Руханият

Ақындық – Алладан, қайраткерлік – топырақтан

Ақын Қуаныш Мақсұтов жайлы айтқанда алдымен оның «Сары Тентек» атанып кеткені тілге оралады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің екінші ректоры, академик Зейнолла Молдахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рымбала Омарбекова, Жүрсін Ерман сынды аға буынның тәрбиесі мен қамқорлығын көрген ақынның өмірі өнегеге толы. Ақсақалдардың тәрбиесін алып, қазақы қариялардың даналығын бойына сіңірген. Жастайынан өнер мен мәдениет майталмандарының көзін көріп, әңгімесін тыңдап, патриот болып өскен.

Сурет: автордан

1990 жылы Ташкентте өткен халықаралық айтыста шындықты шырқыратып айтып, ақырып теңдіп сұрап, қазыларға шешімді қайта қарауға мәжбүр етіпті. Сонда ақын Қонысбай Әбілов риза болып: «Қазақ айтысының, қазақ елінің абыройын сақтап қалдың айналайын, Сары Тентегім» депті. Содан Сары Тентек атанып кетіпті. Шығармашылық жолында 16 халықаралық айтысқа қатысып, жүлдегер атанса, соның сегізін Ташкентте олжалапты. 1985 жылы «Жігер» фестивалінде Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбай үшеуі лауреат атанып, Мұхтар Шахановтың секциясында үздіктердің қатарында көрінген. Сонда Жұматай, Қадыр, Ғафу, Жарасқан сынды марғасқалармен танысып, олар Қуаныш ақынның талантына тәнті болған екен.

Ақындықты Алланың өзіне жүктеген миссиясы деп қабылдайды. «Ақынмын» деп кеуде қақпайды. Атақ-мансапқа қызықпайды. Бірақ, ел мен жердің, Отан-Ананың ертеңі үшін аянбайды. Қайраткерлік табиғатында бар. Шертпе күйді насихаттап, келешек ұрпақ үшін аянбай жүргені елге мәлім. «Қазақтың шертпе күйінің ұлттық мәйегін сақтау» атты жобасын жүзеге асыру жолында ұзақ жыл еңбек етіп келеді. Шертпе күй туралы алғашқы деректерді студенттік шақтың өзінде іздеп оқып, қызыға зерттей бастаған. Бүгінгі күні сол тынымсыз еңбектің арқасында музыка-өнер бағытында білім беретін еліміздің бірқатар жоғары оқу орнында шертпе күй сыныбы ашылған. Республикалық деңгейде шертпе күй фестивалі мен байқауы өткізіліп келеді. Шертпе күйдің мәйегін сақтауға атсалысып жүрген күйшілердің жеке альбомы да шыққан. Алдағы уақытта Тәттімбет туған топырақ Қарағандыны «Шертпе күйдің Отаны» деп танып, жыл сайын республикалық фестиваль өткізуді дәстүрге айналдыру және Қарағандыда Тәттімбет бабамызға ескерткіш орнату жұмысын жоспарлап, жүзеге асыруға атсалысып жүр. Бұл жұмыстарды атқаруда Үкіметтің, Мәдениет министрлігінің, AMANAT партиясының, облыс әкімдігінің қолдауы зор болғанын атап өткен жөн.

Жалпы, Қуаныш ақынға бұл алғырлық, қайраткерлік жастайынан дарыған. Бала күнінен Абай, Қасым сынды дүлдүлдердің жырын жаттап өсті. Мағжан жайлы алғаш рет Жайық Бектұров ақсақалдан естіген. Өйткені, Мағжанды оқуға тыйым салынған еді. Содан бастап, махаббаты оянып, Мағжанның жырларына ғашық болып, қайраткерлігіне тәнті болған. Алаш арыстары сынды саналы ғұмырын еліне пайдалы іс үшін арнаған. Сонымен қатар, Жүсіпбек Елебеков, Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров, Ақыжан Машанов, Әбіш Кекілбаев сынды алыптардың көзін көріп, әңгімесін тыңдап, соларға еліктеп өскен. Ел ертеңі жолында аянбай еңбек етуді осындай тарихи тұлғалардан үйреніпті.

Ақындық жолы туралы айтқанда 15 жасында ауылы «Қаратал» совхозында (қазіргі Шабанбай би ауылы) 10 туындыдан тұратын монолог еске түседі. 21 жасында 1984 жылы Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында өткен Бүкілодақтық университеттер фестивалінде сол монологын жатқа оқып, I орын алыпты. Қарақалпақ Халық жазушысы Төлепберген Қайыпбергеновтің ықыласына бөленіп, батасын алып, Төлеген Айбергеннің басына барып, Құран бағыштайды. Мұның өзі көрегендік емес пе?

Ал, айтыс аламанындағы сара жолын ел біледі. 1987 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық жас ақындар айтысында I орын алып, лауреат атаныпты. Осылайша, ұзақ жылдардан кейін Қарағандыға республикалық айтыстан жүлде әкеліпті. Өйткені, қазыналы Қарағанды үшін мұндай жеңіс, мұндай абырой 1943 жылғы Шашубай бабамыз жетістігінен кейін болмаған екен. Осындай жетістіктерінен соң облыстың ардагерлері мен ақсақалдары облыстық партия комитеті мен атқару комитетіне хат жолдап, 2 бөлмелі пәтер алып береді. Онысы талапты жастың, талантты ақынның Қарағандыда тұрақтап қалсын дегені еді. Пәтерді Ерубаев көшесінен берген. Өйткені, бұл көшенің арғы басында Доскей ақынға арнап Сталин салғызған үй болыпты. «Доскей ақынның жолын берсін» деген ниет бұл.

Тағы бір айта кетерлігі, заманның қиын кезінде де азаматтықтан айнымапты. Жазушы Дидахмет Әшімхан Қарағандыға келгенде Әлімхан Ермековтің жерленген жеріне барып, Құран бағыштағысы келеді. Туыстары білсе де, айтпайды. Қорқады. Көп адам білмейді. Өйткені, тыйым жасалған. Қуаныш ақын сол сәттен бастап, ұлы математиктің қабірін біраз уақыт іздеп, Балта деген ақсақалдың айтуымен тапқан екен.

Бір ерекшелігі ақындықты – қайраткерлік, ағартушылық деп қабылдайды. Ақындардың үнемі ізгі шаралар мен игі бастамаларға ұйытқы болып, елдің алдында көш бастап жүргенін қалайды. Ақындық миссия дегенді – мемлекетті нығайту, ұлтты ұйыстыру, халықтың рухын көтеру, еңсесін биіктету деп түсінеді. Осындай қасиеттерден жұрдай ақындарды ақын деп қабылдамайтынын да жасырмайды. Атап айтсақ, Шабанбай бидің мазарын мемлекет қарауына алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, Шабанбай би ауылында бюстін орнату сынды біраз шаруаның басы-қасында жүріп, бас-аяғы 3-4 жылда жүзеге асырған. Жуырда Қасым үйін үлкен шығармашылық орталыққа айналдыру жөнінде облыстық әкімдікке ұсыныс жобасын жолдапты.

Ал, бард стилінде жеке, авторлық альбомын шығарып, өзі орындап жүрсе, мұны өзін таныту мақсатында қолға алмаған. Біріншіден, бұл стиль жастайынан жанына жақын. Екіншіден, бард қазақтың қанында бар екенін дәлелдегісі келеді. Үшіншіден, бард стилі арқылы поэзия қазіргі кітап оқымайтын заманда оқырман қауымға жылдам жетеді һәм талғамын биіктетуге оң әсер етеді. Жүрген жерінде Табылды Досымовты насихаттап жүреді. «Мәңгілік мұңның әуені» атты бард туындылары мен шансондары жинақталған альбомы 2013 жылы шыққан. Бұл альбом 16 жыл бойы дайындалып, әлемдік стандартта Мәскеу қаласында жарық көріпті. Авторлық құқығы заңмен қорғалған. Осы альбом негізінде әлемдік музыкаға «Қазақ барды, Қазақ шансоны» деген жаңа стильдер енген екен.

Тағы бір ерекшелігі – ішкі еркіндігі. Өзі туралы айтылып жатқан сөздерге пысқырмайды. Алдына қойған мақсаты бар. Соның жолында ұрандамай-ақ еңбек ете береді. Бірқатары жүзеге асып та үлгерді. Серілікті – жаны қалаған рухани еркіндік деп ұғады. Бос кезінде ел аралап, ұмытылып бара жатқан құндылықтарды жинақтайды, жанын байытады.

Жасынан жазба поэзияны жанына серік етіп келеді. Бірақ, оны көп жариялауға құмар емес. Асыққанды ұнатпайды. «Тәкаппар мұңның кербез тамшылары» атты жыр жинағын да заманауи үлгіде шағын қылып шығарған. Оған санаулы ғана өлеңін іріктеп енгізіп, төс қалтада жүруге ыңғайлы қылып қаттапты.

Бірыңғай мақтай беру ойымыз жоқ. Жанымыздан қосқанымыз да жоқ. Барлығын өз өмірінен алдық. Кемшіліксіз пенде жоқ. Арасында шындықты бетке айтамын деп, елге ұнамай қалатын да кездері болады. Бірақ, қанындағы болашақ қамы үшін деген ұстанымы оны үнемі ізденіске, тың бастамаларға, шығармашылыққа жетелеп отырады.

Қазаққа талай алыпты сыйлаған алтын бесік Ақтоғай топырағында туған Қуаныш ақынның осал болуға хақы да жоқ. Оның үстіне, әкесі бала күнінен ауылына келген атақты адамдарды арнайы үйіне әкеліп қонақ қылады екен. Сондағысы Қуаныш ұлына жақсылардың шарапаты тисін дегені ғой. Солардың дәмді әңгімесін тыңдап өскен ұлы жаман болған жоқ. Қазақ айтысында өз сүрлеуін қалыптастырып, соңына қаншама шәкірт ертті. Шәкірттеріне әлі күнге шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Бұл күнде асқаралы 60 жасқа келіп отыр. Мол шығармашылық табыс, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Қуаныш ақынның қайраткерлік қуаты кемімей, жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола жүріп, ел-жұртын қуантудан шаршамасын!

Иә, Қуаныш Мақсұтов қазақтың «Сары Тентегі» Қарағандыда тұрады. Оны көрінбей кетті деп жатады кейде. Көрінбесе де, ол жалаң ұранға салынбай айқын мақсаты мен асқақ арманы, азаматтық борышы жолында тынымсыз еңбек етіп жүр. Оның тентектігін тектілік деп ұқсақ, қателеспейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button