АҚСАҚАЛЫМЫЗ – абырой төрінде

Арқа журналистикасының ардагері, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ақсақалы Аман ЖАНҒОЖИН – абырой төрінде. Бұқар жырау аудандық мәслихатының кезектен тыс ІІІ сессиясында Аман ағамызға «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» атағын беру ұсынысы қолдау тапты.

Аман Жағдаұлы аталған аудандағы Жастілек ауылының тумасы. Қырық жылдан астам ғұмырын журналистикаға, оның ішінде, қолыңыздағы газетке арнады. Бас редактордың бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті.

Аман ағамыз өлкетанушы ретінде де танымал. Бұқар жырау туралы тың деректерді жинастыруға, рухани мұрасын жарыққа шығаруға, баба мерейтойларын өткізуге ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде ұйытқы болып келеді. Жырау кесенесін тұрғызу ісіне белсене атсалысты.

Жылдар бойғы елеулі еңбегінің арқасында облыс әкімінің «Алтын сұңқар», қаламгерлер арасындағы «Алтын жол» сыйлықтарын иеленді.

Ағамызды қалам ұстаған қауым «тірі энциклопедия» атайтынын көпшілік біле бермес. Журналистің жетекшілігімен облысқа қатысты бірнеше энциклопедия жарық көрді. Әріптестеріміз ресми органдардың ресурстарынан, интернеттің ұңғыл-шұңғылынан таппаған деректерін Аман ағамыздан сұрап жататыны жасырын емес.

Жас буынның Аман ағамыздан үйренері әлі көп. Үйретуден жалықпаңыз, Аужеке!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ