Бас тақырып

Ел дамуына қоғамдық көзқарас оң

Тәуелсіздік – қоғамның басты құндылығы әрі ел дамуының негізгі бағдары. Оның мәні мемлекеттілік тарихымен ғана емес, Қазақстанның бүгінгі даму жолына қатысты қоғамдық көзқараспен де айқындалады. Мұны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 8 105 респонденттің қатысуымен жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері де растайды, деп хабарлайды Оrtalyq.kz kisi.kz сайтына сілтеме жасап

Сурет kisi.kz

Тәуелсіздік барлық буын өкілдері үшін бірдей маңызды құндылық саналады. Зерттеуге қатысқан әр жастағы респонденттер оны өмірдегі басты құндылықтардың бірі ретінде атаған.

Сауалнама нәтижелері қоғамның барлық негізгі әлеуметтік-демографиялық топтарында Қазақстанның даму бағытына қатысты оң көзқарас басым екенін көрсетті. Атап айтқанда, қазақстандықтардың 93 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бұл көрсеткіш жастар арасында тіпті жоғары. 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 95,1 пайызы елдің даму жолын қолдайтынын білдірген.

Зерттеу барысында азаматтардың мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына деген көзқарасы да сараланған. Респонденттер бірлік пен заң үстемдігін нығайтуға, мәдениет, білім және ғылымды дамытуға бағытталған шараларға жоғары баға берген.

Сонымен қатар, елдің даму бағытына берілген баға мен мемлекеттің азаматтардың талап-тілегіне құлақ асу қабілеті арасында өзара байланыс бар екені байқалады. Мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарына назар аударып, олар көтерген мәселелерді шешуге күш салады деп санайтындардың басым бөлігі елдегі даму үдерісіне де оң баға берген.

Бұл үрдіс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қатысты пікірлерден де көрінеді. Сауалнамаға қатысқандардың 82,4 пайызы аталған қағидаттың жүзеге асырылуын оң бағалаған. Әсіресе, 18-29 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 89,6 пайызға жеткен. Ал, 61 жастан асқан азаматтардың 77,6 пайызы да осы бағыттағы жұмыстарға оң көзқарас білдірген.

Осы деректер қоғамның елдегі өзгерістер мен реформаларға деген көзқарасы Қазақстанның жалпы даму бағасымен сабақтас екенін аңғартады. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жүргізілген зерттеу нәтижелері азаматтардың басым бөлігі елдің бүгінгі даму бағытын қолдайтынын және мемлекеттің қоғамдық сұранысқа жауап беруіне мән беретінін көрсетеді.

Айта кетейік, қоғамдық пікір сауалнамасы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 5 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілген. Зерттеуге 18 жастан асқан 8 105 азамат қатысқан. Сауалнама еліміздің 17 облысын және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтыған.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button