Заң білген зардап шекпейді
Құқығы бұзылған сәтте кез келген азаматтың ең алдымен іздейтіні – теңдік. Осы жерден бір сәтке кідіре тұралық. Сан сауалға бір жауап іздеп сансырамас бұрын, алдымен әркімге әділет әліппесі боларлық өз құқығын өзі білу, білмеген күннің өзінде білікті заңгерге жұгіну құқығы бар екенін еске саламыз. Бұл келелі мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы Халық Конституциясының 1 шілдеден бастап күшіне енуін жаңа тарихи кезеңнің маңызды белесі ретінде атап, «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамдық қатынастардың берік негізіне айналдыруды тапсырды.

Экономика алға екпін алғанында, оның сан тарау түйткілдерін реттейтін заңнама да бір орында тұра алмайды. Бүгінде өндіріс пен сауда, меншік пен кәсіпкерлік, инвестиция мен технология арасындағы байланыс бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Мұндай жағдайда ескі құқықтық тетіктермен осы күнгі экономикалық міндеттерді шешу әсте қиын. Президенттің жаңа Азаматтық кодексті 2027 жылдың соңына дейін қабылдау жөніндегі тапсырмасы осы қажеттіліктен туындап отыр.
– Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қабылданды. Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде еліміз де түбегейлі өзгерді. Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Задында құқықтық көмек алыстағы мекеменің есігі қағылмастан, әрбір азаматтың өзіне жақындағаны маңызды. Әсіресе, заңгерлік кеңеске мұқтаж ауыл тұрғыны үшін мұндай мүмкіндіктің орны бөлек. Аймақта халықтың құқықтық сауатын арттыру және заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен азаматтарды қабылдау, арыз-шағымдарды қарау, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты назарда. Әділет департаменті мемлекет кепілдік берген заң көмегіне жүгіну, тұрғындарға тегін кеңес алу мүмкіндігін ұсынып келеді. Мәселен, тек өткен қазан айының өзінде жүздеген өтініш қаралып, адвокаттар мен заң кеңесшілері азаматтарға құқықтық бағыт-бағдар берген. «Е-Заң көмегі» жүйесі мен «Құқық кабинеті» жобасының енгізілуі орайлы мүмкіндікті шалғай елдімекендерге дейін жеткізуге қол жеткізді.
Иә, құқықтық мәдениет бір күнде қалыптаспайтыны аян. Сондықтан жас ұрпақтың заңды білуіне, өзгенің құқығын құрметтеуіне және әр әрекетіне жауапкершілікпен қарауына айрықша мән беріліп отыр. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары осы бағыттағы жұмысты бірлесе жүргізуде. «Заңды білу, құқықты құрметтеу және жеке жауапкершілікті сезіну» атты тақырып шеңберінде мектептер мен колледждерде танымдық дәрістер ұйымдастырылып, «Құқықтық дәріхана» акциялары өткізілді. Нәтижесінде 150-ден астам адам тегін заңгерлік кеңес алды. Полиция, прокуратура және әкімдік өкілдері жастарға буллинг, интернет-алаяқтық, кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі секілді өзекті мәселелерді түсіндіріп келеді. Мұндай келелі кездесулердің түпкі мақсаты – құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын, оның алдын алатын саналы ұрпақ қалыптастыру.
Құқықтық көмекке мұқтаж адам үшін уақыттың әр минуты қымбат. Мұндайда заңды қорғаудың жолы күрделі рәсімдер мен түсініксіз талаптардың тасасында қалмауға тиістігін ескереді тұрғындар. Әдетте кейбір азаматтар шағым беру тәртібінің күрделілігіне, өтініштерді қараудың ұзақтығына әрі мемлекеттік қызметтердегі бюрократиялық кедергілерге кезігіп жататындығын да жасырмады. Осы тақылеттес жағдайда құқықтық сауаттың кемдігі азаматтың өз құқығын қорғау мүмкіндігін одан әрі шектей түседі. Заңда көзделген мүмкіндікті білмеген адам кейде әділдікке қол жеткізуге болатынына күмәнмен қарап, талабын аяқсыз қалдырады. Цифрландыру осы олқылықтардың орнын толтыруға жол ашқанымен, технологиялық мүмкіндіктердің игілігі барлық тұрғынға бірдей жетуі қажеттігі қылаңытады. Әсіресе, ауылдық елдімекендердегі интернет сапасы мен цифрлық сауат мәселесі осы бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі болып қала бермек.
– Конституцияның 12-бабында әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бекітілген. Атаулы ретте нотариат саласының да азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етудегі орны айрықша. Бүгінде нотариаттық қызмет біртіндеп сандық форматқа көшіп, жұмыс үдерісі жаңаша сипат алып келеді. Мәселен, сенімхат рәсімдеудің өзі электронды журналға тіркеуден басталады. Мұндай жаңашылдық мамандардың жұмысын жеңілдетіп, қызмет көрсету тәртібін оңтайландырғанымен, кәсіби жауапкершіліктің салмағын кемітпейді. Керісінше, әрбір құжаттың заң талаптарына сай рәсімделуі бұрынғыдай мұқияттылықты қажет етеді. Ең бастысы, азаматтар құқықтық мәселе туындаған сәтте маман көмегіне жүгінуден қысылмай, қажетті кеңесті дер кезінде алуы керек, – дейді облыстық аумақтық нотариаттық палатасы басқармасының мүшесі Қанағат Татиева.
Заңды білмеу адамды жауапкершіліктен босатпайды. Бұл – аксиома. Құқықтық сауат – әр азаматтың өмірлік қажеттілігі, қоғамның өркениеттік өлшемі. Өз құқығын таныған адам әділетсіздік атаулысына көз жұма қарамайды. Керісінше заңды жолмен қорғана алады және айналасындағылардың да құқығын бек құрметтейді. Мұндай мәйекті мәдениетті қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы, заңгерлердің білікті көмегі және азаматтардың белсенді ұстанымы әсте-әсте бір арнаға тоғысып келеді. Президент Жолдауындағы «Заң мен тәртіп» қағидатының түпкі мәні де осында.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



