Дауыс бер де, кітап ал!
Әлихан Бөкейхан ауданы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде орналасқан №149 сайлау учаскесінде барлығы 2431 сайлаушы тіркелген. Қазіргі уақытқа дейін олардың 400-ге жуығы өз таңдауын жасаған.

Учаскеде «Әділет» және «Қазақстанның Халық партиясынан» байқаушылар жұмыс істеп жатыр. Олар дауыс беру процесін таңғы сағат 7:00-ден назарла ұстауда.
– Біз таңғы 7:00-ден бастап дауыс беру барысын бақылап отырмыз. Әзірге ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Барлығы заң талаптарына сәйкес, – деді «Қазақстанның Халық партиясының» байқаушысы Мархаба Төлепбергенова.

Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында мәдениет үйінің әкімшілігі дауыс беру учаскесінде «Кітап алмастыру» буккроссингін ұйымдастырған. Мұнда тұрғындар қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптармен танысып, өздеріне ұнағанын алып кете алады. Сондай-ақ, оқып болған кітаптарын әкеліп, орнына басқа кітап алуға немесе оқылған кітаптарды өзгелермен алмастыруға мүмкіндік бар.

Учаскеде сайлау науқанын өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Сайлаушыларға арналған бес дауыс беру кабинасы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бұрыш қарастырылған.
– Учаскеде барлығы 9 адам жұмыс істейді. Оның ішінде төраға, төраға орынбасары, хатшы және алты комиссия мүшесі бар. Барлығы өз міндеттерін тыңғылықты атқаруда. Дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр, – деді №149 сайлау учаскесінің төрағасы Назым Абдуахитова.
Сонымен қатар, үйден дауыс беруге өтініш берген 11 сайлаушыдан дауыс алынған.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



