АймақБас тақырыпШет

Қыран құс не алмайды, салса баптап…

Қазақ даласында қыран баптап, саят құру өнері қашан да айрықша құрметке ие болған. Атадан балаға аманат болып жеткен көне дәстүр уақыт өткен сайын түрленіп, жаңаша сипат алып келеді. Бүгінде ұлттық мұраны ұлықтап, құсбегілік өнердің қадірін кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында еліміздің әр өңірінде түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі күні кеше Шет ауданының Кеңшоқы ауылында өткен «Салбұрын – 2026». Аталған додаға еліміздің түпкір-түпкірінен 70 құсбегі жиналып, құс баптаудағы тәжірибесі мен шеберлігін сынға салды. Нәтижесінде, өңір намысын қорғаған саятшылар бір күміс және үш қола жүлде еншілеп, жерлестердің мерейін үстем етті. Ал, чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысып, саятшыларға ақжарма тілегін білдірді. Әрі ата-бабадан жеткен асыл мұраны сақтап, оны бүгінгі заманмен сабақтастыра дәріптеудің маңызын атап өтті.

Суреттер жүлдегерлердің жеке мұрағатынан

Саятшылық өнердің салтанат құрған күні Кеңшоқыда киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Кәсіпкерлер алаңында жергілікті өндірушілер мен қолөнер шеберлері өз өнімдерін таныстырды. Келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары тарту етті. Кеңшоқы төрінде дәстүрлі өнер дәріптеліп, халқымыздың бай мәдени мұрасы мен қазақы болмысы кеңінен насихатталды. Шара барысында Әлібек Үсенұлы сөз алып, ата-баба мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталды. Саятшылық өнердің, тазы баптау мен жылқы өсіру дәстүрінің халқымыз үшін айрықша құндылық екенін атап өтті.

– Ата-бабамыз рухани және материалдық құндылықтарды ұлттың асыл қазынасы санаған. Солардың ішінде қыран құс, тазы мен жылқының орны ерекше. Бүгін осы асыл мұраларымыздың қадір-қасиетін танытып, баптау мен күтудің қыр-сырын меңгерген шеберлердің өнеріне куә болып отырмыз. Қанжығаларыңыз майлана берсін! Құсбегілердің араларында осыдан бірер апта бұрын Абай облысында өткен республикалық турнирде 70-тен астам құсбегінің ішінде топ жарып, жүлделі орынмен оралған қатысушыларымыз да бар. Бүркітін қиядан ұшырып, ителгісін құсқа салған саятшылардың өнерін тамашалап тұрып, қиын-қыстау заманда бүкіл ауылды асыраған жалғыз аңшы туралы аңыз есіме түсті. Халқымыздың аңшыларды айрықша құрметтейтіні де – содан. Ел аузында кең тараған аңызды бүгін «Салбұрынға» келген ақсақалдардан тағы бір мәрте естіп, аңшылық өнердің ерлікпен, елдікпен сабақтасқанына көзіміз жетті, – деді Әлібек Үсенұлы.

Чемпионат үш санат бойынша, яғни, бүркіт, ителгі және қаршыға арасында өтті. Әр бағытта қыран құстардың қырағылығы мен шапшаңдығы, құсбегілердің баптау шеберлігі сынға түсті. Бәсеке барысында құстардың табиғи қабілеті мен бабына келтіру өнері де қатар бағаланды. Бүркітшілер бәсекесіне сегіз қыран қатысып, құсбегілер үш кезең бойынша өзара мықтыны анықтаған. Алғашқы кезеңде бүркіттер 500 метр қашықтықтан қолға шақырылса, екінші кезеңде 500 метр жерден шырғаға салынды. Ал, шешуші сында қырандар қоянға түсіп, бабын да, бапкерінің шеберлігін де көрсетті.

Бұл сында өңір намысын қорғаған Қарқаралы ауданына қарасты Бақты ауылының құсбегісі Ерік Бақтығалидың үш жасар «Алабас» бүркіті жүлделі ІІІ орынға ие болды. Құсбегінің бүркіт баптау өнерімен айналысқанына небәрі үш жыл ғана болған. Осы уақытқа дейін қаншама жарысқа қатысқанымен, бүркітімен жүлдегерлер қатарынан көрінбеген еді. Шет өңірінде өткен осы турнирде «Алабас» үздік үштіктен көрініп, иесін бір қуантып тастады.

– Қолымда әзірге осы бір ғана бүркітім бар. Бұған дейін бүркітпен жүлделі орынға ие болмаған едім. Дегенмен, былтыр дәл осы жерде өткен чемпионатта қаршығаммен І орын алғанмын. Әрі былтыр Алматыда ұйымдастырылған «Ақбидай» ойындарында сол қаршығаммен ІІ орын иелендім. Бұл жолы бүркітім барын салды. Қазір бабында. Осындай үлкен бәсекеде жүлде алып, мерейімді өсірген қыраныма ризамын. Алда әлі талай жарыс бар. Солардың да биігінен көрінеміз деген үмітім зор, – деді Ерік Мейрамбекұлы.

Бүркіт сайысында Жамбыл облысының құсбегісі Серікболсын Жалғасұлының қыраны топ жарса, елордалық Ерасыл Серікбекұлы ІІ орынға тұрақтады.

Ителгі бәсекесіне тоғыз құсбегі өтінім беріп, өзара мықтыны анықтады. Бұл санаттағы сайыс та үш кезеңнен өткен. Алдымен ителгілер 250 метр қашықтықтан қолға шақырылса, кейін далбайға және қоянға салынды. Әр кезеңде құстардың шапшаңдығы, шабуылдау шеберлігі мен бабына келу деңгейі жеке бағаланған. Нәтижесінде, Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылының құсбегісі Темірәлі Төлегенұлының «Жұлдыз» атты ителгісі жүлделі ІІ орынға ие болды. Айта кетейік, бұл қыран бұған дейін де өңір намысын абыроймен қорғаған. Атап айтсақ, «Абай Салбұрыны – 2026» республикалық чемпионатында да ІІ орыннан көрінген. Бұл жолы да үздіктер қатарынан табылып, тұрақты бабын тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Бізге ұпай саны аздап жетпей қалды. Екінші кезеңде далбайға салғанда «Жұлдыз» үш минут ішінде 40-тан астам шабуыл жасады. Ал, І орын алған құстың шабуылы 50-ден асты. Сондықтан, ұпай айырмашылығымен ІІ орынға тұрақтадық. Абайда өткен чемпионатта да чемпиондыққа бір табан жақын болғанбыз. Десе де, ителгім биыл бабында. Алдағы жарыстарда бұдан да жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін, – деді Темірәлі Төлегенұлы.

Дәл осы аталымда өңір намысын қорғаған Шет ауданының құсбегісі Тұрсын Жағыппаровтың «Самал» атты ителгісі қола жүлдеге қол жеткізді. Үш жасар құс жарыс барысында жақсы қырынан танылып, далбай мен қоянға түсу кезеңдерінде де шеберлігін көрсеткен. Десе де, жалпы қорытынды бойынша ұпай санымен  үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұған дейін «Самал» бірнеше турнирде бақ сынағанымен, жүлдегерлер қатарынан көріне қоймаған еді. Бұл жолы үш жасар ителгі алғаш рет жүлделі орынға табан тіреп, иесінің де мерейін үстем етті. Сонымен қатар, Тұрсын Жағыппаров «Абай салбұрыны – 2026» турниріне өзінің «Аңыз» атты бүркітімен де қатысқан. Алайда, ол турнирде жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Ителгі бәсекесінде Астана қаласының өкілі Ерлан Кенжетаев үздік атанды. Жүлделі ІІ орын Бұқар жырау ауданының құсбегісі Темірәлі Төлегенұлына бұйырса, ІІІ орынды Шет ауданының өкілі Тұрсын Жағыппаров иеленді.

Қаршыға сайысына 12 құс тіркеліп, қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Алдымен қаршығалар 250 метр қашықтықтан қолға шақырылса, кейін кептер мен қоянға салынды. Бұл санатта Шет ауданына қарасты Өспен ауылының құсбегісі Серік Кәріпов жүлделі ІІІ орынға ие болды. Оның құсбегілік өнермен айналысып жүргеніне үш жылдан асқан. Үш жастағы «Кербез» атты қаршығасын балапан кезінен өзі баптап, түлеткен. Осы уақыт ішінде түрлі жарыстарға қосып, тәжірибесін шыңдап келеді. Айта кетейік, «Кербез» бұған дейін Абайда өткен республикалық турнирде де ІІІ орын иеленген. Ал, былтыр Шет ауданында ұйымдастырылған чемпионаттан да жүлдемен оралған.

– Жалпы, чемпионаттың алғашқы екі кезеңінің қорытындысы бойынша І орында келе жаттым. Ұпайымыз өзгелерден жоғары еді. Алайда, шешуші үшінші кезеңде сәттілік серік болмады. Қаршығам қоянға қарай ұшқанымен, оған түспей, басқа бағытқа бұрылып кетті. Негізі, дәл осы жаттығуда Абайда өткен чемпионатта жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары ұпай жинаған еді. Бұл жолы кеткен кемшілік өзімнен болды. Құсбегілікте жарыс алдында құстың жемін реттеп, бабына келтіру маңызды. Ал, бұл жолы жарысқа бір күн қалғанда қаршығама жем беріп қойдым. Қарны тоқ болғандықтан, қоянға түспеді. Егер осы кезеңді сәтті орындағанда, І орынға таласуға мүмкіндік бар еді. Десе де, «Кербез» бұл жолы да олжасыз қалған жоқ. Алда Алматыда үлкен турнир өтеді. Енді соған дайындаламыз, – деді Серік Нұрабайұлы.

Қаршыға санатында Алматы қаласының құсбегісі Ермұхан Баятбайдың құсы дараланса, ІІ орын жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының құсына бұйырды.

Осылайша, ұлттық саятшылық өнердің мерейін асырған чемпионат тартысқа толы бәсекесімен есте қалды. Дала дәстүрін дәріптеген дүбірлі додада құсбегілер өзара тәжірибе алмасып, бап пен бабын келтірген құстарының қарымын да сынға салды. Ең бастысы, осындай тағылымды шаралар арқылы ата-бабадан аманат болған асыл өнердің абыройы асқақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғаудың маңызы айқындала түсті.

Шет ауданы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button