Өнер өріндегі өнегелі өмір
Өнер – жүрекке жол табатын рухани құндылық болса, сол өнерге бар ғұмырын арнаған жандар – ел құрметіне лайық тұлғалар. Мәдениет саласында табан аудармай еңбек етіп, өнердің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан осындай жандардың бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Бұқар жырау ауданындағы Доскей аулының мәдени өміріне 20 жылдан астам ғұмырын арнаған Дариға Біләлова. Жақында Доскей ауылдық Мәдениет үйінде осынау аяулы жанның шығармашылық жолына арналған «Өнер өлкесінің өр тұлғасы» атты тағылымды шығармашылық кеш ұйымдастырылды.

Бұл кеш бір адамның өнер жолын дәріптеу ғана емес, мәдениетке адал қызмет етудің, ұрпаққа өнеге болар еңбектің қадірін ұғындыратын ерекше тағзым кеші болды. Салтанатты шара барысында Дариға Рахымқызына аудан әкімінің атынан Құрмет грамотасы табысталып, көп жылғы еселі еңбегі мен мәдениет саласына қосқан зор үлесі лайықты бағаланды.
Кештің қадірлі қонақтарының бірі ұзақ жылдар бойы аудандық мәдениет бөлімін басқарған, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Мүгілсім Шибаева болды. Ол осы кешке арнайы қатысып, Дариға Рахымқызын жүрекжарды лебізімен құттықтап, бірге қызмет атқарған жылдардан сыр шертті. Сонымен қатар, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қали кеш иесінің иығына шапан жауып, арнайы сый-сияпатын табыстады.

Мерейтой иесіне деген құрмет пен ізгі тілектер легі жалғасын тауып, Доскей ауылдық округінің әкімі Рүстем Исаинов, ауылдық кітапхана меңгерушісі Айтбала Ибраева, «Мирас» балалар өнер мектебінің директоры Бибігүл Досмағамбетова және ауылдық Мәдениет үйінің ұжымы арнайы құттықтау лебіздерін білдіріп, Дариға Рахымқызына гүл шоқтарын табыстап, сый-сияпаттарын тарту етті.
Кештің өн бойында Дариға Рахымқызымен тағылымды сұхбат өрбіп, оның өнер жолындағы алғашқы қадамдары, шығармашылық ізденістері, есте қалған сәттері мен мәдениет саласындағы қызықты оқиғалары көрерменмен бөлісілді. Әрбір естелік пен айтылған әңгіме кейінгі буынға үлкен сабақ, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін өнегелі ойларға толы болды.

Шара барысында Доскей ауылдық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, әсем әуендерімен кештің ажарын аша түсті.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі Дариға Рахымқызының өзі бір кездері бірге қызмет атқарған әріптестеріне арнайы дайындаған сый-сияпатын табыстауы болды. Бұл – оның тек өнерге ғана емес, адамға, әріптеске деген құрметі мен кең пейілінің айқын көрінісі. Өмір жолында бірге еңбек еткен жандарды ұмытпай, олардың әрқайсысына ықылас білдіруі кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы



