Руханият

Ақжолдан шыққан ақын

«Ақжол деген ауыл бар қыр басында, Жырым деген өзен бар жылғасында. Сол Жырымда гүрілдеп сең жүруші ед(і), Құс келіп, қар еріген жыл басында». Ақын Еркебұлан Елеусізұлының туған жері туралы жыры осылай басталады. Кіршіксіз әрі сырлы өлеңдердің иесі, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының белді мүшесі, ақын Еркебұлан Елеусізұлының «Қайыңды көл» атты шығармашылық кеші Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.

Осыдан 17 жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде осы рухани ордада «Жыр-Жауһар» поэзия клубының тұсауы кесілген еді. Бірнеше толқынды тәрбиелеп шыққан поэзия клубы қазір іргелі шығармашылық орталыққа айналған. Осы орталықтан қанатын қатайтып, әдебиет әлеміне қадам басқан жастардың алды бұл күнде республикаға танымал. Кешті де осы орталықтың алғашқы мүшелерінің бірі, ақын Эльмира Сайлауқызы ерекше ұйымдастырып, көптен көрінбей кеткен Еркебұлан ақынды бір серпілтті.

Еркебұлан аңқылдақ ақын. Жүрегінде титтей де кір жоқ. Бірақ, жазуға сараң. Жүрегін жарып шықпаса, ақ параққа түсірмейді. Өлеңдері жасандылықтан ада. Көрініп қалуға құмар емес. Өзіне, өлеңіне сенеді. Қаламға, өлеңге адал. Алайда, «шабытты күту қате, оны шақыру керек» демекші, көптен көрінбей кеткен Еркебұлан ақынның осы кеште бір тынысы ашылғандай. Лапылдап тұрып, тебірене өлең оқыды. Жан сырымен бөлісті. Оқырман қауымның сұрағына жауап берді. Бұған дейін «Қасым кз» сериясымен жарыққа шыққан «Қайыңды көл» кітабын қолтаңбасын қойып, ұсынды.

Әсіресе, «Қайыңды көл», «Ақжол деген ауыл бар…», «Анама», «Қарқаралы қазағым», «Тілек» сынды өлеңдері оқырманын елең еткізіп, ынтықтыра түсті.

– Еркебұлан поэзияға таңғы шықтай мөлдіреп келді. Алғаш «Орталық Қазақстан» газеті редакциясында таныстық. Сонда оның ауылына деген сағынышынан туған өлеңі бізді баураған. Соңымыздан осындай талантты ақынның келе жатқанына қуандық, үміт күттік. Бірақ, біраз уақыттан көрінбей кетті. Бүгін жаңа өлеңдерін тыңдап риза болдық. Ізденісі анық аңғарылып тұр. Сыршыл ақын болып қалыптасып келеді. Өзімен қайта табысқаныма қуанып отырмын. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы.

Ақынның поэзия кешіне ақын, сазгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерқанат Кеңесбекұлы арнайы қатысып, Б.Үсеновтің «Қарлығашым», Серік Сағынтайдың «Өмір» өлеңдеріне жазған авторлық әнін шырқады.

Әлеуметтік желіден кеш жайлы естіп келген ақын, журналист Серғазы Қабылдаұлы да ыстық лебізін айтып, өлең оқыды. Әнші Абзал Әбішев «Сағындым ғой» өлеңін орындаса, әнші, сазгер әнші Аманкелді Ахметжан Т.Серіковтің «Мойыл көз» әнін әуелетті. Кештің басы-қасында жүрген ақын Эльмира Сайлауқызы Қарағанды қалалық ішкі саясат бөлімінің, ақын Бек Ноғайбайұлы «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының құттықтауын жеткізді.

Кеш барысында «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының өлең жазуға талаптанып жүрген өрендері ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын жатқа оқыды. Сондай-ақ, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың отты өлеңдері де оқылды кеште.

Бұдан бөлек, оқырман қауым назарына ақынның шығармашылығына арналған «Жауһар жырдың тарландары» атты суретті кітап көрмесі ұсынылды.

Руханиятымыздың қызғыш құсы, кештің өтуіне бірден-бір мұрындық болған кітапхана директоры Дина Базарбайқызы кешті қорытындылап, ақынға шығармашылық табыс тіледі. Оның адамгершілігі мен еңбекқорлығына тоқталды. Кітапхана ұжымы атынан Алғыс хат табыстады.

– Біраз қарайып қалыппын. Кітап шыққаннан кейін кез келген шығармашылық адамында осындай сәттер болады. Дина апайым мен Эльмира замандасыма шексіз алғыс айтамын. Мені қолдап келген достарыма, оқырмандарыма ризамын. Екінші жыр жинағымды реттеп, дайындап жатыр едім. Екінші тынысым ашылғандай күй кешіп отырмын. Мына кеш шабытымды аша түсті. Біздің міндет – өлмейтін өлең жазу. Қаламға, жазуға адалдығымнан таймаймын, – деді кеш иесі Еркебұлан Елеусізұлы.

«Сен мені сағын, сап-сары күздің айында, Сағынатұғын сенің де мендей жайың бар. Жап-жасыл болып, тұрамын әрбір бақтарда, Сағыныш болып ілініп тұрам қайыңда» деп жырлаған Еркебұлан Елеусізұлының жаңа өлеңдерін, екінші кітабын оқырман асыға күтеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button