Вице-президент мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді
Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Карин мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Оrtalyq.kz akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Ерлан Карин Астана қаласындағы №503 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Аталған учаске Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында орналасқан.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берген болатын.

Айта кетейік, бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Сайлау науқаны аясында республика бойынша 228 мәслихаттың құрамы жасақталып, 3 447 депутаттық мандат бойынша сайлау өткізіледі. Жалпы, елімізде 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Таңертеңнен бері қазақстандықтар сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша республика көлемінде сайлаушылардың 45,46 пайызы дауыс берген. Дауыс беру учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



