Руханият

Аңызға айналған баһадүр

Мысырдағы Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхананың оқу залында «Ұлы даланың ұлы есімі» тақырыбында иллюстрациялық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, кітапханашылар «Қарағанды тамақтандыру және сервис» колледжінде ақпараттық сағат өткізді.

Сұлтан Бейбарыс – түркі халықтарына ортақ тарихи тұлға. Мәмлүктер арасынан ержүректігі, ақылдылығымен көзге түсіп, құлдықтан таққа көтерілген ұлы қолбасшы.

Іс-шара Сұлтан Бейбарыстың ХІІ ғасырдың ортасында Ұлы Даладан тағдырдың жазуымен барып, 20 жыл Мысыр мен Шам еліне билік жүргізгені туралы тарихи және әдеби мұралармен жас ұрпақты таныстыра отырып, патриоттық тәрбие беруді көздеді.

Жиында кітапханашылар кітап көрмесіне қойылған Қ.Сәкидің «Сұлтан Бейбарыс» (Алматы, 2000 ж.), Т.Жұртбайдың «Дулыға» (Алматы, 2007 ж.), Р.Отарбаевтың «Айна-ғұмыр» (Астана, 2013 ж.), Б.Кумековтің «Султан Бейбарыс. История, личность, время» (Алматы, 2004 ж.) еңбектеріне жан-жақты шолу жасап, жастарды қызықтыра түсті.

Бұл кітаптарда абырой, ар мен намысты жоғары қойған ержүрек Бейбарыс туралы әңгімелеп, айбынды қолбасшы, дана билеуші, өз ұлтының адал ұлы, бөтен жерде жүрсе де өзін жат сезінбеген қиындыққа толы өмір жолы туралы бұрын қазақ оқырманына белгісіз болып келген тың деректер қамтылған. Қазақ даласында туған батыр бабамыз жайлы 1967 жылы жарияланған қазақстандық жазушы Морис Симашконың «Жусан» (Алматы, 1998 ж.) атты тарихи повесі елдің ерекше ықыласын аударды.

Сонымен қатар, «Жусанның иісі – туған даланың иісі» және «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстаным туған елге деген сүйіспеншіліктен, сағыныштан туса керек» деген өзіндік ой-пікірін айтып, тарихи-танымдық викторина сұрақтарына қызыға жауап берді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button