Руханият

Ақжолтай

Ақселеу ағам айтпақшы, «Ат сүрінгенше сөз табатын» ақсүйек өнер айтыстың алтын айдарлы өкілі Аманжол ӘЛТАЙ – 50 жаста. Ердің жасына еңселі болмыс, асқақ абыроймен жеткен Арқаның Ақжолтай ақынын қыркүйектен бері Алатау-Арқа, Атырау-Алтай атырабы алақанға салып, ардақтап жатыр. Кеше ғана – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атанған арда ақынның тағдыр жолына, шығармашылық қуатына біз де үңіліп, оқырманға олжа салғанды жөн көрдік.
Аманжол – ақын. Аманжол – ғалым. Аманжол – азамат. Аманжол – ұстаз. Аманжол – кешегі сал Біржанның сарқыты. Айтыстың ақтаңгері. Сұңқар қанатты Сәкеннің тұлпар тұрпатты інісі. Абыз Ақселеудің нағыз тынысы.

Аспан мен жердің арасы астасып кетсе де сырбаздығынан сырт айналып көрмеген сыбызғы мінез, сырнай әуенді ақын әлемінен сыр тартып көрелік, ендеше…

«ТӘТТІ САУМАЛ, БАЛ ҚЫМЫЗ – ТАТҚАН ДӘМІ» немесе ақтүбекте қанаттанған арман

Жаңаарқа десе, жүгенсіз жүйрік тақымдаған жігіттің сырттаны мен күбіден құт болып қотарылған бал қымызы келеді ойымызға. Сере қазысы бетін жапқан сар ала табақты айнала отырып, салтанат құрған сал-серісі келеді көз алдыңа. Алты күнде ат семіріп, тоқтысы қысыр қалмайтын жазиралы Жаңаарқаның ана шоқысында Сайдалы Сары Тоқасы «Төрт толғауын» төгілдіріп, мына қырда Байдалы би билік айтқан деседі. Иманақтан ат дүбірі естілсе, ақбоз атпен Сәкен келе жатқандай елеңдеседі жұрт. Қуаң жылы шаң көтерілсе, Аралбай батырдың алты мың қолы, Байғозының бес мың қолы жауға шапқандай әсерленеді бұл ел. Аңызақ желдің ызыңынан Ықылас қобызының сарынын іздейтін жұрт та – осында. Әділдік іздегендер Шоңның Қызылағашына бас тіреп, рух іздегендер «Қарауылтөбеге» ат шалдырады. Өйткені, «Қарауылтөбе» абыз Ақселеудің мәңгілік бесігіне айналып, «Ақселеу биігі» аталып кеткелі қашан. Дәл осы «Ақселеу биігінің» солтүстік-батысқа құлар аңғарында мың күбіде қымыз пісіліп, палуаны күресіп жатыр. Қазақ күресінің құдіретін алты құрлыққа паш еткен Байшолақтың бесеуін іздейді жұрт. Қанаты жоқ, қалғаны жүр. Бірақ, қарақұрым елмен бірге Қанат марқұмның арманы жүр.

Батысты бетке алыңыз… Игіліктің әнін аңсап, Алаш жырының арда- күреңі Ғалымның жырын тыңдауға асығып, Түгіскен асып кетпеңіз. Жолшыбай Ақтүбекке аялдаңыз. Қазақ өнеріне ағайынды Кемаловты (Қайрат пен Жақсыкелді), Серік Оспановты, Қарақат Әбілдинаны берген Ақтүбекте айтыстың Ақжолтайы Аманжол туған. Дүйім елге қадірі асқан, елдің еңбекторысы Дүйіс (Дүйсенбай) ақсақалдың кенжесі – Аужекең. Марқұм Шәмшия анасы сөзге ұста, өнерге жақын болған деседі көзкөргендер. Сүт кенжесін арқалап жүріп, ауыл-үйдің арасындағы той-томалақтан қалдырмайды екен. Сөздің маржанын, әннің әуезін құлақпен емес, сергек сана, таза жүрекпен қабылдаған сүйкімді бала өнерге бала жасынан іңкәр болып өседі. Топырақтың да киесі болар. Ақтүбектің қасиетіне бұл өңірде ешкім күмән келтіре алмайды. Төңіректегі жер атауларының барлығы кісі аттарымен аталады. Ауылдың қос қапталындағы екі таудың бірі – Бәйеш, екіншісі – Қыздарбек. Екеуі де – тарихи тұлғалар. Ақтүбектің солтүстігінен ағып келіп Сарысумен салаласатын өзен әйгілі Құдайменде сұлтанның есімімен аталады. Бұл төңіректе кісі атауымен аталмайтын төбе де, сай да жоқ шығар. Былай шықсаңыз, Шоқат қыстауы, аттап бассаңыз – Әлмен бидайығы. Бұл дегеніміз тарихи тұлғаларға деген елдің құрметі болса керек-ті. Кіші Отандарының картасын өздері сызып, дала ономастикасымен жер атауларын бекітіп алған, ел мен жердің тарихын жадыға мықтап сіңірген ел бар Ақтүбекте. Осындай топырақта туып, осынша зерделі елдің ішінде өскен Аужекеңе қалай сөз бен жыр қонбасқа?!

Қу тірліктің жетегіне бағынам,
Далам қымбат әсем қала бағынан.
«Волга» мініп жүрсем-дағы мен мұнда,

Жорға мінген күндерімді сағынам, – деп жырлаған ақын Аманжолдың сағынышын маздатып, шабытын қоздататын – осы ауыл, осы Ақтүбек.

…Ауылдың батысындағы «Домалақ» шоқысының етегінде дүркіреген той өтер еді. Аманжол ұлының ердің жасын еңсерген мерейлі сәтіне елі қуанып. Індеттің салдарынан іркілді. Кермедегі сәйгүлік, сахнадағы айтыс салтанаты, саба-саба сары қымыз, дүйім жұрттың делебесін қоздырған палуан күрес… Бәрі-бәрі Аманжол ақынның жырында ғана қалып тұр әзірге:

Алғаш емген анамның сүтінен соң,

Тәтті саумал, бал қымыз – татқан дәмім.

«ТОЛҒАТА АЛМАЙ МӘҢГІ ӨЛМЕЙТІН БІР ӨЛЕҢ» немесе өлеңнің өз баласы

Ақжолтай ақын Аманжол Әлтайдың мерейтойы қарсаңында жазылған барлық жазбаны шолып шықтым. Дені Аужекеңнің айтыс өнеріндегі ақындық қуатын талғам таразысына таралғы еткен екен. Тіпті, Түркия елінде білім алып жатқан жас ғалым қарындасымыз Ләззат Орақованың «Аманжол Әлтайдың айтыстары» атты кітабы түрік тілінде жарық көрді. Ғылыми еңбекте Аманжолдың айтыс өнеріндегі шеберлігі жан-жақты талданып, Арқаның алтын асықтай ұлының айтыстағы абыройы тұтас Түркі әлеміне жол тартты. «Бәрекелді!» дестік.

Ал, Аманжол ақынның жазба поэзиядағы дара қолтаңбасы жайлы әпсана өте сирек. Жақында ғана «Кәусар» баспасында қатталып, «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Алшаңбоз» жыр жинағындағы сыршыл өлеңдері ақын табиғатының көшірмесіндей екен.

Жалпы, Аманжол – асқан мәдениеттіліктің эталонына айналған ақын. Сахнадағы мәдениетіне тамсанып, таңдай қаққан жұрт Аужекеңнің шынайы өмірдегі сырбаздығына қайран қалып жүр. «Аманжол біреуге өкпелеп қатты сөз айтыпты» немесе «Айтыстың қорытындысында қазыларға ренжіп, оғаш қылық көрсетіпті» дегенді естідіңіз бе? Мен естіген де, көрген де жоқпын. Айтыс өнерінде сал-серілер дәстүрін жалғастырған кірпияз болмысын, аса жоғары мәдениетін өмірде де, өлеңде де жоғалтқан емес.

Айтыс өнерінің қара нары Жүрсін Ерманмен

Қыз бен жігіт айтысының хас шеберіне айналып, «Бүгінгінің Біржаны» (Несіп Жүнісбай) атанған Аужекең айтыс аламанында әлеуметтік проблема көтермеді, ақиқатқа тіке қарай алмады деп те айта алмаймыз. Шындықты қанын сорғалатып тұрып айтты. Бірақ, әлдебір әріптестеріндей тепсініп, айқайлап, ылаңдатқан кезі жоқ. Астарлы ой, көркем тіркес, әуезді әуенмен-ақ айтарын айтып тастады.

Ал, жазба поэзиядағы үні тіптен сырбаз. Даланың әуені, қазақтың болмысы, ұлттың дәстүрі, қоғамның қотыры, өзінің мұңы, жүректің шері, сағыныш, тебіреніс… Кәдімгі қазақы өлең. Оймақтай ойында қаймақтай нәр бар. Бейнебір парасат патшалығына еніп кеткендей күй кештіреді.

Жасыратыны жоқ, қазір қазақ ақындарының өлеңін сөздікпен оқитындай дәрежеге жеттік. Галактиканы кезіп кеткен ақындардың аласапыран әлемін түсіне алмай далмыз. Өркениет өлеңді де шарпып тұр. Жаһандану қазақ жырын жағалап жүр. Өзін табыттан көріп, шабыттанатын ақындардың кітабын оқи бастадық. Ал, Аманжолдың әлемі – мүлде бөлек. Сүйеді. Сағынады. Бірақ, шынайы сүйеді, аһ ұрмай сағынады.

Өлеңдерінің әр тармағы тамшыдай мөлдір. Ақын жүрегінің әппақ пейілі мен сартап сағынышы үндесіп келіп, тас қаладан жерініп жүрген өзіңді де ауылға ынтықтырады. «Элегия» деп атаған мына өлеңінің алғашқы үш шумағын оқығаннан кейін-ақ, жолға қамданғым келіп кетті. Екеуміз көрші ауылдың баласымыз ғой. Таныс сурет, жаныңа етене тірлік.

Сіресіп қатқан көк мұздың сөккен көк етін

Жылуы күннің молайып көктен көретін.
Баба белдерге балбырап 
бәйшешек өсіп,

Кешігіп біздің Арқаға көктем келетін.

Асығып шапақ шашатын күн аунап белден,

Үлкендер жылқы санайтын «құраулап» төрден.

Өмірдің әнін айтатын қосылып бірге,

Тізбегі түзу тырналар тыраулап келген.

Өзендер толқып құстардың әніне бірден,

Арқаны көрсең, сол сәтте сәніне кірген.

Көк көйлегіндей сұлудың көк майса гүлдер

Жараса қалған даламның тәніне бірден.
Өлеңнің құдіреті – әсерінде. Ендеше, көркемдігі мен шынайылығы шендесе қалған осындай өлеңдерді оқымағалы біраз болғанын Аужекең «Элегиясының» соңғы шумағын оқығанда бір-ақ түсіндім.

Әрине, өлеңнің құндылығы шынайылығында десек, Аманжол ақынның «Алшаңбозы» – қазақ поэзиясының төріне алшаң басып озар тарланбоздың нақ өзі. Турасын айтайық, қазір айтыс ақындары мен жазба поэзия өкілдері арасында бітіспес дау, ушыққан алауыздық бар. Екеуі де – әдеби жанр. Солай бола тұра, бірін-бірі көргілері жоқ. Осы Аужекең сияқты «өлеңге таласы бар» өрелі ақын жазба поэзияға ат шалдыра қалса, бақшасына ұры түскендей азан-қазан бола қалатындары тағы бар. Бірақ, біздің Қарағандыдағы әдеби ортаға бұл дау-дамайды тели алмаймыз.

Сонымен, өлеңнен кешірім сұраған ақынды көрдіңіз бе? Мен де көрмеген едім, Аужекеңнен оқып, тәнті болдым.

…Сен арқылы тон да киді қабаттап,

Сен арқылы дәм де татты табақтап.
Ақындардың көңілін қимай 
сен кейде

Бай-манапты жырға қостың мадақтап.

Нағыз өлең, ұлылық бар күшіңде,

Балама жоқ сен сомдаған мүсінде.
Өлең, сенен сұрамақпын кешірім

Ақындардың қорқақтығы үшін де, – дейді ақын.

Міне, талғам! Міне, парасат! Аманжолдың ерекшелігі – өлеңге адалдығында. Яғни, ол – өлеңнің өз баласы. Өзінің емес, өлеңнің тағдырына алаңдайды. Өміршең таланттың табиғаты – бұл!

«ҮЗІЛДІ АРМАН СЫҢАРЫМ ЕРТЕ КЕТІП»

немесе ақынның азалы күндері

2007 жыл. Ит жылы еді ғой… Алты құрлықтың алпауыттары аласұрып, бір-біріне от бүркіп, оқ жаудырып жатқан. Ирак қирап жатты. Палестина мен Израиль итше ырылдасып, Америка айтаққа көшкен. Әйтеуір, қанды жыл болғаны есімізде…

Дәл осы жылы Аманжолдың да шаңырағына ашық күнде жай түсіп, асыл жары Ақмарал мен кенже құлыншағы Ханзада жол апатынан қайтыс болған. Арқа жұрты Аманжолын жұбата алмай, Жаңаарқа жабырқап, Қарағанды қара жамылған жыл болды. Кешегі керім күннің керуенінде қатар жүрген азаматтар мен ақынның достары Аманжолды арқадан қағып, алақанға салған. Ал, Аманжол күңіреніп, күйзелісін өлеңге ғана айтып, шерін өлеңмен тарқатты.
Өксік үні жер шетіне естілген,

Мен – шерлі ақын тағдыр қайғы кештірген.

Жылап тұрып жазымышқа көнесің,

Күліп кеткен кім бар дейсің бес күннен?..

Ешкімнің басына бермесін, бірақ, қос асылынан бір мезетте айырылу – екінің бірі, жігіттің нары көтере алмайтын қасірет. Әні мен әуені жарасып, Ақмаралының баптауы келісіп, елдің қуаныш-шаттығында, айтыс аламанында «ақжолтайлап» жүрген ерке ақын үшін мың есе ауыр қайғы.

Жауап берші, мұңлы аспан, шерлі дала,

Неге тағдыр қайғысын берді қара?

Анасымен бірге ұшқан балапаным

Қағып еді-ау қанатын енді ғана!

Құс жолында ақ еді сапарымыз,

Қас қағымда бұзылды қатарымыз.

Өз сыңарын іздейді сәні кетіп,

Көл бетінде мұңайған

Саһарыңыз…

Аққу сезіммен табысқан жүректің шері, аққу тағдырлы ақынның азалы үні. Амалсыз аһ ұрғызады. Жүрегіңді езіп, кеудеңді жаншып жіберердей ауыр қасірет. Біз осылай мұңайып отырмыз, Аужекең қалай көтерді десеңші осынша батпан қайғыны?! Қалған үш ботасының қам көңіліне қарашы болып, қайрат берейін деді ме, күйзеліп тұрып, күйігін ішіне түсірмеді. Асқан сабырмен қабылдап, қайғының өзімен мәдениетті қарым-қатынас орнатты. Әйтпесе, күйзелуің былай тұрсын, күйреп кететін қайғы еді ғой Ақмарал ару мен Ханзада ботаның қазасы…

Ақынның асыл жары Ақмарал

Бірақ, Аманжол құдайды қарғап, Аллаға лағнет айтпады. Шүкірлік етер жігерін жинап, өлеңге ғана мұң айтты. Жүрегінен төгілген қайғының запыраны шерлі өлең болып төгіліп, шерменде ақынның бойына қуат берді.

Күйік. Шер. Нала. Осының бәрі жүрегі нәзік ақын біткенді ақылынан алжастырып жіберетін қасірет қой. Аманжол күйінген шығар, күйреген жоқ. Қайғырған шығар, қайысқан жоқ.

Теңіз едім, жылап аққан арықпын,

Көп ішінде жалғыздықтан жалықтым.
Көз жасыма қол орамал 
болмады-ау

Көп естіген ақ батасы халықтың, – деп егілді. Бар қатты кеткен жері – осы ғана.

…Ақмарал бір әулеттің, бір шаңырақтың ғана емес, бүкіл Алаштың ару Ақмаралы еді ғой. Аманжолдың «Хан келсе де, қысылмай қарсы алатын» асыл жарын, ойнақтаған ақ ботасын Жаңаарқаның жазиралы даласы, Қарағандының қара орманы, Қарқаралының қарағай-қайыңы күңірене жоқтады. Ұлытаудың ұнжырғасы түсіп, Елорда мен Есіл егіле жоқтады. Аманжолдай серінің сергек күндерін сергелдеңге салмай, сал күндерінің салтанаты мен тұлпар жырының жарауын келістірген Ақмарал еді, өйткені…

Бірақ, Ақмарал өлген жоқ. Періштесін қанатының астына алып, зеңгір көкке ұшып кеткен. Сұлу бейнесі, нұрлы келбеті, періштедей пейілі Аужекеңнің жүрегіне сонау алғаш танысқан күні-ақ мәңгіге қонақтап алған. Жүрегі жаралы ақынның азалы жырлары арқылы елдің де жүрегінде өмір сүріп жатыр…

Аққу махаббатының киесі қонған бұл жұпқа. Ол – мәңгілік махаббат, мәңгілік сағыныш!

«КЕЗДЕСІП ҚАЛА БЕРЕМІН КҮНДЕСТІКПЕНЕН» немесе сүрінбеген бір тұлпар

Ердің жасы елуге қарыс-сүйем қалған шағында Аманжол саясатқа бет бұрды. Елге қызмет етуге әу бастан адал жүрегі қоғамдағы қордаланған мәселелерге төзім танытпады, білем. Ақиқатқа қарсы қарап, шындықтың қанын сорғалатып айтатын ақын жүрегі елдің мұңын айтыс сахнасынан отыз жыл толғады. Нәтиже болмады. Құлақ асып, ақын жырының құндылығын таныған, ақын айтқан ақиқатты мойындаған қоғамды көрмеді. Ащы ақиқат, шыңғырған шындықты Парламент мінберінен айтуға ниет еткен. Оған парасаты да жетіп тұр.

Әттең, «бір кем дүние». Праймеризден оза шауып, ақтық мәреге дейін алқынбай жеткен тұлпарды сүріндірдік. Бірақ, ол омақаса құлаған жоқ. Сүрінбеді де. Өзіне деген ел сенімінің зор екенін сергектігімен сезінген арда азамат қапаланған да жоқ.

Сайлау дүбірінде жеңіп тұрып жеңілген талай саясаткерді көрдік қой. Баспасөз мәслихатын құрып, ши шығарып, шулатып жататын. Біздің Аужекең мұның бірін де қайталаған жоқ. Сабырын салмақтап, елін ардақтаған күйі тағы да қайталанбас мәдениеттілігін көрсетті. Сайлаудың түпкі нәтижесі жарияланған күні өзінің facebook парақшасында:

«Қыркүйек айынан бастап праймериздің додасына, одан кейін үгіт-насихат жұмыстарына араластым. Төрт ай бойы ат арқасын терлетіп, қаншама ел араладым. Шалғайдағы ауылдарға дейін барып, халықпен жүздеген кездесулер өткізіппін. Елдің ыстық ықыласын сезіндім, жүрегіндегі мұңын ұқтым, ауылдың қордаланған қаншама проблемаларына көз жеткіздім.

«Ауылды дамыту үшін не істеуге болады?» деген сұраққа өзімше жауап іздедім. Бар мақсатым Nur Otan партиясының әлеуетін пайдалана отырып, Парламент төрінде мемлекетке, ұлтқа адал қызмет еткім келді.

Ешкімге өкпе айтып, еңсемді түсірмеймін. Азаматтың өмір жолы бұралаңдарға, кедергілерге толы болатыны ақиқат. Мен үшін күрес жолы енді басталды. Парламентке бармасам да, халықтың сөзін сөйлеп, перзенттік парызымды абыроймен атқарамын. Ақын – халық Парламентінің өкілі. Мемлекетіме, халқыма адал қызмет етемін! Барша тілектестеріме, сенім артқан халқыма рахмет айтамын!», – деген жазба қалдырды. Міне, парасатқа өлшем болар аталы сөз. Халықтың мұңын, ел ішіндегі өткір проблеманы отыз жыл бойы айтыс сахнасынан толғап келе жатқан ақын үшін Парламенттің орынтағы не, тәйірі?! Біздің Аужекең – осындай азамат! Сүріндірмекші болып едік, ол сүрінбеді. Өйткені, Арқаның Аманжолы – азаматтың Ақжолтайы!

Елуге еңселі келді. Алпысқа алқынбай жетсін! Жүзі жарқын қалпында жүзге жеткенін көрейік!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button