Бас тақырып

Ақынын ұлықтады Арқа жұрты

Жексенбі күні қазақтың «Сары тентегі» атанған ақын, бард Қуаныш Мақсұтовтың алпыс жас мерейтойы лайықты аталып өтілді. Әуелі облыстық Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханада  «Құт» атты жаңа жинағының тұсауы кесіліп, түс ауа С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мәңгілік мұңның әуені» атты шығармашылық кешімен жалғасты. Ақын елінің аялы алақанын сезінді. Құрметіне бөленді. Кеншілер астанасындағы кешін абыроймен өткізе сала, туған топырағына Ақтоғайға аттанды.

Кітап тұсаукесеріне келген меймандар «Өмірмен сырласу» атты фото-кітап көрмесін тамашалады. Ақынның «AlphaPrint» баспасынан жарық көрген «Құт» кітабында жаңалық көп. Басты ерекшелігіне тоқталсақ, екінші бөліміндегі бард­тық, шансондық туын­ды­ларының мәтіндер маңдайшасына QR-код қойылған. Сол арқылы оқырман әнін өз орындауында тыңдай алады. Кітаптың алғашқы бөлімі поэзия болса, үшінші бөлімінде ой-толғамдары, көсемсөз жазбалары топтастырылған.

Жаңа кітаптың тұсауын Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, мәдениет жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Сыр өңірінен келген Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов кесіп, жылы лебіздерімен бөлісті.

«Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов ақынды құрметтеп, иығына шапандарын жауып, тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде Қуаныш Мәжкенұлы кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне, «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалына, «Ақжол» партиясының филиалына және Нұрлан Арынбаев, Бақыт Жаңабаев, Сапар Ипкеев, Бекзат Алтынбеков, Қанат Отарбаев секілді жомарт азаматтарға алғысын білдірді.

Әрмен қарайғы құрмет Сәкен театрында жалғасты. Шығармашылық кештің алғашқы құттықтау сөзін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жеткізіп, аймақ басшысының құттықтау хатын табыстап, иығына оқалы шапанын жапты.

– Қазақтың бекзада өнері айтыстың халқымен қайта қауышуына зор үлес қосқан ғажап ақындардың бірі деп бағалаймыз. «Сары тентек»деген атын естігінде экранға үңілмеген қазақ кемде-кем шығар. Сізде атақ та, абырой да, бәрі-бәрі бар. Еліңіз жақсы біледі. Басына көтеріп бағалайды. Сондықтан да, «Сары тентек» деген ат қойды. Асқаралы алпысыңыз талтүс болсын, аға, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Құттықтау легін Парламент Мәжілісінің депуттары Қазыбек Иса мен Аманжол Әлтай жалғады. Қазыбек Иса кеш иесінің омырауына «Алаш» медалін таға келіп, «Алтын медалдің бергі бетінде атпен шауып келе жатқан Алаш азаматы, төменгі жағында Қазақстанның картасы бар. Ал артқы бетінде Әлихан, Әлімхан, Ахмет бастаған жиырма Алаш қайраткерінің аты жазылған. Бұл медалға өнерінен бөлек, өн-бойында қайраткерлік бар Қуаныш ақын әбден лайық», деді.

Ал, депутат, ақын Аманжол Әлтаев Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерманның құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Мұнымен қоса, Одақ атынан Қуаныш ақынды Мәдениет саласының үздігі төсбелгісіне ұсыныпты. Мемлекеттік марапатты Тәуелсіздік мейрамында табыс етеміз деген ақжолтай хабарымен бөлісті.

«Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Игембердинов те лебізін білдіріп, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын табыстады.

Мерейтой кешіне алыстан ат арылтқан меймандар да көп болды. Батыстан келген Т.Досымов атындағы халықаралық қордың төрағасы Бижан Қалмағамбетов пен Сыр елінің сәлемін әкелген Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов ақ тілектерін жаудырып, жөн-жоралғыларын тарту етті. Сонымен қоса, Тұңғышбай Мұқан бастаған ақынның бір топ ағасы сахна төріне шығып, ілтипаттарын білдірді.

Шәкірті, жас ақын Еркеғали Бекболат ұстазына арнауын жеткізді. Әрмен қарай шығармашылық кештің реті «Мәңгілік мұңның әуені» атты моно-спектакльмен сәтті өрілді. Сәкен театрының әртістері ақынның поэзияларынан қойылым көрсетіп, көпшілікке әсері ерекше кеш сыйлады. Кеш иесі бард, шансондық әндерін шырқады. Шабыты шарықтаған ақын домбырасын қолына алып, арнауын да айтты.

Кешті түйіндеген Қуаныш Мәжкенұлы облыс әкімдігіне, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, еліне, халқына ризашылығын білдіріп, басын иді.

Ақынның шығармашылық кеші Арқа жерінде осылай өрбіді. Енді, елінің, туған топырағының шақыртуымен қазақтың Сары тентегі Ақтоғайға кетті. Еліне еркелеуге…

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button