Жастар таңдауы – жарқын болашақ
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы «Заң мен тәртіп» идеологемасы және «Salauatty ómir saltyn tańda» жобасы аясында жастармен кездесті.

Жиынның негізгі мақсаты – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеп, спорт пен белсенді өмір салтының маңызын түсіндіру. Кездесу барысында құқықтық мәдениет, заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және әр адамның өз болашағына жауапкершілікпен қарауы жөнінде ой қозғалды.
Кездесуге «Шахтер» футбол клубының қақпашысы әрі капитаны Игорь Шацкий, Қарағанды қаласы Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының орынбасары Сұлтан Мұқаналиев, бокстан аға жаттықтырушы Игорь Егорычев және футбол блогері, контент-мейкер, QJ League мен «Шахтер» футбол клубының амбассадоры Темірлан Орынбаев қатысты.
Әр салада еңбек етіп жүрген спикерлер жастармен өз тәжірибелерін бөлісіп, жетістікке жетудің жолы, тәртіп пен табандылықтың маңызы туралы әңгімеледі. Спортшылар өз өмірлерінен мысал келтіре отырып, биік мақсатқа жету үшін жүйелі дайындық, жауапкершілік пен ерік-жігер қажет екенін атап өтті. Ал, құқық қорғау саласының өкілі заң талаптарын сақтаудың, құқықбұзушылыққа жол бермеудің және қоғамдық тәртіпке бейжай қарамаудың маңызын түсіндірді.
Мұндай кездесулердің мәні – жастарға құрғақ ақыл айту емес. Керісінше, өмірлік тәжірибе арқылы дұрыс бағыт көрсету. Өйткені, жас адамның болашағы күнделікті қабылдайтын шешімдері мен таңдауларына тікелей байланысты. Заңды құрметтеу, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстау, спортпен шұғылдану және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – саналы ұрпақ қалыптастырудың негізгі алғышарттары.
Жастармен өткен тағылымды жүздесу дұрыс таңдау жасаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Себебі, жарқын болашақ кездейсоқ қалыптаспайды. Ол тәртіптен, табандылықтан және үздіксіз ізденістен басталады.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



