Қазақстан туризмді дамыту рейтингінде 56-орынға тұрақтады
Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) дайындаған 2026 жылғы саяхат және туризмді дамыту рейтингінде 110 елдің ішінде Қазақстан 56-шы орынды иеленді. Еліміз мүмкін жеті балдан 4,09 балл жинады, деп хабарлайды Оrtalyq.kz kazinform агенттігін сілтеме жасап.

Саяхат және туризмді дамыту индексі (Travel & Tourism Development Index, TTDI) келуші туристердің санын және саланың кірістерін ғана емес, бәсекеге қабілетті, тұрақты туризмді дамыту үшін елде жасалған жағдайларды бағалаған. Рейтингті жасау кезінде 17 бағытқа біріктірілген 102 көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде көліктік қолжетімділік, инфрақұрылым сапасы, туризм саласындағы мемлекеттік саясат, инвестициялық тартымдылық, табиғи және мәдени ресурстар мен экологиялық тұрақтылық бар.
Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан 4,09 баллмен және әлемдік рейтингте 56-шы орынмен І орынды иеленді. ІІ орында – Өзбекстан. Ол 3,69 ұпай жинап, әлемде 76-шы орынға ие болды. Қырғызстан 93-ші орында 3,44 ұпай жинаған. Зерттеуде Тәжікстан мен Түрікменстан ұсынылмаған.
Әлемдік рейтингте Жапония 5,27 ұпаймен көшбасшы болды. ІІ орынды АҚШ (5,23), ІІІ орынды Испания (5,22) иеленді. Алғашқы ондыққа Австралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария және Италия енген. Рейтингтің төменгі жағында Мали, Сьерра-Леоне және Камерун тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан халық пен бизнес үшін мүмкіндіктер бойынша топ-50 елдің қатарына кірген болатын. Сонымен қатар, ел әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына енді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



