Жаңалықтар

Ағаң болса алдыңда…

Қарашаңырақ «Орталықтың» табалдырығын имене аттаған шағымыз еді. Болатбек Қауысов. Осындағы журналист аға-апалар осы бір есімді ерекше құрметпен атайды. Жазған дүниелерін аңыз ғып айтады. Бірақ, бізге ол қаламгермен бірге қызмет атқару, мектебінен өту бақыты бұйыра қоймапты.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Түс ауа әкімдіктің кезекті бір іс-шарасынан келіп, соның барысынан ақпарат жазып отырғанмын. Есік қағып, бір кісі ішке кіруге мұрсат сұрады. Орнымнан тұрып амандасып, ілтипатымды көрсетіп жатырмын.

– Айналайын, Қасымхансың ба? Атың дүр екен. Мен Болатбек Қауысов деген ағаң болам, – деп жөнін айтып, хал сұрасқан соң, екеуара бірқыдыру әңгіме шерттік. Әлгі есім-сойын ғана білетін қаламгер ағамен сонда жақын танысқанбыз.

Сол мезетте алақандай ақпаратымды да аяқтап қалған едім. Жазу үстінде отырған маған Бөкең: «Қане, бауырым, жазу мәнеріңді көрейінші. Мүмкін болса, редакциялайын», – деді. Мен қуана келістім. Жазғанымызды қып-қызыл қылып беретін редактордың орынбасарына бір мақалам болса да құйрық-жалы таралып баратын болды деп қоямын іштей. Шындығында солай болды да. Ағам жазғанымның үстінен қарап отырып, демнің арасында жып-жинақы дүние жасай қойды. Содан кейін сол кездегі бас редактордың орынбасары Ахат Құрмансейіт ағамызға алып барғанда, ол кісі де әлгі мақаламның үтір-нүктесіне де тиіспей, мағмұрлана қол қойып бергені есімде. Әйтпесе, ол кісінің алдына барған сайын түзетулері жаныма батып, журналистикаға келгенім бекер болды ма деген ойдың кимелейтіні бар еді.

Айтпақшы, Бөкеңнің жақында «Орталықта» жарияланған «Коньки»-ден құтылсақ қайтеді?..» деген мақаласын сол жолғы таныстықта алғаш оқыған едім. Қалтасындағы флеш-жадысын алып шықты да компьютерге қосты. Әр сөйлемін жіліктеп, жеткізіп отырды. Тіл тазалығы жөнінде біраз әңгіме айтты. Одан бері бірнеше жыл өтсе де, сол мақаладағы мемлекеттік тіл мәселесі әлі күнге көкейкесті. Сөйтіп, бір көргеннен бауырына тартып, жақсы сөзімен дем берген Болатбек ағаммен содан бері үзбей хабарласып отырамыз.

Өткен жылдары дін істері басқармасы журналистер арасында байқау жариялап, бір ма­териалым бақ сынаған еді. Ол мақалам Сирия асқандарды «Жусан» операциясымен елге қайтарып, оларға көрсетілген мемлекет қамқорлығы жөнінде жазылған. Журналистер арасында «Тақырып – жарты мақала» деген сөз бар. Шынында да, мақаланың тақырыбы оқырманды тартпаса, мәтіндегі мықты сөйлемің де, жақсы ойың да зая кетуі мүмкін. Мен де ойдағы дүниемді қағазға түсіріп қойып, енді тақырыбын ойланып жүргем. Қағазға қанша нұсқасын түсірсем де, көңілімнен шықпады. Содан жұмыс күні аяқталып, үйге қайтып бара жатқанымда алдымнан Болатбек ағам жолыға кетті. Ойым әлі жаңағы мақалада келе жатқан басым бірден: «Мақалама ат қойып беріңіз, аға», – деп қолқа салдым. Мазмұнын сұрады да, көп ойланған жоқ. «Жусан»: оралу мен оңалу» деп қойсаң қайтеді?», – деп тақырыбымды тарс еткізді. «Мақалаңды сәтті түйіндеу журналистикадағы шеберлігіңді көрсетеді. Атамекенінен ажыраған адам басқасын қойып, өз жұртындағы жусанның да исін аңсайды. Мысырды билесе де, Қыпшақ даласының бір уыс топырағына зар болған Бейбарыс сұлтан есіңде ғой», – деп мақалаға түйін болар ойымды да өзі қорытындылап берді. Бөкең тақырыбын қойып берген сол мақалам сәті түсіп, дін тақырыбы бойынша облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болып еді.

Қазір «Орталықтың» оқырман қауымы мықты публицист, қаламы жүйрік журналист Болатбек Қауысовпен қайта қауышты. Ол кісі биылдан бастап облыстық басылымның Қарқаралы, Егіндібұлақ өңіріндегі өкілі. Шағын ғана ақпарат жазуының өзі бөлек. Мәселен, Қарқаралыда баспана берілгені туралы жаңалықта: «Сөйтіп, отыз алты отбасы он сегіз пәтерлі үр жаңа екі үйге қоныстанып, бір-ақ күнде көрші-қолаң болып шыға келді»,– деп жазады. Шағын ақпараттың шырайын келтіріп тұрған сөйлем, ә?! Осы секілді дүниелерді қаперімізге тоқып, тәжірибемізде ескеріп жүреміз.

Ағамның қаламды қаңтарып қойып, күздей көңілсіз боп жүрген шағы да болды. Бірақ ол журналистикадан көшкенмен, журналистика ол кісіден көш­пепті. Қауысовтың қаламы әлі де қуатында екен. Газетке деген махаб­батыңыз «Орталықтың» кер­месіне қайта әкеліп ат байлатты. Олай болса, ойлы мақалаларыңызды оқырман ғана емес, әріптестеріңіз де асыға күтеді, аға!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button