі. Шарапатын көрген. Тағанға ішімдігін қойғызып, адам қатарына қосады. Тектілігін біледі, өйткені. Жақсылығын қайтарады. Еріктің жары да асыл жан. Соңында ол Тағанды ұнатып қалады. Ішсе де, бойында бір адалдықтың барын сезеді.

Ерік шетелдік аралармен елдің арасын будандастырып, соңында сол будан аралар анасын шағып өлтіреді. Өз бойындағы зұлымдық бал араларынан бір-ақ шықты. Бірақ, олар адамдар сияқты бір-біріне қастық қылмайды екен.

Сонша жиған дәулеті бұйырмай өзі өсірген араның уынан өлген анасының өлімін көтере алмай, Ерік өзіне қол салады.

– Ерікті тіптен жаман адам деуге болмайды. Оның да жүрегінде өз қыжылы бар. Бойындағы асау мінезін құрықтай алмай әлсіздік танытқаны болмаса, еңбекқор жігіт. Екінші жағынан қойылымды Еріксіз елестетіп көріңіз. Бұл – өмір заңы. Қараңғыны жарықтың жоқ кезі десек те, Еріктің өз ақиқаты, өмірде ұстанатын өз шындығы бар. Ерік жауыз болса, Таған ішімдікке әуес. Сондықтан, әр адам өмірде Еріктің де емес, Тағанның да емес, өз жолын тапса екен, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Ал, таудағы қария бала сүйе алмаған соң, балалар үйінен бір ұл, бір қыз асырап алып, екеуін қоспақшы болады. Таған мұны естіп, өмірден түңіле түседі. «Неге осы біз?..» деген сұрақ арқылы көрерменге қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлап жеткізіп отырады.

Жауыз Еріктің жасынан бірге өскен досы Тағанды енді адам бола бастағанда қайта ішкізіп жіберуі өмірдің ащы шындығын көрсетті. Ал, алдап ішкізіп, соңында соққыға жығып, «сен шіріген жұмыртқасың, ешкімге керегің жоқ» деп үстіне түкіріп кетуі – тіпті, ауыр. Адалдық пен арамдық көз алдымызда арпалысып жатты.

Еріктің маңындағы замандастары өз тілін ұмытқан мәңгүрттерге ұқсады. Мүмкін, бұл біреуге басқаша әсер еткен шығар. Әркімнің қабылдауы әр түрлі. Ал, Захар – Тағанның тағдырласы. Амалсыз, ішімдіктің кесірінен Марфаға тәуелді болған.

Шерхан Мұртаза мен Камал Смайловтың арасындағы хат үзінділерін драмаға кіргізуі – режиссердің тосын шешімі. Қоғамдағы жемқорлық пен жатыпішерлік, ауаға ұшқан миллиардтар осы диалогта айтылды. Жалпы, Оралхан Бөкей шығармасындағы ой мен осы екі алып арасындағы диалог бірін-бірі толықтырып жатыр.

Көрерменнің әр көріністен кейінгі қол соғуынан қойылымның өте әсерлі болғанын аңғардық. Спектакль біткен соң тарамай тұрып алған халыққа әртістер қайта-қайта бас иді.

Спектакльде ащы юмор да бар. Көрермен жалыққан жоқ. Декорация аз. Әр кейіпкер қолына жалпақ тақтай ұстап шығады. Мұны әркімнің мойнындағы сынағы, өз жүгі, қиындығы деп ұқтық. Киімдері де образды ашып тұрды. Бір уақыттан уақыттың екінші бір кеңістігіне ауысып кететін тұстары да сәтті шыққан. Композитор мен суретшінің жұмысы өзара үйлесіп тұр. Махаббат сезімі, жұбайлардың бір-біріне ынтықтығы да сәтті қимылдарға құрылған. Өмірді көрдік.

Алдап сыра ішкізетін тұсында Тағанның Ерікке: «Сені мен менен бір адам жасаса ғой…» дейтін тұсы бар. Мұнда бала күнгі досы қанша намысына тиіп, азаптаса да, оны жамандыққа қимайтын Тағанның адалдығы, адамдығы жатыр. Бірақ, екеуі екі түрлі жолды таңдаған еді. Ал, Еріктің «Адал болсаң, аштан өлесің…» деуін өмірдің ащы шындығы деп қарайтындар жоқ емес…

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button