Ақтоғай

Ақтоғай ардақтылары

Еліміз тәуелсіз болғаннан бері Қазақстан тарихы жаңа көзқараспен қайта қаралып, белгілі бір жүйеге келтірілуде. Соның айғағы хандар мен сұлтандар, билер мен батырлардың есімдері жаңғырып, тарих ақтаңдақтары жариялануда. Ақтоғай өлкесі – Сарыарқа орталық жазықтар мен жоталар тізбегі сонау Тарбағатай жоталарынан басталып, осы аймақта туып-өскен ағайынның кіндік кескен туған жері. Қалмақ басқыншыларынан елін, жерін қорғаған Жалаңтөс, Жидебай, Ағыбай сияқты батырлар болды. Ел арасындағы жер дауына елдің, халықтың дәстүрін, салтын сақтауға, адамгершілік, парасаттық, жесір дауына, жер дауына билік айтқан орақ ауыз от тілді Караменде би, Сана би, Шабанбай сияқты дара туған би шешендер мекен еткен. халық қамы үшін жанын пида қылған кемеңгер, көреген Әлихан, Жақып, Әлімхан секілді Алаш арыстарының кіндік қаны тамған жер.

“Ақжолтай Ағыбай”

Ағыбай (1800-1884) атақты Орта жүз сұлтаны Кенесарының қолбасшыларының бірі. Ағыбайдың батырлығын, тапқырлығын, көрегендігін, сапарда жолы болғыш, жұмысты тынымды атқаруына қарай ел оны «Ақжолтай» деп айтып кеткен. Омбы губернаторы Ағыбай батырды патшаға қызмет етуге шақырады, оған батыр көнбейді.

“Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”

Алуан қырлы гауһардай шапақ атып, әрқайсымыздың жан-жүрегімізде жақсылық, ізгілік нұрын сепкен Әлихан Бөкейханов тұлғасы – мәңгілік. Әлихан кезінде қазақ халкының көрнекті көшбасшысы, ғалым, кайраткер, ұлтазаттық қозғалысының көсемі, тұңғыш Абайтанушы, Абайды алғаш рет Ресейге, кейін Еуропа халқына танытқан жазушы, аудармашы, тұңғыш энциклопедист, сыншы. Әлихан Бөкейханов – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алаш партиясын құрушы Алашорда автономиясы үкіметінің тұңғыш төрағасы, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан қаламгер, ғұлама ғалым.

Әлихан қыстағы Желтаудың оңтүстік-шығыс жағында, Қараүңгір деп аталатын жерде орналасқан. Онда биіктігі 5-6 метрдей Әлиханның қара тасы тұр. Бұл тастарды біреу әдейі қалап қойған сияқты. Үстіңгі тас қалпақтың маңдайы сияқты сәл шығып тұрса, бүйір жағынан қараса кеменің бас жағына ұқсайды. Сарыарқаның шоқтығы биік, Әлекеңнің кіндік қаны тамған өлкесі Желтаудың биігіне шыға қалсаңыз көз алдыңызға аты елге белгілі Бегазы қорығы, әріректе қазақтың ұсақ шоқысының ең биік нүктесі – Ақсораңды көресіз. Ал баурайында күндіз-түні тынбай сылдырап Жіңішке өзені ағып Тоқырауынға барып құяды. Жіңішке өзенінің айналасы уақытында ну тоғай болған жер дейді. Топырағы құнарлы, табиғаты бай. Осы далада 1866 жылы наурызда Әлекең дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған оны әкесі Нұрмұхамед он бір жасында орысша үйренсін, оқысын деп Қарқаралы қаласындағы Қали Бекметовтің отбасына алып барады. Бала Әлихан бұл оқуды қанағат тұтпай қаладағы орысша-қазақша 3 жылдық мектеп-интернатқа, одан кейін 4 жылдық кәсіптік училищеге әкесімен келіспей оқуға түседі. Бұл әрекетін әкесі бір келгенде біліп, қарсылық жасамай, батасын береді. Училищені бітіргенде етікші кәсіби мамандығын алады.

1886 жылы Әлихан оқуды әрі қарай жалғастыру мақсатында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. Оқуды жақсы оқып өзінің алғырлығы жағынан мұғалімдер қөзіне түседі. Училищеде оқып жүрген кезінің өзінде әртүрлі мәдени үйірмелерге қатысып, өзінің туған халқының ерекше мәдени әдет-ғұрыптары мен рухани байлығын, салт-дәстүрін, тұрмыс жағдайларымен шұғылданып, оны өзге ұлттардың жастарына таныстырып, насихаттауға тырысады. Сол кездің өзінде 18-ден астам материалды қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарады. Ол қазақ ақындары Шортанбай, Шөже, Орынбай, Найман, Шернияз сияқты көптеген ақын өлеңдеріне ерекше мән беріп, жолдастарының арасында мақтан еткен.

Әлихан Бөкейханов 1890 жылы қыркүйекте Петербургке келіп, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне қабылданды. Оқып жүріп саяси, қаржы, әдебиет және басқа да үйірмелерге белсене қатысып, осы уақытта Ресейдің алдыңғы қатарлы көптеген болашақ саяси қайраткерлерімен танысып, студенттердің революциялық ереуілдеріне қатысып, патша күзетінің қара тізімдеріне іліккен. 3-курста оқып жүріп Петербург университетінің заң факультетін бітірді.

Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалысының басшысы ғана емес, алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. «Оны тарих мойындаған»,– дейді Дінмұхаммед Қонаев. Әлихан Бөкейханов және оның ұлы туралы Қонаевтың студент кезіндегі естелігінен үзінді келтіруді жөн көрдім.

Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күні Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына марқұммен қоштасуға жиналған халық көп болғанын Дінмұхаммед Ахметұлы еске алады. Солардың арасынан бір топ адам оқшаулау тұрады. Келген адамдар топқа әдейілеп бұрылып қол алысып жатқандардың ішінде болғанын, сонда Әлиханды көргенін, оны оң жағынан қолтықтап Нығмет Нұрмақовтың тұрғанын, әкесінің иығына сүйеніп тұрған қызы Елизаветаны, оны қолтықтап Тұрар Рысқұловтың тұрғанын келтіреді естелігінде. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов пен Нығмет Нұрмақовты ертеден білетінін келтіреді естелігінде Д.Қонаев.

“Білімнің қара сабасы”

Әлімхан Ермеков (1891-1970) Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Әбеу халқына қадірлі, озық ойлы, орысша сауатты жан еді. Баласын Қарқаралы қаласындағы училищеге береді, оны үздік бітіргеннен кейін 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына береді. Әлімханға этнограф Потаниннің, Шоқанның досы Н.Ядринцев және Әлихан Бөкейханның кадет партиясының Орталық комитетінің мүшесі болуы үлкен әсер етеді. Алаш орда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалардың көзқарастары мен дүниетанымы, сол кезеңнің өмір шындығына Әлімханның көзқарасы сәйкес келеді. 1918 жылы 2 сәуірде Алашорда басшысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов үшеуі Семейден тікелей байланыс желісі арқылы В.Ленинмен ұлт істері жөніндегі комиссары И.Сталинмен сөйлеседі.

Қазақ шекарасын анықтау мақсатында Әлімхан Ермековті 1920 жылы Мәскеуге жібереді. Бірнеше ай бойы әртүрлі комиссияларға қатысып жер, автономия мәселесі жөнінде докладтар жасайды, айтыс-тартыстарға қатысады. Әлімханның естелігінде: «Мен албрыт жас шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның дана, аса адамгершілік кейпі жүрегімде мәңгі сақталды» дейді. В.Ленин төрелік еткен мәжіліске қатысушылар тегіс үзіліске шыққаннан кейін қазақстандық 15-тен астам делегация, 15-20 минуттай Әлихан Бөкейхановты күткендігін еске алады. Әлихан Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесуге оңаша қалған еді. Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөнінде декретке қол қойды. Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Мұхаметжан Сералиндердің арқасында Ресей территориясына еніп кеткен көп шекаралық жерлер қайтарылды.

Әлімхан Ермеков – алғашқы математик, доцент, профессор. Әлімхан Ермековті алғаш рет Бейбітшілік бульвары тұсында атам Исағали, қызым Жанат үшеуміз отырғанда көрдім. Амандасып өтіп кетіп, қайта оралып «Ақсақал, Шыңғыстаудан емессіз бе?» деп сұрағанда, атам: «қайдан білдіңіз, балам»,– деді. «Тымағыңыздан білдім»,– деп кетіп қалды. Көп жылдар Политехникалық институтында профессор қызметін атқарды.

«Ермековтер шаңырағын ежелден құрмет тұтам, ол Әлекеңнен дәріс алғаным ғана емес, білгенге Ермековтер шаңырағы – білім мен ғылымның ақ ордасы. Сондай шаңырақты қандай қазақ қадірлемесін? Әлімхан – білімнің қара сабасы еді ғой»,– деп Д.Қонаев еске алады.

Тұңғыш заң магистрі

Жақып Ақбаев (1876-1934) Берікқара Еңбек елді мекенінде дүниеге келген. Жақыптың әкесі Ақбай Қарқаралы, Семей өңіріне белгілі ойшыл, көзі ашық, көкірегі ояу дәулетті, несібелі адам болған. Жақыпты әкесі 10 жасында Қарқаралыдағы қазақ-орыс үш жылдық интернатына орналастырады. Оны бітіргеннен кейін Омбы, кейінде Томск гимназиясында оқиды. Оны бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, алтын медальмен бітіреді. Қарым-қабілетінің арқасында Археология институтын қатар бітірді. Студент кезінде бастаған ғылыми еңбегі магистранттық диссертацияға негіз болады. Ж.Ақбаев – Қазақстаннан шыққан тұңғыш заң магистрі атағына ие болған азамат. Ол студент кезінде-ақ өз ұлтының бастан кешіп отырған күрделі қиыншылықтарын ашық жазып, патша әкімшіліктерінің қара тізіміне ілігеді. Елге келген сайын жастарды білім алуға, оқуға шақырады, тәуелсіздікке үндейді. Осы уақыттан бастап ғұмыр бойы астыртын бақылаудан, қуғын- сүргіннен көз ашпайды.

1906 жылы Қарқаралыға келіп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды қайраткерлермен бас қосып үкімет атына дінге бостандық беру, қоныс аударушыларды тежеу, ата-бабасының қаны тамған жерін өзіне қайтару, қырдағы билеу тәртібін ретке келтіру, қазақ жастарынан мамандар тәрбиелеу, ресми істерді ана тілінде жүргізуді талап ететін хаттарын жазады. Патша үкіметі бұдан қатты сескенеді. 1906 жылы тұтқындалып, Семей түрмесіне айдалады. Алашорда үкіметінің құрамына кіріп, бас прокурор қызметін атқарады. Кеңес дәуірінде де «ұлтшыл» деген айыппен екі жыл түрмеде отырады. Воронежге жер аударылады, жылдар бойы зорлық-зомбылықпен, қуғын- сүргінде жүріп, қатты ауруға шалдығып, 1934 жылы қайтыс болды.

“Аспанның аясында ән шалқытқан”

Өнердің шыңына шыққан ұлы өнерпаз, әнші сазгер Әсет Найманбайұлы (1867-1923) әкесінен ерте айрылып 7- 8 жасынан нағашысында тәрбиеленеді. Суырып салма ақын 15 жасынан ақындық, әншілік өнерімен танылған. Би-болыстардың, байлардың, атқа мінерлердің зорлықшыл істерін, қулық сұмдықтарын сынайды. Ел ішіндегі күншілдік, пасықтықты қатты мінейді. Қараңғы қазақ елінің аянышты халіне жаны аши отырып, өнер-білім іздеудің орнына қулық-сұмдық қуған, кертартпа кесірлі әдеттерді, өлеңдерінде қатты сынайды, одан аулақ болуға шақырады. Қазақ қыздарының аянышты жағдайларын, «Мұңлы қыз» поэмасында, «Ағаш ат», «Үш жетім қыз» атты шығармаларында суреттейді. Әсетті кейінгі буын ақындар ойға жүйрік, көркем сөзге шебер, тілге бай шыншыл ақын деп септейді. Әсет дарынды халық композиторы, асқақ әнші «Шама», «Әсет», «Майда қоңыр», «Інжу маржан», «Ардақ» басқа да әндері арқылы халықтың рухани байлығын еселеді.

Байсейітованы сағалап, 1934 жылы Алматыға келеді. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстаның онжылығында Шегенің ариясын орындап, елге белгілі болады. Тума талант Қазақ ССР халық артисі атанады. Алғаш музыкаға баулып, ән салуға, оның сырын ашуға ықпал жасаған Күсенбай, Әміре, Шашубайлар болатын. Манарбек Ержанов – қазақтың Абай атындағы опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі. «Айман-Шолпан» операсында Жарас, «Қыз Жібекте» Шеге, «Біржан Сарада» Елемес және басқа операларда көрнекті рольдерді сомдайды. Әнші есімін есте қалдыру мақсатында Қарағандыда көшеге аты берілген.

“Ақ әже”

Күй сабасын күмбірлеткен Аққыз-Мүгілсім (1897-1980) күйші, домбырашы. Арқаның өрелі өнерлі күйшілік дәстүрінде тәрбиеленген өнерпаз «Қайран елім», «Аққыз», «Қосбасар», «Жетім қыз» тағы басқа күйлерін шығарған. Халық күйлерін шебер орындаушылардың бірі. М.Хамзин, Ә.Әбенов сынды белгілі домбырашылардың ұстазы.

Көрнекті тұлға

Мағауия Хамзин – домбырашы, шертпе күйлерді үздік орындаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. Домбырашылық өнерді әкесі Хамзадан, Хамит, Әшірбек Аққыз сияқты әнші-күйшілерден үйренген. Аққыздан Тәттімбеттің күйлерін үйренеді. Қарағанды филармониясында домбыра өнерінің қыр-сырын жете меңгергені байқалады. Халық күйлерін орындаумен қатар, «Шахтер күйі», «Космонавтар», «Алтын астық», «Жарыс», «Жайлау», «Шопан күйі», «Белгісіз солдат» сияқты көптеген күйлердің авторы.

Абай дәстүрін жалғады

Арқанның ақиық ақыны Нарманбет Орманбетұлы (1860-1918) – халық ақыны. Ол шығыс әдебиеті мен орыстың белгілі ақын жазушылары А. Пушкин, М. Лермонтов, Л. Толстой шығармаларымен жеткілікті таныс болған. Нарманбет өлеңдерінің негізгі тақырыбы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-экономикалық, әлеуметтік қиын жағдайын патша уақытында қазақтардың шұрайлы жерлерінен айрылғанын халықтың ауыр тұрмысын суреттейді. Өлеңдерінде патша саясатына қарсы шығады. «Тілекті берген жері» атты өлеңінде патшаның, тақтан құлағанын қуанышпен қарсы алып, халықтың жағдайы жақсарарына сенім білдіреді. «Айшаға», «Жамалға», «Даусың қалай асылым» өлеңдерін жастық, махаббат тақырыптарына арнайды. Төкпе жырдың ақберендері Шашубай Қошбергенұлы мен Кеншібай Жұбандықұлы осы топырақтың өрендері.

Жәутіковтің дара жолы

Математика ғылымдарының теңдесі жоқ ақбозы Орынбек Жәутіков (1911-1989) – белгілі қазақ математигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ ғылым академиясының академигі, Президиум мүшесі. Республикадағы математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Ғылымға еңбегін сіңірген қайраткер.

Даңқты кенші

Әлихан Мусин (1908-1963) – тау-кен ісі саласындағы Қазақ Совет ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қаз ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қоңырат кенішінде, Өспен руда басқармасында, Алтай полиметалл комбинатында еңбек еткен. 1949 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ ССР ғылым академиясының Тау-кен ісі институтының директоры болды. Алпыстан астам ғылыми еңбектің, үш монографияның, екі өнертабыстың авторы. Лениндік сыйлықтың лауреаты.

Ғалым-агроном

Мүсілім Ермеков (1906-1973) – агрономзоотехник, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақ ССР ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Қазақ ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған. Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ректоры қызметін де атқарды. М.Ермеков Қазақстандағы қой шаруашылығын өркендету мақсатында жергілікті орта жағдайына байланысты қазақы қойды асыл тұқымдармен будандастыру арқылы биязы, жүнді жаңа қой тұқымдарын шығарумен шұғылданған еліміздегі ірі ғалымдардың бірі. Ермековтің 200-ден астам ғылыми еңбектері бар, оның 14-і Орталық Қазақстанда биязы жүнді қой шаруашылығын дамытуға арналған. Мүсілім ағайды нағашым Рай ағаның үйінде бірнеше рет көргенім бар. Ірі денелі, келбетті, қылжақбас адам болатын. Зайыбы бізге ағылшын тілінен сабақ бергенді.

Аграрлы ғылым академигі

Хайдар Арыстанбеков (1916-2008) – агроном, Қазақ ССР ғылым академиясының корр. мүшесі, пофессор Қазақ ССР ауыл шаруашылық министірінің бірінші орынбасары, Қазақ ССР ауыл шаруашылық ғылым академиясының президенті, Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрі, ауыл шаруашылық институтының ректоры, Қазақстан КОПК мүшесі, ҚазССР жоғарғы советінің депутаты сияқты лауазымды міндеттер атқарған.

Өндіріс пен ғылымды тең игерген

Шұғайыпбек Тоқмағанбетов әкесінен ерте айрылып, інілері мен шешесін ертіп, Қарағандыға келеді. 26 бис шахтасына запальщик-тұтандырғыш болып жұмысқа орналасады. Шахта бастығының жолдамасымен 1944 жылы Қазақ Тау-кен институтына түсіп, оны 1949 жылы инженер мамандығын алып шығады. Сосын Горбачев шахтасына бөлімше бастығының көмекшісі, желдету бөлімінің басшысы, бас инженердің орынбасары, 22 шахтаның директоры қызметін атқарады. Шұғайыпбек Тілеубекұлы қазақ КСР көмір өндірісі басқармасының бастығының орынбасары, Қарағанды көмір комбинатының бас инженері, көмір бірлестігінің техникалық директоры қызметтерін, өмірінің соңғы жылдарында Қарағанды облыстық партия комитетінің өндірістік хатшысы қызметін атқарды. КСРО мемлекеттік сыйлықтарының иегері, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Кеншілер одағының президиум және облыстық партия комитетінің мүшесі болды.

Медицинаның тұңғыш докторы

Есімі елімізге мәлім болған жандардың бірі – медицина ғылымының докторы, профессор Гүлбаһрам Тарабаева. Ол – қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы медицина ғылымдарының докторы. Гүлбаһрам Иманбекқызы 1908 жылы Қойгелді елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Иманбек Тарабайұлы Қарасудағы алғашқы мектепті салған, Ақтоғай ауданының іргетасын қалауға атсалысқан азамат. Енді бір қызы Бибі Тарабаева биология ғылымының кандидаты, доцент, бізге университетте оқып жүргенде сабақ берген еді. Қазақ балаларын үнемі қолдап жүретін. Қызы Жанна Тарабаева биология ғылымының кандидаты, доцент, біздің факультетте біраз жыл микробиологиядан сабақ жүргізді, ауыр науқастан ерте қайтыс болды.

Геолог

Төкіш Ақышев (1932-1999) ең алғашқылардың бірі болып Әлихан Бөкейхан мектебін бітірген, бірінші геофизика ғылымының докторы, профессор. Ақтоғай ғалымдарының ішінде алғаш рет КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, алғашқы Казгеофизика геология өндірістік бірлестігін ұйымдастырушысы, кейін басшысы болды. Қазба байлықтарының бірнеше қорын (қорғасын, мырыш, молибден, вольфрам, күміс, алтын, темір, мыс) ашқан, Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде, 8 монография, 11 геологиялық картаның авторы. Шу – Сарысу ойпатынан 100 млрд. куб. газ қорын ашқан азамат еді.

Туған топырақтан нәр алып, түлеп ұшқан танымал тұлғалар қашанда біздің мақтанышымыз. Олардың есімдерін есте ұстап, жаңғырту ұрпақ міндеті. Киелі өңірден әлі талай өрендердің шығатынына сенім зор.

Ортай АБДРАХМАНОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Құрметті қызметкері,

профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button