Жаңалықтар

Қаңтар – қаһарлы

     Қалпақ пана болмас қаңтар келгелі табиғат тосын мінез танытты. Осы аптаның ортасында тоқтаусыз жауған қар қарағандылықтарды әбден әбігерге салды. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, Қарағанды облысында батыстан соққан жел 20-25, кей жерлерде 30 м/с дейін күшейген.

Боран, ұйытқып соққан желден «Егінді­бұ­лақ-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар автобусы аударылып салдарынан 3 адам жараланған. Жол апаты Бұқар жырау ауданындағы «Қарағанды-Ая­гөз-Бұғаз» тас жолының 103-шақырымында, Шешенқара кентінен 15 шақырым қашықтықта болған. 45 адам құтқарылды. Жолаушылар Шешенқарадағы мектеп ғимаратына орналастырылып, 3 адам ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, қарағандылық құтқарушылар қар құрсауында қалған 20 адамға көмек көрсеткен. Абай ауданында құтқарушылар Вольный және Агрогородок кенттерінің арасында жолда қалып қойған үш көліктегі 10 адамға көмектесті.

Сондай-ақ, Алматы-Екатеринбург тас жолының 986-шақырымындағы Жұмабек ауылының маңында жүк көлігі мен жолаушылар автобусы соқтығысқан. Төтенше жағдайлар қызметкерлері бір адамды құтқарып, тағы 15-ін Қарағандыға жеткізген. Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылына жақын жерде қар құрсауында қалған жеңіл көліктерден 11 адам құтқарылды. Алматы-Екатеринбург тас жолының 1045-шақырымында сынып қалған «Шымкент-Астана» автобусының жолаушыларын құтқаруға жергілікті 52859 әскери бөлімінің сарбаздары атсалысты. 37 адам Теміртауға аман-есен жеткізілді.

Ауа райының күрт бұзылғандығы қала тұрғындарына да оңайға соқпады. Қаладағы мектептер балалардың қауіпсіздігі үшін оқуын тоқтатты. Қалың қар алдымен қаладағы көлік қозғалысын қиындатты. Қар тазалау жұмыстарына арнайы 151 техника мен жұмысшылар көптеп жұмылдырылған. Қалың қар жауған күндері жолды тиісті деңгейде тазалап, төтенше жағдайларға жол бермеу үшін 133 техника жұмысқа шығарылған. Тәулік бойы арнайы кезекшілікке жұмысшылардың 80 пайызы жұмылдырылған. Бірақ, тар көшелердегі жағдай аса қиын. Мамандар коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра беретіндігін мәлімдеді.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button