Жаңалықтар

Жеті апалы-сіңілі сарқырамасы

Әйел – Алланың ер азаматтарға жіберген аманаты. Оларсыз өмірдің мәні жоқ. Адамзат баласы «Табиғат-Ана», «Жер-Ана», «Отан-Ана» деп өмірдегі ең қымбат асыл қазынасын анаға теңейді. Әйел затын жырға қосып, ең әдемі әрі киелі орындарды әйелдің атымен атаған. Солардың бірі – Норвегиядағы «Жеті апалы-сіңілі сарқырамасы».

 Жеті апалы-сіңілі сарқырамасы (Seven Sisters) – Норвегиядағы биіктігі жағынан 39-орында. Ең биік нүктесі – 410 метр, ең үлкен құлау биіктігі – 250 метр. Максималды ені – 223 метр, көлденең жазықтықтағы ұзындығы – 213 метр.

Жерінің көп бөлігі таулы аймақтан тұратын Норвегия сарқырамалардың отанындай. Бұл жан-жағын жайпап, кезінде алып империя құрған викингтердің асқақ рухы шығар, сірә. Атауы айтып тұрғандай, табиғат құбылысының жеті бөлек арнасы бар. Көрген жанның ақыл-есін ұрлайтын, сөзбен әспеттеу мүмкін емес сұлулыққа ие сарқырама 2005 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізімінде.

Сарқырама Гейрангер ауылынан батысқа қарай 6,5 шақырымдай жерде орналасқан. Көрсеңіз, Құдай нұры түскен мекен дерсіз. Кіршіксіз тазалық пен шексіз сұлулық жаныңызды арбап, «Әлемді сұлулық құтқарады» дегенге сене түсесіз.

Жеті апалы-сіңіліге қарама-қарсы жағада – «Күйеу жігіт» деп аталатын жалғыз сарқырама, сәл әріде – «Қалыңдық жамылғысы» сарқырамасы көз тартады.

Тарихи сарқырама жайлы аңыз көп. Солардың үшеуі халыққа кең тараған.

Алғашқысында, «жеті апалы-сіңілі тауда ойнақтап билеп, еркелеп ғұмыр кешкен. Ал, қарсы тұрған «Күйеу жігіт» оларға ессіз ғашық болып, олармен алыстан сырласқан» делінеді.

Келесісінде жас викингтің белгілі бір отбасының қызына үйленуге шешім қабылдағаны айтылады. Бірақ, ол үйде бір емес, жеті бойжеткен қыз бар-тын. Оған әдемі қалыңдық жамылғысын сатып әкеліп, арасынан өз жарын таңдау бұйырылады. Алайда, жамылғы сатып әкелген жігіт, күте-күте көзі төрт болып, жеті арналы сарқырамаға айналған жеті аруды көріп, орнынан қозғала алмайды. Сол сұлулыққа таңданып тұрған жерінде, сарқырамаға айналған. Ол – «Күйеу жігіт» деп аталады. Жігіттің қолындағы жамылғы да нәзік сарқырамаға айналып, «Қалыңдық жамылғысы» деген атқа ие болған.

Сарқыраманың бөлек бейнесін сипаттайтын үшінші аңыз «Күйеу жігіт» сарқырамасымен тығыз байланысты. Жамылғы сатып әкелген күйеу жігіт жеті қыздың біреуін таңдай алмай қиналып, қыздардың әкесі де қарсы болады. Ғашықтықтан есінен айрылған жігіт ішімдікке салынып, соңында қарама-қарсы маңда сарқырамаға айналады. Жақсылап қарасаңыз, «Жеті апалы-сіңілі сарқырамасының» әр арнасы жеті бөтелкеден ағып тұрған су сияқты. Сарқыраманың жеті арнасын жеті арудың аппақ денесіне төгілген ұзын бұрымы ма дерсің…

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button