Ресми

Отандық ғалымдардың жалақысы 70%-ға өсті

Отандық ғалымдардың жалақысы 257 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.

Осыған дейін ғалымдардың жалақысы тұрақты болмады және конкурстардың нәтижелеріне байланысты болатын. Енді олар гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық рәсімдерге қарамастан тұрақты еңбекақы алады.

Енгізіліп жатқан қаржы реформалары 1200-ге жуық жетекші ғалымның жалақысын 70%-ға, яғни 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар 74 ғылыми зерттеу институттың кадрлық және ғылыми әлеуетін, отандық ғалымдардың құзыретін нығайтуға ықпал етеді.

«Министрлік зерттеуші ғалымдарға қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Ведомство ғалым мамандығының қаржылық тұрғыдан тартымды болуы және маңызды ғылыми идеялардың тұрақтылығы мен жүзеге асырылуына кепілдік беру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында іргелі ғылым мен зерттеу институттарын базалық қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі шешілді. Ғылым туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, қазіргі уақытта министрлік 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға, оның ішінде жас ғалымдарға арналған конкурстар жариялады.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button