Жаңалықтар

Қаңтар – қытымыр

    Саршұнақ аяздың әлі де сынатын түрі жоқ. Әдеттегідей, табиғаттың тосын сыйы – біздің «Орталықтың» үнемі назарында.

Сейсенбі күні Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ауа температурасының тым төмендеуіне байланысты, тіптен, қызметкерлерді жұмыста ұзақ ұстамау керектігін ескерткен болатын. Премьер-министр облыс әкімдеріне жылу орталықтарының жұмысын, соның ішінде шағын қалалардағы жылыту қазандықтарының жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылуы қажетін ескертті. Сондай-ақ, көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жылытуға арналған жылжымалы бекеттердің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

Сонымен, Қарағандыда сейсенбіде және кешегі күні мектептерде сабақ болған жоқ.

Синоптиктердің мәліметінше, ауа температурасы 23 қаңтарда күндіз – 26°-ты, түнде – 31°-ты  көрсеткен. Кеше, сәйкесінше, – 26°, – 32° нөлден төмен болған. Ал, желдің жылдамдығы секундына 6-8 метрге дейін жеткен.

Облыстың төтенше жағдайлар департаменті осы екі күнде қалааралық жолдарда шектеу қойылғанын айтады. Мәселен, кеше кешкілік автобустар мен жүк көліктері жолға жіберілген жоқ. Ал, күні бұрын Теміртаудың маңайында тұрып қалған 4 автобус пен 30 жүк көлігі кеше түске дейін толығымен жолға шығыпты. Сондай-ақ, 23 қаңтарда Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылдық округінде сағат 20.20 шамасында үш ер адамның «Әмірхан» қыстағынан шығып кетіп, қайтып келмегендігі туралы хабарлама түскен. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖД бөлімшелерінің қызметкерлерінен және аудандық ішкі істер бөлімінен жедел топтар жіберілді. «Құтқару жұмыстарына барлығы 7 адам, 2 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, үш азамат та қыстағынан 8 шақырым жерден табылып, Ақтоғай ауданына жеткізілді, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», – деген ТЖД мамандары халықты аяздан сақ болуға шақырады.

Иә, айылын жимаған аяз талайды әбігерге салды. Кейбір жүргізушілер бір-бірінің көлігін сүйреп дал болса, енді біреулері үйлерінің азынап кеткенін айтады. Қала осылай «қысылғанда», «ағайынның халі нешік екен?» деп ауыл жаққа алаңдайсыз.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button