ЖаңалықтарРуханият

Алаш арысы ардақталды

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен бірлесіп, Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай «Алаштың заңгер тұлғасы: Жақып Ақбаев мұрасы және тәуелсіздік идеясы» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Тағылымды шара барысында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері Сүйіндік Жанысбайдың «Алаш арысы Ақбаев» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Суреттер автордан

Басқосудың алғашқы құттықтау сөзін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Зарқын Тайшыбай алып, Сүйіндік Жұмабайұлын жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

– Бір нәрсені білген жөн. Алаш көсемдерін атағанда Әлихан Бөкейханнан бастау керек. Одан кейін Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды тұлғалар аталады. Мен Жақып Ақбаевты зерттеп, бірнеше кітап, көптеген ғылыми мақала жаздым. Сондағы түйгенім, ол өмірде өте алғыр, қайсар, қазақ және орыс тілдерін жетік білетін, интеллектісі өте жоғары, жанары өткір, мұнтаздай киініп жүретін патриот жан болған. Оның асқақ тұлғасын кеңірек насихаттау қажет, – деді Зарқын Сыздықұлы.

Конференцияның маңызды сәтінің бірі Сүйіндік Жанысбайдың «Алаш арысы Ақбаев» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Бұл мәртебе Зарқын Сыздықұлы, Қазақстанның Құрметті журналистері Сағат Батырхан мен Әли Тойжігітке бұйырды.

Автор Жақып Ақбаевтың өмірін зерттеуге оның туған жері Берікқарамен байланыстығы да себеп болғанын айтты.

– Мен де – осы өңірдің тумасымын. Жақып Ақбаев, Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековтің кіндік қаны тамған жерлер бір-біріне жақын орналасқан. Жақып Ақбаев туралы ғылыми еңбектер мен зерттеулер аз емес. Ал, мен оның өмір жолын көркем шығарма арқылы өрбітуді мақсат еттім. Кітапта тарихи деректермен қатар, ел аузындағы естеліктер мен шежірелік мәліметтерді де қамтуға тырыстым. Бұл бағыттағы ізденісімді жалғастыру ойда бар. Осындай мазмұнды конференция мен тұсаукесер ұйымдастырып, еңбегіме құрмет көрсеткен кітапхана ұжымына және бүгінгі жиынға қатысқан барша қауымға шынайы алғыс білдіремін, – деді жазушы.

Сағат Батырхан да Алаш арыстарының өмірі мен мұрасын кейінгі ұрпаққа танытудың маңызына тоқталды.

– Шын мәнінде, біз Алаш ардақтыларын кезінде толық танып-біле алған жоқпыз. Ұрпақ санасындағы осы олқылықтың орнын толтыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы жолда Сүйіндік ағамыздың атқарып жүрген еңбегі ерекше құрметке лайық. Архивтерден табылған тың деректер мен Мәскеу, Санкт-Петербург қорларынан алынған құнды құжаттар ұлт тарихындағы талай ақтаңдақтың бетін ашуға мүмкіндік берді. Бүгінгі конференция да – осы игі істің жалғасы. Әлихан Бөкейханнан кейін Жақып Ақбаевтың өмірі мен күрес жолы кеңінен таныстырылып отыр. Мұндай шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, Алаш мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Сүйіндік ағамыздан Алаш ардақтылары туралы әлі талай құнды еңбек күтеміз, – деді Сағат Батырхан.

Жиын барысында Жақып Ақбаевтың туысы, жазушының досы Бақыт Қойшыбеков, білім саласының ардагері Тілеуғалы Әміртай, жазушының апасы, журналистика ардагері Қарлыға Жұмабаева, жеңгесі Панар Ертәубаева, этнограф-ғалым Темірғали Аршабеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт және басқа да қонақтар Сүйіндік Жанысбайды жаңа кітабының жарық көруімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ал, самбодан Әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Жанат Байшолақов қаламгерге даңқты спортшы Қанат Байшолақов атындағы медальді табыстап, шығармашылық табыс тіледі.

Тұсаукесер рәсімінің соңы студенттер арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Студенттер арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысы бойынша І орынға Астана халықаралық университетінің студенті Юсуф Несіпбек ие болды. ІІ орын Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Алуа Қанатқызына, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері Әйгерім Рақымжан мен Мирас Серікке бұйырды. Ал, ІІІ орынды Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Аяжан мен Саяжан Сәрсембаевалар, Орталық Қазақстан академиясының студенті Альбина Бектуринова, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері Ердос Құсылбеков пен Дариға Холдорова иеленді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button