Ой додасының ордасы
Балқаш қаласындағы №12 жалпы білім беретін «Келешек» мектебінде шахмат кабинеті ашылды. Бұл бастама оқушылардың зияткерлік қабілетін арттырып, логикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Салтанатты шара барысында оқушылар ән айтып, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, қатысушыларға шахмат ойынының тарихы, фигуралардың атаулары мен ойынның өзіндік ерекшеліктері таныстырылды. Жаңа кабинетте бастауыш және жоғары буын оқушыларына арналған екі топ жасақталған. Мұнда балалар шахматтың қыр-сырын меңгеріп, өз қабілеттерін шыңдай алады.
Айта кетейік, мектепте шахмат үйірмесі бұған дейін де жұмыс істеп келген. Соның нәтижесінде балқаштық жас шахматшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр.
Мектеп директоры Гүлзада Манатаеваның айтуынша, білім ордасында шахматқа қызығатын оқушылардың қатары көп. 2025 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған мектепте алғашқы күндерден бастап-ақ шахмат ойынына ерекше қызығушылық танытқан балалар шоғырланған.
Оқушылардың ынта-ықыласын ескерген мектеп республикалық «Білім берудегі шахмат» жобасына қосылған. Жоба аясында бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі оқушыларға шахмат сабақтарын ұйымдастыру көзделген. Жаңа кабинеттің ашылуы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жасалған тағы бір мүмкіндік. Шахмат арқылы балалар тек ойын тәсілдерін үйреніп қана қоймай, сабырлылыққа, шешім қабылдауға, алға жоспар құруға және қарсыласының әрекетін саралауға дағдыланады.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



