Руханият

Ақсұңқарын жатқа оқып Арқа өрені

Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлының рухты, отты өлеңдерін жата жастана жаттап, мәнеріне келтіре оқу арқылы әдебиетке имене аяқ басқан, өлеңге құштар  ұрпақтың легі  өсіп келеді. Жыл сайын осы мезгілде ақынның туған күні қарсаңында өтетін,  қара өлең салтанат құратын, ғибраты мол  дәстүр бар.  «Серік Ақсұңқарұлы оқулары» дәстүрлі байқауы мектеп қабырғасындағы өлеңге ынтық ұл-қыздың биыл да бағы мен бабын сынаған-ды.   Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде өткен байқауға Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мұрындық болған екен. 

Аймақтағы білім ошақтарының 8, 9-сынып  оқушылары өзара бәсекеге түскен жыр-сайысы үш бағытты қамтыды. Әуеліде өрендер  ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Келесі кезеңде  жас ақындар өз шығармашылығын ұсынды. Бұдан соң ақын өлеңдеріне жазылған танымал әндер орындалды.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысуға ықылас танытқан баланың саны елуден асып жығылады екен. 

Сайыстың шымылдығын  Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдіс­темелік орталығы әдіскері Шолпан Жұмабаева ашып, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледж  директоры Есжан Әміров   қатысушыларға сәттілік тіледі. Құрметті қонақ ретінде қатысқан ақиық  ақын Серік Ақсұңқарұлы сахна төрінде өлеңін оқыды.

Сонымен, үш бағытта оза шапқан үздіктер анықталды. Атап айтқанда, «Аруы адамзаттың – өлең деген!» тақырыбындағы бағытта  І орын М.Мәметова атындағы мектеп оқушысы Дилназ Шерімқұловаға бұйырды. ІІ орынды Н.Әбдіров атындағы мектеп тәлімгері Дана Хасенова иеленді.  ІІІ орынды Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Шынасыл Амангелді жеңіп алды. 

– Бүгінгі жас ұрпақтың қара өлеңге қызығушылығын тудыратын Серік аға сынды ірі тұлғалар. Ақын өлеңін танытатын да оқырман қауым ғой қашанда. Оның ішінде жас буын оқырмандар жатқа айтқанда жан сарайын ашардай әсер қалдырады. Бұл үрдістің қазақ тілінің дамуына да үлесі айтарлықтай. Жыл сайынғы дәстүрге айналған жоба биыл да өз деңгейінде өтті деп пайымдаймыз, – дейді Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Ербұлан Мақатай.

Сонымен қатар, «Мен – һас сақтың қара өлеңі…» тақырыбындағы 2-бағыт бойынша  Бұқар жырау ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы   Нұрдәулет Базарбек  І орын тұғырынан көрінді. ІІ орынды  Бұқар жырау ауданы А.Байтұрсынұлы атында­ғы мектеп оқушысы Мәдина Жырымбай алды. ІІІ орынға  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия оқушысы  Әлібек Орынтай лайық деп танылды. 

«Жүрекке жақын әндер»  тақырыбындағы 3-бағытта І орын Бұқар жырау ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы білім ошағының оқушысы Әділ Нұралыға, ІІ орын Балқаш қаласы, С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның оқушысы Гүлфайруз Орынбаеваға, ІІІ орын Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия оқушысы Нұрайлым Айбековаға табысталды. 

– Сайыс өте тартысты өтті дей аламыз. Оқушылардың осы бір талабын көріп өзіміздің өлеңге деген алғашқы ықыласымыз еске түсті. Жалпы қазақ поэзиясында ойып алар орны бар бірегей ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңін жатқа оқу – ол бүгінгі балаға міндеттей-ақ. Бұдан алар тағылым – баланың тілі сынады. Өлең өрлігін ұғады. Патриотизм кәусарымен сусындайды. Міне, бүгінгі жыр додасының негізгі көксеген мақсаты осы деп білемін, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Асқар.

Расында, қазақ әдебиеті тарихында  Қазтуған, Доспамбет жыраулардан бас­талған, Махамбет, Мәди, Қасым ақындар жалғастырған азаматтық лириканың қазіргі сардар жыршысы, Алаш арыстарының бүгінгі тұяғы, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын, публицист, аудармашы Серік Ақсұңқарұлының   шығармаларын насихаттау, дарын иесіне құрмет көрсетуді мақсат тұтқан сайыс осылайша діттегеніне жеткендей.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button