АбайАймақ

Абайда – қоныстой

Елорданың 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Абай ауданы орталығы Абай қаласының тұрғындарына жаңа пəтердің кілті табысталды. Бұл күні 80 отбасы баспаналы болды. Бес қабатты тұрғын үй «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша салынған. Ондағы барлық пəтер мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте тұрған адамдарға арналып отыр.

Абайдағы қоныс той

«Халықтың əлеуметтік аз қамтылған» санатынан 9 көпбалалы отбасы, 16 балалар үйінің түлегі жəне өзге де кезекте тұрған баспанаға мұқтаж 55 отбасы жаңа қоныстанушы атанды. Бұл баспана жалдау құқығымен берілгенін атап өту керек.

Жаңа пəтерлердің бəрінде электр плиталары мен су жылытқыштар орнатылған. Бірінші қабаттағы пəтерлер ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген. Тұрғындардың кіріп-шығу мəселесі көтергіштермен жабдықталған.

Кілттерді тапсыру облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтті.

– Бүгінде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар жəне жетім балалар пəтер кілтін алып жатыр. Біз тұрғындардың осы санаттарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қуанышты оқиға мен шын жүректен құттықтаймын, шаңырақтарыңыз балалардың күлкісіне толы болсын, бақыт пен қуанышқа бөленіңіздер! – деп аймақ басшысы жаңа пəтер иелерін құттықтады.

Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Төлеутай Бөстекбаев бұл пəтерді 11 жыл күткенін айтады.

– Міне, Астана күні қарсаңында пəтер кілтін алдым. Осылай жағдайымызды ойлап, үй беріп жатқан мемлекетке, ел басшыларына өте ризамын, – деп ағынан жарылды ол.

Абайдағы қоныс той

Ал, Манарбек Балта болса, «жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрып, пəтерге қол жеткізген.

– Мен бұл қуанышты күнді 16 жыл күттім. Үш балам бар. Тау-кен шебері болып жұмыс істеймін, – дейді Манарбек қуанышын жасыра алмай.

Жалғызбасты ана Дəрігүл Мəдениет балаларымен бірге екі бөлмелі жалдамалы пəтерде тұрады екен.

– Біз баспанамызды шамамен 12 жыл күттік. Балаларым төбесі көкке жеткендей қуанып жүр. Мұндай үйлердің біздің қалада салынғаны – өте жақсы бастама. Көршілерді қоныс тойымен құттықтаймын. Бұл үй бəрімізге бақыт əкелсін! – дейді Дəрігүл Мəдениет.

Бұған дейін 2021 жылы Абайда осындай 80 пəтерлі үй пайдалануға берілген болатын. Қазір тағы бір үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа үй де несиелік бағдарлама арқылы беріледі.

Сонымен қатар, жыл сайын кезекте тұрғандар үшін қайталама тұрғын үй сатып алынады. Биыл сегіз пəтер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 12 пəтерді сатып алу жоспарлануда.

Жəлел ШАЛҚАР,
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button