Аймақта «Ақылды қалалар» стратегиясы бекітілген. Құжат цифрлық дамудың негізгі басымдықтарын айқындап, жасанды интеллект технологияларын енгізуді, заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруды және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.
Облыстың цифрлық трансформация картасы да әзірленді. Карта барлық салалық бағыттарды қамтып, облыстық басқармалар мен ведомстволық ұйымдардың жұмысын біріктіреді. Онда нақты цифрлық жобалар, олардың тиімділік көрсеткіштері, іске асыру мерзімдері және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері белгіленген.
Өңірде 50-ге жуық цифрлық жоба жүзеге асырылса, оның басым бөлігі өндірістік пайдалануға енгізілген. Мемлекеттік органдардың, әлеуметтік сала ұйымдарының және кәсіпорындардың күнделікті қызметіне пайдаланылуда.

IT кадрлар даярлау – басты міндеттің бірі
Цифрлық экономиканы дамыту үшін білікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы маңызды жобаның бірі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында жүзеге асырылып жатқан Tomorrow School білім беру бағдарламасы.
– Жоба Халықаралық инновациялық және цифрлық даму институты мен Alem.AI Astana Hub орталығының қатысуымен іске асырылуда. Бағдарлама аясында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, Full Stack әзірлеу, blockchain технологиялары, Cloud және DevOps инженериясы сияқты цифрлық экономиканың ең сұранысқа ие бағыттары бойынша мамандар даярланады.
Бағдарламаның ерекшелігі – оқытудың тегін болуы, технологиялық инфрақұрылымға тәулік бойы қолжетімділік және 50-ден астам нақты тәжірибелік кейске негізделген оқыту жүйесі, – дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий. Мамандардың айтуынша, жоба өңірде тұрақты IT кадрлар резервін қалыптастырып, жоғары технологиялық инвестициялар тартуға қосымша мүмкіндік береді. Цифрлық трансформацияның нәтижелері республикалық деңгейде де жоғары бағалануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Smart City бастамаларын дамыту жөніндегі ұлттық рейтингте Қарағанды қаласы республика бойынша төртінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан кейін тұр.
Инфрақұрылымды дамыту, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде бағалады.
Мемлекеттік қызметтің 99,5 пайызы электронды түрде
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының тұрғындарына 16,3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 99,5 пайызы электронды форматта алынған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға қысқарған. Ал, қызмет көрсету сапасына қатысты тұрғындардың шағымдары екі есеге азайған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қоғамдық мониторингі нәтижесінде Қарағанды облысы қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі бойынша республикада бірінші орында. Өңір 5 балдың 4,93 балын жинады.
Бүгінде облыс аумағында 13 азаматтарды қабылдау орталығы мен мыңнан астам өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Тек өткен жылы Мемлекеттік және сервистік қызметтер көрсету орталығына 400 мыңнан астам тұрғын жүгінген.
Тұрғындар сенімінің алаңы
«Senim109» бірыңғай байланыс орталығы қазіргі уақытта Қарағанды облысының барлық 13 қаласы мен ауданын, 358 елдімекенді және 1 миллион 100 мыңнан астам тұрғынды қамтып отыр.
Азаматтар өтініштерін 109 қысқа нөмірі, ресми портал, әлеуметтік желілер, WhatsApp және Telegram арқылы жолдай алады.
Қызмет іске қосылғалы бері бір миллионнан астам өтініш өңделіпті. Өтініштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету үшін 433 мемлекеттік мекемемен және 30 коммуналдық ұйыммен тұрақты байланыс орнатылған.
Орталық жұмысы барысында келіп түскен өтініштердің 80 пайызы операторлар деңгейінде шешіліп, тұрғындардан 15 мыңнан астам алғыс түскен. 2025 жылы байланыс арналары арқылы тұрғындардан 176 мың 165 өтініш қабылданған.
2026 жылдың алғашқы бес айында «Senim109» қызметіне 70 мың 126 өтініш келіп түскен. Тұрғындар көтерген негізгі мәселелер қатарында жолдардың жабылуы, денсаулық сақтау, көшелер мен аулаларды жарықтандыру, сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелері бар.
Ал, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Senim109» қызметі денсаулық сақтау мәселелері бойынша өтініштерді қабылдай бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жедел ұйымдастыру үшін өңірдегі 75 медициналық ұйымға автоматтандырылған жұмыс орындары енгізілген. Соның нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқарған.
Соңғы бір жарым жыл ішінде денсаулық сақтау мәселелері бойынша 30 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 99 пайызы орындалыпты. Алдағы уақытта «Senim109» базасында қоғамдық көлік диспетчерлік қызметі іске қосылады. Бұл жүйе қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға, маршруттық желіні басқаруды автоматтандыруға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, байланыс орталығының техникалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін жасанды интеллект негізіндегі көмекшілер енгізіліп, «Senim109» мобильді қосымшасы іске қосылмақ.
«Таза Сенім» жобасы – тың жоба
2023 жылдан бері қызмет құрамында арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Қызметкерлер күн сайын елдімекендерді аралап, ашық құдықтар, үзілген электр сымдары және тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін басқа да жағдайларды анықтайды.
Барлық деректер фото және бейнематериалдармен расталады. Сонымен қатар, ақпараттық жүйеге «дейін» және «кейін» форматындағы фотосуреттерді енгізу мүмкіндігі қосылған. Бұл атқарылған жұмыстың нәтижесін нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Ерекше назар аударылған жобаның бірі – Қарағанды облысының прокуратурасы мен ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүзеге асырып жатқан «Таза Сенім» жобасы болды.
«Заң мен тәртіп өзіңнен басталады» қағидаты аясында іске асырылып жатқан жоба азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыруға, формальды жауаптар мен негізсіз шешімдердің алдын алуға бағытталған.
Жоба аясында облыстың барлық 13 қаласы мен ауданында жұмыс кездесулері өткізілген. Әрі өтініштердің сапасын бағалау кезінде жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары басталды.
Зарина АЙТЖАН



