Аймақ

Шикізаттан дайын өнімге дейін

Қарағанды облысында өнеркәсіптің жаңа бағытын қалыптастыруға негіз болатын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – биыл ғана өз жұмысын бастаған Silumin of Qazaqstan зауыты. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорынға 20,6 млрд теңге инвестиция салынған. Мұнда алюминий және биметалл жылыту радиаторлары өндіріледі. Өндіріс қайталама шикізатты өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық технологиялық циклді қамтиды. Жобалық қуаты жылына 5 миллионға жуық радиатор секциясын өндіруге есептелген.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіптік өндірісті жаңғырту және шикізатты терең өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнім шығарудың маңызын үнемі атап өтіп келеді. Бұл – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетудің негізгі тетіктерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысында қолға алынған алюминий кластері аталған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты жобалардың қатарынан орын алады.

Жаңа кәсіпорын алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаруға маманданған. Алайда жобаның ауқымы мұнымен шектелмейді. Өндіріс толық технологиялық циклге негізделіп, алюминий сынықтарын қайта өңдеуден бастап, одан профильдер, кабельдер, тұрмыстық бұйымдар, тіпті, ыдыс-аяқ пен жарық техникасын жасауға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.

Бұл тәсілдің экономикалық тиімділігі зор. Өйткені, шикізатты бастапқы күйінде өткізумен салыстырғанда, оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру әлдеқайда жоғары қосылған құн қалыптастырады. Бүгінде отандық өндірістің ауқымы кеңейіп, ішкі нарықтың сұранысын жергілікті өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі артып отыр.

Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – экологиялық талаптарға басымдық берілуі. Өндірісте қолданылатын экологиялық таза decoating технологиясы зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған. Ал, қайталама шикізатты қайта пайдалану табиғи ресурстарға түсетін салмақты төмендетіп, өндірістік қалдық көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Яғни, жоба экономикалық тиімділік пен қоршаған ортаны қорғау міндеттерін қатар ұштастыруды көздейді.

Зауыт технологиялары Италия мен Германияның салалық институттарының қатысуымен әзірленген. Зауыт жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабек кәсіпорын қазірдің өзінде шикізат базасын қалыптастырып, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге кіріскен.

– Кәсіпорын ретінде біз шикізат базасын қалыптастырып жатырмыз. Алюминий сынықтарының қатты және жұмсақ фракцияларын қоса алғанда, әртүрлі түрлерін қайта өңдеп, түрлі сериядағы қорытпаларды аламыз. Ғылыми ұйымдармен бірігу бізге қажетті құзыреттерді береді. Республикада бұл бағыт әлі де жеткілікті деңгейде дамымағандықтан, университеттерді тартудамыз. Қазақстанда энергетикалық ресурстарға, шикізат пен инфрақұрылымға қолжетімділік бар. Алайда, одан әрі даму үшін технологиялық білімді арттырып, өнімнің қосылған құнын көбейту маңызды, – дейді Нұрсұлтан Жұмабек.

Қазіргі уақытта зауыттағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, алғашқы сынамалық құю жұмыстары жүргізілген. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын шығаруға есептеліпті. Жобаның тағы бір маңызды қыры – ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы. Алюминий кластері өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «КарТех» жобасын негізге ала отырып құрылған. Жоғары оқу орны өндірістік шешімдерді әзірлеу, материалдардың қасиеттерін зерттеу, технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеу және шикізат сапасын талдау бағыттарында жұмыс жүргізеді

– Біз кәсіпорын үшін технологиялық шешімдерді әзірлеп, жетілдіреміз. Өнімнің механикалық қасиеттеріне зерттеу жүргіззіп, шетелдік технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеуге көмектесеміз. Сонымен қатар. шикізат базасын іздеу және талдау жұмыстарымен айналысамыз. Өнім сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Өндірістің өркендеуі білікті кадрларға деген сұранысты да арттырып отыр. Сондықтан, жоба аясында мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазірдің өзінде университет түлектері зауытта еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта жоғары оқу орны мен кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, түсті металлургия саласына қажетті мамандар даярлау көзделген. Алғашқы кезеңде кәсіпорында 250-ге дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткішті 750-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Шикізатқа бай ел болу маңызды. Алайда, сол байлықты жоғары технологиялы өнімге айналдыра білу одан да маңызды. Сондықтан, Қарағандыда қолға алынған алюминий кластері – өнеркәсіпті жаңғыртуға, отандық ғылымның әлеуетін өндірісте пайдалануға және экономиканың жаңа өсу нүктесін қалыптастыруға бағытталған қадам.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button