Руханият

“Аңқылдаған ақ самал – аңсағаным…”

Домбыра

Егіз сәби үніндей іңгәлаған,

Домбыраның әуенін тыңда, балам.

Күй сырымен мерейім өсіп бірге,

Онсыз кейде көңілді мұң қамаған.

Арулардың арманы қол жетпеген,

Қара бала қиялы ержетпеген

– Бәрі-бәрі қос ішектен төгіледі,

Қоңыр сазды жүректе тербеп келем.

Ер жігіттің ерлігін ол жасырмаған,

Пернесінде сөйлейді жасыл далам.

Құрманғазы, Тәттімбет, Диналардың

Өзі болып күй шертер ғасыр маған.

Сыр ашады Махамбет, Мәдилерім,

Ұрпағымен ұзартып ән-күйлерін.

Домбырасыз үйімнің сәні келмес,

Домбыра боп туған жер әлдилеген.

Намысы үшін түледім

Басына шыңның шығамын деп те ұмтылдым,

Құладым қайта, құладым қайта, мың тұрдым.

Құдайдың құлы болмады маған жаны ашитын,

Мен шындық үшін шыңғырдым.

Күнкөріс үшін жүрген де жоқпын өмірде,

Жетпеді даусым жаратқан жалғыз тәңірге.

Осы даламның намысы үшін түледім,

Осы даланы көтеріп келем көңілде.

Ақ самал

Ән салдырған,

Көктем келді өзің боп тамсандырған.

Ақ бұлақтар ақ білек бұлтылдаған,

Ойнап-күліп келеді қарсы алдымнан.

Таныстырған, Қиялымды сенімен табыстырған.

Өзің бе деп қаламын бейуақытта,

Ән естілген кездерде алыс қырдан.

Құмар қылған, Арманым-ау, көрейін шығар қырдан.

Кімге мұңын барады шағып әне,

 Сол аққуды кім екен сыңар қылған.

Ән саламын, Көкірек кере жұтам да таң самалын.

Екеумізді көктем ғой таныстырған,

Сені алғаш күткендей қарсы аламын.

Қарсы аламын,

Мен айғайлап әлемге жар саламын,

Арманымдай елес боп жүре берші,

Аңқылдаған ақ самал – аңсағаным.

Жау, жаңбыр

Шөп шықсын, егін шықсын бұрқырап бір,

Көрдің бе, дала біткен шұрқырап тұр.

Тұрсыншы көз алдымда бақытымдай,

Айдындай бидайлы алқап жарқырап кіл.

Жау жаңбыр, төге түсші нөсерлетіп,

Жүр еді тіршілікте есем кетіп.

Алайын молшылықтан үлесімді,

Келсе де күткен шағым кешелдетіп.

Құйшы бір, есім қалмай жүгірейін,

Еңісте топырақ боп үгілейін. Жайқалған егін жайдың арасынан,

Жауқазын бір гүлің боп үңілейін.

Жаушы бір, тамырымды жаяйын бір,

 Әжемнің тоқашына тояйын бір.

Миллиард тауларына шығып алып,

Арманымдай биігіме қонайын бір.

Кәрім САУҒАБАЙ. 

Басқа материалдар

Back to top button