Ақшатаудың аңқасы кеуіп тұр
Жұртта қалып, жүдеу күй кешкен Ақшатау кентінің (Шет ауданы) ұрты тұщы суға тоқсаныншы жылдардан бері толып көрген жоқ. Жер асты суының бірде көл, бірде шөлдігі кент тұрғындарын титықтатқанына талай жыл. Ресми мәлімдеулерге сүйенсек, жер асты суының аздығы жадау кептегі Ақшатаудың мұңына мұң жамаған. Неше жылдан бері айдың-күннің аманында Ақшатау суды өлшеп, сатып ішуге мәжбүр. Оның өзі күнәра беріледі. Обалы нешік, Шет ауданының әкімдігі бұл проблеманы жоққа шығармайды. Ат-тонын ала қашпады. Олардың айтуынша, наурыз айында жер асты суының кемуі кетеуі кеткен кентке тағы сор болған. Кенттің кез келген жерінен отыра қалып, құдық қазу – мәнсіз. Өйткені, су қоры – жоққа тән. Сонда Ақшатаудың аузы аққа емес, ауыз суға қашан жариды? Жылдар бойы Ақшатаудағы ағайынның көкейін тескен, жанын жегідей жеген жалқы сауал – осы. Оған дәл «Мына жылы!» деп ешкім тағы батыл жауап берген емес. Ал, Ақшатауда күнелткен мыңға жуық ағайын арызын әлі айтып келеді…
Мыңдаған тонна молибден мен вольфрамды қара жер Ақшатауға су бере алмай отыр. Кейінгі жиырма жылдан бері кент судан көрешекті әбден көрді. Кент халқы қанша, кімге шағынса да, ауыз су тапшылығы жойылған жоқ. Кентке тілші қауымның табаны тисе, судың зарын айтады. БАҚ өкілдері арқылы жоғары жаққа «үніміз жетер» деген үміт әлі сөнбеген. Тұрғындардың айтуынша, мал-жанын суармақ түгілі өздері шайлық суға зар.
Ақшатаудың тағдыры комбинатымен тікелей байланысты екендігі фабрика тоқтағанда анық сезілді. Тұрғындар комбинаттың кезінде су 35 шақырымнан арнайы тартылып, өзін де, өзгені де қарық қылғанын айтады. Комбинат тоқтағанда ауыз су да біржола құрыған.
«Ақшатау комбинаты бар кезде 35 шақырым жерден су тартылған. Сол су фабрикаға да, күнделікті қолданысқа да молынан жететін. Одақ тарқап, өндіріс жабылғаннан соң су жоғалды. 1997 жылы 7-8 шақырым жерден скважина қазылды. Ол су аз халықтың өзіне жетпей отыр. 2005 жылы аудан әкімдігі жергілікті қазынадан 25 миллион теңге бөліп, алақандай ауылдың ішіне жаз бойы 23 шүмек орнатқан. Ол шүмектер бар-жоғы екі-ақ айдан соң іске жарамай қалды. Содан бері қарай суды сатып ішеміз», – дейді кент тұрғыны Бүркітбай Зікірин.
Кенттіктер ауылдағы су көзі – жаңбыр мен қар суы арқылы толысады деседі. «Кейінгі уақытта жауын-шашынның азаюы да су қорына салдарын тигізді. Бірақ, солай екен деп қол қусырып қарап отырмай бір қарекет қажет», – дейді тұрғындар.
«Ауылда екінші су сақтау қоймасы бар. Оған көрші ауылдан су тасылып, водовозбен толтырылады. Оның өзін күнәра береді. Жуынатын су түгілі ішетін суға зар боп қалдық. Бұл мәселе 1994 жылдан бері көтерілді. Нәтиже жоқ. Астымыздан су шықпаса да, бір қайран жасалу керек қой. Онсыз да радиациядан уланған халық енді қара суға жете алмай қалды. Күнәра берілетін судың өзін ай сайын адам басына шаққанда 145 теңгеге сатып аламыз. Мал үшін де жеке төлейміз», – дейді Мәкешова Күлғайша.
Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин ауыз судың тапшылығы Ақшатауда наурыз айында ушыққанын айтады. Оның айтуынша, скважинада (ұңғымадағы) су дебиті төмендеп кеткен. Содан су тапшылығы орын алған. Әкімдік тарапынан дер кезінде шара қолданылған. Аудан әкімдігі арқылы тиісті қызметтер жұмылдырылып, ауылдағы 500 текше метрлік су резервуарына төтенше жағдай қызметінің техникасымен су толтырылыпты. Сол арқылы ауылды күнәра сумен қамту қолға алыныпты. Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, жер асты суы қайта шыға бастапты. Скважина арқылы енді 1000 текше метрлік резервуар суға толтырылуда екен. Егер су дебиті бір қалыпқа түссе, суға толған 1000 текшелік резервуардан су күнде берілмек.
«Наурыз айында су болмай қалды. Енді ғана жер асты суы шыға бастады. Қазір скважинаны пайдаланып, төбедегі 1 мың текшелік резервуарға күнде су жинап жатырмыз. Рас, осы күні су күнәра беріледі. Егер су дебиті тұрақталса және 100 текшелік резервуарды толтырып алсақ, суды күнде беретін режимге көшеміз», – дейді Азамат Әбілдин.
Халық күнделікті шаруашылық қажеттіліктерге ауылда мешіт құрылысы үшін арнайы қазылған скважинадан су алып отырса керек.
Тапшылықта су Ақжал кентінен тасымалданған. Осылайша, 500 текшелік резервуар суға толтырылған. Бүгінде онда 450 текше метр су бар көрінеді.
Су көтерілгеннен бері күнде скважинадан 20-30 текше метр су сорылып, 1 мың текшелік резервуарға құйылуда екен. Белгілі бір деңгейге жеткенде Ақшатау суды күнде көрмекші. Ақшатаудағы бізге мәлім етілген судың жайы осындай. Дегенмен, оның проблемасы мұнымен тәмам еместігін және ескерткіміз келеді.
Қызғалдақ АЙТЖАН.