Жаңалықтар

Қаһарлы аяздан қауіп көп

    Абай атамыз суреттеген «кәрі құданың» әлегі әлі де аймағымызды абдыратып тұр. Апшыны қуырған қақаған аяз қаңтармен қоса кетеді деп болжам жасауға ерте сынды. Өйткені, құтырған бурадай алқынып, ақпан келе жатыр. Қазекең «Қаңтар – боранның, ақпан – аяздың қаһарға мінетін айы» деп білген. Бірақ, биыл осы екі айдың орны ауысқан-ау, шамасы.  Қаңтар саршұнақ аязымен қыспаққа алды.

Әсіресе, осы жылғы қыс басқалармен қатар, Қарағанды қаласының тұрғындарын да қалтыратты. Сақылдаған сары аязға Сарыарқаның сары желі қосылғанда сынап бағанасы өткен күндері – 45 градусқа жетті. Қыс келмеді, қар жаумады деп жүргенде табиғат тосын мінезін апталап көрсетті. Облысымызда 21 қаңтардан бастап, аяз да кәріне енді. Аяз салдарынан, республика бойынша бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Ескертулерге қарамастан, жолға шыққандар аяздың қаһарына ұшырады. Бірақ, дер уақытында құтқарылды. Өңірімізде ауа температурасы – 34, – 40 градустан түспеді. Облысымыздың мектептерінде 1-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмады. Төтенше жағдайлар қызметі ауа райының қолайсыздықтары мен мектептегі сабақтардың болмайтындығын ескертіп, «SMS» хабарлама жіберіп отырды. Жергілікті халық бұған да үйрене бастады. Қандай жағдайда да, уақыт өткізбей хабарласып, көмек алуға әдеттенген.

Соңғы оқиғаларға сүйенсек, 27 қаңтар күні Қарағанды облысы ішкі істер департаменті жол-патруль полициясы батальонының полицейлері Алматы-Екатеринбург күре жолында үсіп қалған адамдарға көмек көрсеткен. Алматы-Екатеринбург күре жо­лының 961 шақырымында «Лада Веста» автомобилі бұзылып, далада қалған үш адамды полиция старшинасы Виктор Берг пен аға лейтенант Нұржан Жұмақас құтқарып, «Соқыр» бекетіне дейін жеткізіп салған.  Ажда­һадай ақырған аяз мал баққан шаруа қауымын да түйреп өтті.

Кеше білім ұяларында бастауыш сыныптардан басқасына сабақ болды. Білім бөлімдерінің басшылары ауа температурасына қарай шешім қабылдап отыр. Қазгидрометтің мә­лімдеуінше, Қара теңізден келген циклонның беті қайтқан жоқ. Ауа массаларының ықпалы күшті. Қарағанды облысы бойынша кей жерлерде тұман болуы мүмкін. Көбінесе облыстың батыс және оңтүстік аудандарында тұман қалың түсетін көрінеді. Түнде кейбір жерлерде аяз – 30, – 33 градус аяз болуы ықтимал. Синоптиктердің болжауынша, ауа райы ақпанның ортасына дейін осылай құбылып тұрмақ. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жеке бастың қауіпсіздігі үшін тұрғындарға аязды күндері алыс жолға шықпауды ескертеді. Ал, аяз ақпанның ортасына дейін сақталады деп күтілуде. Биылғы қыс ерекше қаһар көрсетіп тұр. Сақ болайық!

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button