Бас тақырып

Қоршаған ортаға қамқорлық қажет

Қарағанды облысы еліміздегі экологиясы нашар аймақтардың қатарында екені жасырын емес. Экономиканың бір тірегі саналатын Теміртау шаһарының қары неге қара? Ауа неге лас? Қаламыз неге қоқысқа толуда? Аймақ экологиясының ахуалы неге сын көтермейді? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауапты бірге іздеп көрелік.

Қоршаған ортаға қамқорлық қажет
Коллажды жасаған Марал Әйнекова

Желідегі жазбаларды қарасаңыз, не деріңізді білмей абдырарыңыз анық. Б.Омарханов, А.Әміртай, С.Терещенко сынды қоғам белсенділерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарында жергілікті халықтың осы салаға қатысты алуан-алуан пікірлері құжынап тұр. Жергілікті атқарушы мекемелер, әкімдік өкілдері көбіне мардымды жауап бергенімен, әрекеттері сылбыр. Бұл біз аңғарған мәселенің жүзден бірі ғана. Тұтастай алғанда экологиялық ахуал жан-жақты бажайлап қарауды, нақты шешім шығаруды қажет етеді.

Облыстағы өндіріс көлемінің ұлғаюы экологиялық жағдайға кері әсер етуде. «Қазақмыс корпорациясы», «АрселорМиттал Теміртау», «Орталық Азия Цемент», «Өркен», «Караганда Энергоцентр», «Bapy Mining», «Карцемент», «Kazakhmys Enerdgy», «Kazakhmys Smelting» сынды іргелі өнеркәсіп ошақтары өңірдегі өндірістердің бір парасы ғана. Аталған алпауыттар шығаратын зиянды қалдықтардың азаюын қадағалау – Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі. Біз өзекті сұрақтардың жауабын алу үшін ведомство басшылығына жүгінген едік. Облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков толғақты мәселеге кешенді тұрғыда дерек пен дәйек келтіргенді жөн санап, бірден цифрге ойысты. Департамент басшысының айтуынша, эмиссиялар нормативтерін төмендету бойынша 2022 жылдың І жартыжылдығында атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының жалпы төмендеуі жылына 1427, 984 тоннаны құраған. Өндіріс қалдықтарын орналастырудың жалпы төмендеуі жылына 3 775 200 тонна екен.

Аймақтың экологиялық жағдайына кері әсер ететін факторларды азайтудың бір жолы – кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын толық әрі мұқият орындау. Төте жол – осы.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында және Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрінің тапсырмасы бойынша 2020 жылы Экология департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен, табиғат пайдаланушылармен, сондай-ақ, жұртшылық өкілдерімен бірлесіп, Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын шешу жөнінде 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жол картасын әзірлеген. Құжат жалпы алғанда сарапталған 57 іс-шараны қамтиды. Ал, іс-шараларды орындауға арналған жоспарлы шығындар 208,8 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде кәсіпорындардың меншікті қаражаты – 170 млрд. теңге. Республикалық бюджет – 24 млрд., халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз қаражаты – 14,6 млрд., облыстық бюджет – 260 млн. теңге. Өндіріс басшылығымен жасасқан келісім де бар. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бойынша Ұлттық жоспармен 2025 жылға қарай шығарындыларды 149 мың тоннаға дейін төмендету көзделген еді. «Караганда Энергоцентр» ЖШС шығарындыларды 35 мың тоннаға дейін төмендетуге уәде берді. KazakhmysSmelting шығарындыларды 31 мың тоннаға дейін төмендету қажет. Енді, осы көрсеткіштерге жетуде туындаған қиындықтарға байланысты аталған кәсіпорындармен ұлттық жоспарды төмендету көрсеткіштеріне өзгерістер енгізу ұсынылған. Яғни, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2025 жылға қарай шығарындылар лимитін 242 мың тоннаға дейін төмендету ұсынылса, «Караганда Энергоцентрге» зиянды шығарындылар мөлшерін 43,5 мың тоннаға дейін төмендету ұсынылған. Әттеген-айы, түрлі деңгейлердегі тексерістер өндіріс ошақтарының алыптары техникалық регламентті сақтай бермейтіндігін айғақтады. 2022 жылдың жартыжылдығында 67 тексеру жүргізілген. Оның барысында 111 заң бұзу фактісі анықталған. Оларды жою үшін 111 ұйғарым берілген. Орындалғаны небәрі – 45. Сәйкесінше, жалпы сомасы 97,3 млн. теңгеге 98 айыппұл салынған. 78,3 млн. теңге сомасына 93 айыппұл ерікті түрде төленген, бұл өндіріп алу бойынша 95%-ды құрауда. Бір атап өтерлік тұсы Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексінің енгізілуіне байланысты өсімпұлды төлеу туралы талап өзгерді. Экологиялық кодексінің 175-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау жөніндегі міндеттемесі мемлекет кірісіне есептелетін өсімпұлмен қамтамасыз етіледі. Осылайша, 2022 жылы жалпы сомасы 11,9 млн. теңгеге өсімпұл төлеу туралы 5 талап қойылды. Тұтастай алғанда, өткен жылдарды ескере отырып, 2022 жылдың жартыжылдығында мемлекет кірісіне 276,8 млн. теңге сомаға залалды өтеу бойынша айыппұлдар өндіріп алынды.

Су ресурстарының жай-күйін бақылау – маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Сарқынды суларды жерүсті су қоймаларына ағызу 15 кәсіпорыннан 17 су жіберу бойынша жүзеге асырылуда. Алдын ала деректер бойынша 2022 жылы сарқынды суларды ағызу 779 449,06 мың м3 құрайды. Сарқынды суларды бұру көлемінің шамалы ұлғаюы кәсіпорындардағы карьерлік және шахталық сулардың аз ағуына тікелей байланысты. Сондай-ақ, болат өндірісінің және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тарапынан электр энергиясын өндірудің ұлғаюына байланысты «Қарағанды Су» ЖШС ағызу көлемі 13 ингредиент бойынша ластаушы заттарды нормалауға байланысты ұлғайды деген мәліметтер келтірілді. Әлбетте, бұл орайда тиісінше, ластаушы заттардың төгілу массасы да өскендігін қаперге алғанымыз абзал.

«Жердің берері мол. Бірақ, әр нәрсенің өзі мөлшер-қалыбы бар деген ұғымды біреу жете түсінсе, біреу түсінбес. Бұл салада коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі негізгі проблема ауылдық аудандардағы заңсыз тұрмыстық қалдықтар полигондары. Қарағанды облысының аумағында барлығы 202 коммуналдық қалдықтарды орналастыру объектісі орналасқан, оның ішінде бүгінгі күні 54 тұрмыстық қалдықтар полигоны бойынша рұқсат беру құжаттамасы бар. Оның 148-і заңдастырылмаған және құқық белгілейтін құжаттары жоқ. Мұнымен күрес шаралары күнделікті негізде жүргізіледі деп айтсақ, жаңсақ емес. Әр аптаның алты күнінде «Экологиялық сағат», «Таза бейсенбілік», «Экологиялық акция», «Қоқыс орындарына рейд», «Таза жағалаулар», «Түсіндіру жұмыстары», «Геопортал күні» сынды көптеген шаралар экологиялық инспекторлар тарапынан тынымсыз атқарылып жатады», – дейді Қанат Жантұяқұлы.

Сандаған сауалға салмақты жауап берген спикердің сөзінен түйгеніміз – аймақ экологиясын жақсартуға күш салынуда. Алайда, одан әлгі біз айтқан қоғамдық ортамыз абат бола қойған жоқ-ау. Ендеше, «Ел ағыны мен су ағыны бір демекші» біз атамекеніміздің ауасы – таза, суы – мөлдір қалыбына жету жолында әрбіріміз әліміз келгенше қам қылалық. Бұлақ көрсек, көзін аша жүрелік.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ 

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button