Руханият

Абайлықтар ақынын ардақтады

Көптен бері абайлықтар әсем ән әуелеген мұндай думанды көріп, тамашаламаған. 12 мамырда Абай қаласының Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдап, ұйымдастыруымен жергілікті ақын әрі сазгер Төребек Құтжановтың «Көңіл сырлары» атты шығармашылық кеші дүркіреп өткен еді. Оған осындағы өнерсүйер қауым мен Төкеңнің жаңаарқалық жерлестері, бір шеті Астана мен Жезқазған, Қарағанды қалаларынан Арқа дәстүрлі әні мектебінің даңқты өкілдері Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, Серік Оспанов, Айтбек Нығызбаев, Дәуренбек Әркенов, Ержан Базарбековтердің арнайы келуі мен олар орындаған әндер кеш ажарын аша түскендей болды.

Халық алдында шығармашылық есеп беріп отырған Төребек Құтжанов соншалықты алысқа кеткен жан емес. Әуелден өнер қонған бұрынғы Жаңаарқа ауданының Карл Маркс атындағы кеңшарда (қазіргі Ералиев ауылында ) туып-өскен ол жасынан өлең-жыр мен сиқырлы сазға құмартып, алпыс бес жасқа толса да, әлі күнге қолынан қаламы түспей келеді. Туған топырағында киномеханик, клуб қызметкері болып істеген ол жұбайы Қарлығашпен ауыл мәдениетін дамытып, өркендетуге бір кісідей атсалысты. Осында Марқұм Көлмағамбет Нұрмағамбетов, Аманбай Сарымсақов, Байзақ Сейілов, Береке Көшенов, Абылай Шуланбаев сынды ағалары мен сыныптас досы Есенғали Төкебаев салған әндермен сусындап өскен өзі де өлең жазып, ән шығарумен айналысып, қазір зейнет демалысына шығып, отбасымен осы Абай ауданының Дубовка ауылында тұрып жатыр. 2015 жылы оның «Көңіл сырлары» атты екі бөлімді жыр жинағы ән ноталарымен баспадан кітап болып шыққан. Дүбірлі кеште сол жинаққа енген туындылары орындалып, қалың көпшілік құшырлана қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.

Кеште Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесінің иығына шапан жапты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов «Дүние кезек» және белгілі ақын Қойлыбай Асановтың сөзіне жазылған «Сағым күндер» әнін тамылжыта шырқады. Келесі кезекте Алаштың айтулы ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Тама көшкен» поэмасына жазылған әуенді Әлібек Бимендин қобызбен күңіренте жырлады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық өнер университетінің профессоры Айтбек Нығызбаев «Арқаның әнін», Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурстың бас жүлдегері Ержан Базарбеков «Мойнымдағы тұмарым Жаңаарқа», «Қайран жастық» әндерін шабыттана шырқады. Сонымен қатар, көптеген республикалық конкурстардың лауреаттары Айнұр Сұлтанова, Бейімбет Сарымсақов және Әнуар Адамбаев, Медеу Шилмановтар Төкеңнің бірқатар әнін орындады.

Ендігі сәтте сахна төріне елімізге белгілі үш бірдей әнші ағамыз көтерілгенде, зал дүр сілкінді. Соның Төкеңмен бір ауылда туып-өскен ақын, сазгер, әнші ағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшенов жерлес інісіне жүрекжарды тілегін білдіріп, өзінің екі кітабын сыйлап:

– Өнер өшпей, өсіп-өркендеуі үшін гүл сияқты аялау керек, – деп, кеш иесінің құрметіне Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім менің» әнін нәшіне келтіре орындап берді.

ҚР еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин де ақын Тайжанның «Сақ-сақ» күлдіргі әнінен шашу шашты. Өнер зерттеушісі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Оспанов өз лебізін білдіре келе ҚР Мәдениет және спорт министрлігі салалық кәсіподақ ұйымдары бірлестігінің «Еңбек даңқы» медалін кеш иесінің кеудесіне қадап, куәлігін табыс етіп, бір әнін шырқап берді.

Одан әрі облыстық Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өкілі Төребек Құтжановтың ән ноталары жинағының тұсаукесерін жасаса, ауылдастары абайлықтар алдында ақын, сазгер жерлестерінің абыройын бір аспандатты. Кеш соңында сахнаға бір топ болып шыққан олардың арасынан осы кеңшарда 9 жыл директор болған сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз, Жаңаарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейбіт Хасенов аудан әкімінің Құттықтау хатын оқып беріп, жерлестері атынан жақын ағасы Оразбай Кемелов кеш иесіне шапан жауып, ат мінгізді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button