Абай және Ұлытау облыстарында екі тірек мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Абай облысы Аягөз қаласының көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясында және Ұлытау облысының №1 Ұлытау жалпы білім беретін орта мектебінде материалдық-техникалық база толығымен жаңартылды және мектеп ұстаздары оқытудан өтіп, әдіснамалық қолдау көрсетілді. Жаңартылған мектептердің таныстырылымы «Ашық есік күні» форматында ұйымдастырылып, жергілікті атқарушы органдар, бағдарламаның серіктестері мен демеушілерінің қатысуымен өтті.
Аягөз көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясында 1130 бала оқиды. Мұнда 32 оқу кабинеті және STEM-зертхана, арт-студия, телестудия және қосымша білім беру шеберханалары жабдықталған.
№1 Ұлытау мектебінде 400-ге жуық бала білім алуда. 34 оқу кабинеті, STEM-зертхана, логопед кабинеті, арт-студия және шеберханалар жабдықталған. Сондай-ақ, болашақта аудан бойынша жақын маңдағы мектептермен тәжірибемен бөлісу мен таратуға мүмкіндік беретін телестудия жабдықталған. Материалдық базаны жаңарту «Қазақстан халқына» қорының қаражатына жүргізілді.
– Отбасында үш баламыз. Бәріміз №1 мектепте оқимыз. Егер де бұрын сабақ кейінге қалдырылды дегенге қуанатын болсақ, қазір сабақтан қалмауға тырысамыз. Мектебіміз ерекше: барлық жерде жаңа жиһаз, дәліздерде үстел ойындары орнатылған, кең кітапхана мен кіреберісте жұмсақ дивандар бар. Маған бәрі ұнайды. Мұғалімдеріміз де тамаша. Мектепте оқи бергіміз келеді, – дейді №1 Ұлытау мектебінің 6-сынып оқушысы Айзада Бейсалы.
Қор бағдарламасының мақсаты оқу орындарын тек жарақтандыру ғана емес, тірек мектептер үшін қолайлы білім беру ортасын құру бағытында жақын маңдағы шағын комплектілі мектептер үшін құзыреттілік орталықтарына айналдыру.
– Қазақстандық балалардың 40%-дан астамы ауылдық жерде оқиды және оларға сапалы білім алуға және өз дарынын ашуға мүмкіндік беру маңызды. Біздің жоба қазірдің өзінде 13 мың баланың өміріне әсер етті, бірақ бұл тек бастамасы ғана. Біз еліміздің барлық аудандарын қамтуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы ауылдық білім беру сапасына елеулі әсер етеміз деп үміттенеміз», – деп атап өтті Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Жалпы Бағдарламаны іске асыруға Қор 4 млрд 250 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, Қорға қаражатын жіберген «Beeline Қазақстан» компаниясы да демеушілер қатарында.
– Біз 2020 жылдан бастап, серіктестермен бірлесіп «250+» жобасын іске асырудамыз, оның арқасында мобильді интернет пен Beeline байланысы 1500 астам ауылда бар. Енді осы ауыл тұрғындарындарының Интернетке қолжетімділігі қаланікімен бірдей. Жоба тірек мектептерін дамыту, сондай-ақ ауыл балаларына сапалы бәсекеге қабілетті білім алуға қол жеткізу арқылы тең мүмкіндіктерді құруға ықпал етеді. Сондықтан Beeline Қазақстан бұл маңызды бастаманы қуана қолдап отыр және шамамен 2 млрд қаражатымызбен еліміздің әр өңіріндегі 8 ауыл мектебін үздік зияткерлік мектептердің стандарттарына дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Аягөз бен Ұлытаудағы мектептер де осы санатқа енді, – деді «Beeline Қазақстан» компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.
«Қазақстан халқына» қорының серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептердегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмысты аяқтады. Талдау нәтижелері мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары мен тағылымдамадан өту бағдарламасы жүргізілді.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру тақырыбына арналған екі күндік офлайн оқыту курсы мен пән мұғалімдеріне арналған курстар өтті. Алдағы уақытта педагогикалық құрам үшін жаттықтырушылардың қатысуымен интенсивті оқыту бағдарламасы өткізілетін болады. Интенсивті бағдарлама аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.
Еске салсақ, Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте тірек ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу. 17 ауыл мектебін жабдықтау жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола (Қатаркөл ауылы, Досов ат.ом.), Павлодар (Ертіс ауылы, № 1 Ертіс ом) Қостанай (Сарыкөл ауылы, Урицкий ом.), Қарағанды (К.Байсейітова ат.ом.), Абай (Аягөз қ., көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясы) және Ұлытау (№1 Ұлытау орта мектебі) облыстарында алты тірек ауылдық мектеп жарақтандырылып, ұстаздарға арналған оқыту курстары мен тағылымдама түрінде әдіснамалық қолдау көрсетілді.