Өңір болашағына көзқарас
Шет ауданындағы №632 сайлау учаскесінде мәслихат депутаттарын сайлауға тұрғындар отбасымен де келіп жатыр. Бұл – азаматтардың саяси өзгеріске саналы негізде мән беруінің айғағы болса керек. Дауыс беруге келген отбасылар қатарында Бекеновтер де бар. Мұрат пен Мая Бекеновтер маңызды саяси науқанға бірге келіп, дауыс берді.

Отбасымен бірге сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру – ортақ азаматтық ұстанымды білдіру. Әрі кейінгі буынға жауапкершіліктің мәнін көрсетудің де бір жолы. Өйткені елдің ертеңіне, қоғам өміріндегі маңызды шешімдерге үн қосу әр азаматтың белсенділігіне байланысты.

– Біздің отбасымыз үшін сайлауға қатысу – өңіріміздің болашағына деген көзқарасымызды білдіру. Әр дауыстың маңызы бар екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан осындай маңызды науқаннан шет қалмау керек. Отбасымызбен бірге келуіміздің де осындай өзіндік мәні бар, – дейді Мұрат Бекенов.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ШЕТ АУДАНЫ



