Ақтоғайда модульді мал сою орталығы ашылды
Жуырда Ақтоғай ауданы орталығында «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы аясында модульді мал сою орны пайдалануға берілді. Айта кетейік, бұл аудандағы іске қосылған алғашқы модульді пункттердің бірі болып отыр. Жаңа нысан «Алаш» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жанынан ашылды.
Берекелі бастаманың тұсауын кескен Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Қайыр Болғанбаев, ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергенов кәсіп иелерін құттықтап, сәттілік тіледі.
«Алаш» АӨК төрағасы Асхат Зейнелғабдин нысанды аралатып, таныстырды.
– Біз бұл нысанның құрылысы үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 11 млн. теңге несие алдық. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында үкімет тарапынан 11 млн. теңге субсидия берілді. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған модульді мал сою орнының құрылысы 2018-2019 жылға жоспарланған болатын. Қасапхана тәулігіне 10 ірі қара, 20 ұсақ малды союға қауқарлы. Пункт қызметінің құнын жалпы халық үшін қалтаға салмақ салмайтындай етіп бекітетін боламыз, – дейді Асхат Зейнелғабдин.
Іс тетігін тапқан ақтоғайлықтар бүгінгі таңда тек төрт түліктің басын арттырумен ғана шектеліп қалмай, «Береке» бағдарламасы арқылы мал бордақылау ісін де дамытуға ден қойған. Ендігі жерде түлігін өргізген ауылдағы ағайын жаңа нысан арқылы мал сою мен өнімін сақтаудың сапалы қызметін тұтына алады. Санитарлық талапқа сай. Қазір малды үй жағдайында, қора-қопсының маңында союға рұқсат жоқ.
Жаңа нысанның ең басты артықшылығы – тазалығы. Бұл жерде мал етінің сапасы арнайы аттестациядан өткен ветеринар маманның қадағалауында болады. Тұрғындар модульді мал сою пункті арқылы малдың сойылғаны жөнінде құжатты да еш кедергісіз рәсімдейді. Яғни, мұнда сойылған мал өнімінің сапасын тексеретін арнайы ветеринарлық зертхана арқылы өнімнің тазалығы жөнінде анықтама беріледі. Бұған дейін сойылған мал еттеріне аудан тұрғындары ветеринарлық зертхана анықтамасын Балқаш, Қарағанды қалаларынан алатын. Енді ат арытып, табан тоздырмай барлық жұмысын аудан орталығынан тындырады. Ветеринар маманнан бөлек, кооперативте арнайы қасапшылар қызмет көрсетеді.
Думан ҚАБЫЛ
АҚТОҒАЙ ауданы.