Басты тақырыпРуханият

Ақиқаттың ахикосы

    Жуырда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Арқа төсінде «Ақтастағы Ахиконы» көрермендер назарына ұсынды. К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында сахналанған жаңа қойылым жұртшылықтың жанарынан көл төңкерді. Үш эпизодты драманың авторы – Мадина ОМАРОВА. Белгілі өнертанушы Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ «Мадина – қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» деп санап, жоғары баға берген талантты жазушысы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат МАЕМИРОВ сахналаған бұл қойылым – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үлкен жоба. Аталмыш театр ұжымының табысты еңбегін тамашалауға облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысты. Жалпы көркем туындының идея авторы, алашшыл азамат – Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ.

«Ақтастағы Ахико». Бәрі тақырыпта тұр. Ақтас дегеніңіз – ҚарЛагқа жер аударылып, жазықсыз жапа шеккендерге құрт лақтырған (жендеттер оны ақ тас деп ойлаған!) қазақ ауылы. Ахикоңыз – жапон. Көзі тірі Ахико ақсақал бүгінде 85 жаста екен. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр.

Кешегі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары ел басына қиын-қыстау заман орнаған шақта «Мэйдзи төңкерісін» негізге ала отырып, жапон үлгісіндегі ұлттық мемлекет орнатуға тырысты. Сталиндік репрессияға ұшырағандарға «Жапон тыңшысы» деген жала жабылды. Кейбір азаматтар азаптаулардан кейін мойындау парағына қол қойса да, жапон дегеннің кім екенін білмей кетті. Жаңа қойылым туралы баспасөз мәслихатында театр директоры Ерлан Біләл, Ахико Тэцуро ролін орындайтын актер Дулыға Ақмолда, Ана ролін сомдаған белгілі актриса Данагүл Темірсұлтанова кеңінен баяндағандай, авторлар көркем туындыдағы жапон баласының өмірі арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қасіретін шынайы жеткізе білген. Көрермен қауым Ахико Тецуроның тағдыры арқылы қазақ зиялыларының өміріндегі қилы кезеңдерді көрді.

Жазықсыз жала жабылып, ҚарЛагтың қапасында тұншығып, тұтқынына айналған Ахикомен қатар Әлихан, Әлімхан, Ахметтердің қилы тағдырлары көз алдыңызда қатар өрбіп отырады. Ахико жиынтық образ екенін сезінесіз. Сондай-ақ, тарихи дәлдік іздеудің қажетсіздігін ұғынған жөн. Себебі, Абыз бейнесіндегі Ақбайдың Жақыбы, Сәкеннің әкесі Сейфолла Оспанов, Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмақыновтың Ахикомен бейсана кездесуі автордың көркемдік шешімі болатын.

Тергеушілер Ахиконы «жапон тыңшысы» екенін мойындайтын қағазға қол қойдыру үшін азаптайды. Дәл осы кезеңде сахнаның екінші бетінде жендеттердің қазақ баласын азаптауы көрсетіледі.

Олар Ақын Ахметті қылбұраумен қинап, тырнағының астына ине жүгіртіп, «жапон тыңшысы» екенін мойындауды талап етеді. Жапония үлгісіндегі мемлекет құруды ойлаған Әлиханның асыранды күшігіне балайды. Алайда қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ақын айбынды өлеңін оқып, қайраттана қарсы шығады. Қазақ ұлтының маңдайына біткен біртуар тұлға Әлиханның күшігі болып өлсе арманы жоғын айтады. Бұл жердегі Ақын Ахмет те – нақты тарихи тұлға емес. Ол да Алаш арыстарының жиынтық образы.

Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып, сахнадан алғаш рет көрсетіледі. «ҚарЛагқа түскенде он бес жаста едім. Тажал машина жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. Қарлагтың қапасында 22 мың жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім» – дейді Ахико Тэцуро.

Ахико бейнесі – барлық қазақстандық­тарды елдік пен бірлікке, келісім мен ынтымаққа үндейді.

…Ахико бірде Отанына барамын деп шешті. Жапон халқы оны ерекше ілтипат­пен қарсы алады. Жат жерде қалып қойған соңғы соғыс тұтқыны оралды деп құрмет көрсетеді. Туыстарымен қауышып, сағынышын басады. Бірақ Жапон жерінде тұрақтап қалмай, Қазақстанға қайтып оралады. Мұнысын:

«Мен өзіңе қайтып оралдым, Қазақ­станым. Өз отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Төсі – шалқақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат қазақ елі – енді менің елім; ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен — Қазақстан – енді менің отаным. Еркіндік нышаны боз жусанның жұпарымен осылайша қайтадан, бұл жолы біржолата қауыштым» – деп түсіндіреді.

Үш эпизодтан тұратын спектакль көптің көңілінен шықты. Жиналған қауым көздеріне жас алды. Ересектері өз бастарынан өткен, ата-аналары көрген азапты естеріне түсірсе, жас буын өкілдері қазіргі бейбіт өмірдің парқын түсініп, Тәуелсіздіктің қадірін білді. Қойылым соңында бас кейіпкер Ахико рөлін сомдаушы Дулыға Ақмолда мен ана рөліндегі Данагүл Темірсұлтанова сахнадан түсіп, залда отырған Ахико Тэцуро мен жары Елене Тэцуроға құрмет көрсетіп, гүл шоғын табыстады. Өздерімен бірге сахна төріне алып шықты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры Ерлан Біләл қазақтың ежелгі салтымен Ахиконың иығына оқалы шапан жауып, ізет көрсетті.

Р.S.

Ақ пенен Қараның, Қараңғылық пенен Жарықтың арасындағы майдан. Жарайды. Келістік. Жарықтың жауы – қараңғы. Ал, халықтың жауы кім?!

Әзірше ортада дүңкүйіп отырған суретші Степан. Айналасында аш-арық тұтқындар. Кей уақытта өзіне ұнамағандарын өлтіріп, қандарымен сурет сызады. Мәйіттерін бөлшектеп түрлі мүсін жасайды.

Сізше Степан кім?

Мирас АСАН

Суретте: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл және Ахико ТЭцуро.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button