Руханият

Ақиқатқа айналған арман

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы

Танисың ба, сен мені,

Мен – қазақтың баласы!»

Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың осы өлең жолы «Қазақфильмнің» әйгілі картинасы – «Транссібір экспресіндегі» Қасымхан Шадияровтың айтуымен ел ішіне кең тарады. Прототипі Қасымхан Чалышев – өмірде болған адам. Жаркент милициясының бастығы болып жұмыс істеген. Байдың баласы болғаны үшін қудалауға ұшырап, Кеңес өкіметінің алдында ақталуды ойлап, күрделі операцияны мойнына алыпты. Кейіпкердің қабілетін дәлелдеу жолындағы азаматтық көзқарасынан хабар беретін екі ауыз сөз сол кезеңде исі қазақтың сана түпкірінде жатқан азаттыққа деген ұмтылыстың үніндей еді. Сондықтан да бұл сөз фильмнің ерекше деталі ретінде халық жадында мықтап сақталды.

КСРО кезінде қазақтың азаттық аңсаған үні осы бір деталь мысалындай әр тұстан ақырын ғана естілсе, тәуелсіздік алғанда атойлап, анық шыға бастады. Ұлттық сана жаңғырып, жаңарды, отарсыздану процесі де жүріп жатты. Отыз жылда еліміз көптеген саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени жетістіктерге жетті. Ілгері басқан қадамның ылдиға түсіп, шатқаяқтаған сәті болған жоқ деп айтсақ әбестік болар. Ондай қилы кезеңнен ел бірлігі арқасында өтіп келе жатқанымыз да өзімізге аян.

Әлемдік гуманитарлық ғы¬лымда «ұлт» деген ұғымның екі түрлі түсіндірмесі бар екен. Біріншісі тарихтағы этностың біршама кемелденген шағында эволюциялық жолмен ұлтқа айналу үрдісі деп түсіндірілсе, екіншісі, ұлттың азаматтық мағынадағы түсіндірмесі. Ол негізінен белгілі бір мемлекет азаматтарының саяси-әлеуметтік топтасуы, қауымдастықтың негізгі құндылықтар төңірегінде біртұтас болуы екен.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, ел тұрғындарының санасында екінші түсін-дірмедегі құндылықтар қалыптасып, руына, нәсіліне, ұлтына қарамай «бұл – біздің еліміз» деген мемлекетшіл сана көкжиектен баяу көтеріліп келе жатқан күн сәулесіндей себезгі тартады. Ендігі тілек – сол сәуле шуаққа айналып, азаттық үні ақырын ғана емес, «Танисың ба, сен мені, мен – қазақтың баласы!» деп батыл әрі нық естілгей!

Тәуелсіздік күнінде әр азамат елдің егемендігін бағалап, кешегісіне салауат, бүгінгісіне шүкір айтып, ертеңіне барын салып қамданса, тәуелсіздікке тәу еткеніміз сол болмақ!

Назым ДҮТБАЙ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button