«Абылай ханның арманы» – Арқа төрінде

    Астанадағы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрермен көзайымына айналған Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының тарландары сапарын Қарағандыда жалғастырды. Шырайлы Шымкенттің шығармашылық ұжымы бұл жолы жерлестерімізге «Абылай ханның арманы» тарихи драмалық қойылымын ала келіпті.

Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына орай 2013 жылы Көкше төрінде алғаш сахналаған жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазанның бұл туындысы – қазақ өнеріне қосқан елеулі дүние деуге тұрарлық. Сол тойда туындының қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болса, бұл жолы жауапкершілік жүгі Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, қойылымның қоюшы режиссері Қуандық Қасымовқа жүктеліпті. Ал, қоюшы суретші – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. Бұл ретте, театрдың көркемдік жетекшісі Жұмабек Есімовтің де есімін ескерусіз қалдыруға болмас.

Қош! Күңгірт тартқан сахнаға сәуле жүгіріп, биік баспалдақ төрінде құшағында әлди тербеткен ананы көріп, Абылай ханның нәресте шағы ма деп ой түйген едік. Теңіз жағасын бойлай біткен қоғадай ырғалып, толықсып тұрған арулар әлгі нәрестені алма-кезек төбелеріне көтеріп, ақыры, қайтып ана құшағына тапсырған сәт. Әй, осы перзент Үш жүздің басын қосар ұл ма деп едік, қателесіппіз. Қателескенімізді ақ шапанын жамылып, көз қаратпас жарықтың арасынан пайда болған Абылай ханның бейнесін көргенде барып түсіндік. Жоқ, бұл нәресте – болашақ хан Кененің әкесі, Шыңғыс ханның зәузаты, Абылай ханның ұлы – Қасым екен. Қараңғылық пен жарықтың айқасы іспеттес, әлдебір сәтте алакөлеңкеленіп кететін кезі тағы бар, тағатсыздана күткен тарихи драма осылай басталған еді. Демімізді ішке тартып, дегбіріміз қашып, әрі қарай не болмақ деген оймен туынды тұңғиығына батып бара жатқанбыз…

Тарихи оқиғаға сүйене отырып жазылған пьесаны тәп­тіш­теп жатудың қажеті шамалы. Десек те, заман тезге салғанда табандылық танытып, жоңғарды жеңудің жолын іздеген, орман ұлысы мен аспан асты елі арасында сұңғыла саясаткерлігімен танылған хан Абылайдың өрлік һәм ерлік жолын айтпай кету жарамас. Тарыдай шашылған қазақтың туын биіктетем деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген бабамыздың бар асыл қасиеті, көрегендігі мен ерен ерлігі бойымызға рух сыйлап, жігерімізді жанығаны – аяғынан тік тұрып, тынымыс соғылған көрермен қошеметімен-ақ бағалы. Айтып-айтпай не керек… Көрген де арманда, көрмеген де арманда…

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.